Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шығармашылық емтихандар басталды

Шығармашылық емтихандар басталды

Биылғы талапкерлер университетке түсу үшін  құжаттар тапсырып, оқу жылының басталуын күтуде, ал кейбірі шығармашылық емтиханға қатысып өз бақтарын сынауда.  Бүгінгі күні Жұбанов университетінің «Хореография», «Музыкалық білім», «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау»,  «Дизайн», «Дене шынықтыру және спорт» мамандықтары бойынша оқығысы келетін талапкерлер үшін емтихандар басталды.

Кәсіби-шығармашылық факультетінің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының тәжірибелі оқытушыларының комиссиясы 70-ке жуық талапкерді емтиханнан өткізді.

Айта кетейік, қазіргі карантин жағдайына байланысты шығармашылық емтихандар онлайн түрде ZOOM платформасы арқылы және Offline  режимінде өтуде.  Offline режимінде  емтиханға қатысушылар белгіленген кестедегі уақыт көлемінде өзі орындайтын екі шығармасын сапалы, талапқа сай бейнежазбаға түсіріп,  жолдады.  Сонымен қатар онлайн емтихан барысында талапкерлерге  жұмыс істейтін бөлмеде бөгде адамдардың болуына тыйым салынды.  Шығармашылық емтихандар бірнеше күн бойы өтеді. «Музыкалық білім» және «Хореография» мамандықтары бойынша 13 шілдеге дейін  өздерінің қабілеттерін көрсетеді.

—  Емтихан кезінде комиссия мүшелері ұжымдық пікірталас барысында талапкерлердің емтихан жұмыстарын бағалайды. Талқылау қорытындысы бойынша талапкердің орташа емтихан балы есептеледі.  Ең алдымен, шығармашылық пен орындаушылық мүмкіндіктерге қараймыз. Өтінім берушілер де әртүрлі:  музыка мен  биге қызығушылық танытып, шын мәнінде өздерін сынап көргісі келетіндер бар. Қалай болғанда да, олар бізге арнайы келіп отыр.

Ерекше айта кететін жайт, былтырғы жылы ректор Бауыржан Ердембековтің бастамасымен «Жұбанов керуені» жобасы аясында облыстың барлық ауыл-аймағын аралап, түлектерге кәсіби бағыт-бағдар беруде біраз жұмыстар жүргізілген болатын. Сол жұмыстың нәтижесінде бірқатар аудан түлектері мен «Құдайберген Жұбанов атындағы грант» иегерлері осы шығарамашылық мамандықта өз бақтарын сынауда. Сонымен қатар, Атырау, Қызылорда өңірлерінің мектеп түлектері де бар, — деді «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының меңгерушісі Жайнагүл Қартбаева.

Кафедра меңгерушісінің сөзіне сүйенсек,  биылғы оқу жылында «Музыкалық білім» мамандығы бойынша дәстүрлі ән, орындаушылық траекториясы  ашылады.  Сонымен қатар аталмыш кафедрада жас музыканттардың ғылыми үйірмесі, студенттік хор, «Ақжелең» ұлт-аспаптар оркестрі, «Гулнар би» ансамблі үйірмелері жұмыс жасайды.

 

P.S. «Музыкалық білім және хореография» кафедрасы  — «Музыкалық білім» және «Хореография» мамандықтары бойынша қызмет етеді.  Қазіргі уақытта кафедрада  ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері, ғылым кандидаттары, PhD докторлар,  концертмейстер  мен оқытушы-магистрлер жұмыс жасайды.

Кафедраның профессор-оқытушылық құрамы жоғары кәсіби мамандармен қамтамасыз етіліп, оқу үрдісінде сапалы тәрбие мен білім беруде.  Сондай-ақ,  профессорлық-оқытушылық құрамы заманауи талаптарға сай кәсіби шеберліктің жоғары деңгейінде педагогикалық кадрларын дайындау мақсатында табысты жұмыс істейді.