Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жас суретшілер мен дизайнерлер емтихан тапсырды

Жас суретшілер мен дизайнерлер емтихан тапсырды

Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты сақтық шараларын қатаң сақтау негізінде емтихан тапсыру жүйесіне өзгерістер енгізілген болатын. Соған орай Жұбанов университетінде  шығармашылық емтихандар  онлайн форматқа ауыстырылды.  Бұл ретте «Дизайн»,  «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау» мамандықтары бойынша да шығармашылық емтихандар ZOOM платформасы негізінде онлайн жүзеге асты.

Шығармашылық емтихан кезінде талапкерлердің басым көпшілігі бейнелеу өнерінің заңдылықтарын практикалық тұрғыда жоғары дәрежеде меңгергендігін көрсете білген. Сондай-ақ, емтихан барысында талапкерлер колориттік қатынастарды берілген қойылымда әсерлі етіп шығаруға тырысқан.

— Емтиханға еліміздің әр өңірінен, Қызылорда, Ақтау, Атырау және өзге де облыстардан шығармашылықтың шыңына ұмтылған жастар, талапкерлер қызығушылық танытып отыр.

Ойшыл ғалым Жүсіп Баласағұни айтқандай, «Қай істе де өнер — қолдан: Өнерлі адам жеңер болған» деп,  болашақ мамандығына ұмтылған, сапалы терең  білімді меңгеруге талпынған, сонымен қатар  Әбілхан Қастеевтей дарынды суретші болуды армандаған ел жастарының  қиялының ұшқырлығында шек жоқ. Олардың арасында  «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері де бар, — дейді «Көркем еңбек және дизайн» кафедрасының меңгерушісі Мергембай Кургамбеков.

Кафедра меңгерушісі Мергембай Кургамбековтің айтуынша,  «Визуалды өнер, көркем еңбек, графика және жобалау» мамандығына  оқуға түсуге  50 талапкер ниет білдірсе, ал «Дизайн» мамандығына оқуға түсу үшін 112  түлек құжат тапсырған.

Айта кетейік, болашақ суретшілер мен дизайнерлер үшін шығармашалық емтихан 2020 жылдың  13 шілдесіне дейін жалғасады.