Воскресенье, Сентябрь 15, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ішкі сарайы ашық азамат еді

Ішкі сарайы ашық азамат еді

ІШКІ САРАЙЫ АШЫҚ АЗАМАТ ЕДІ   Ғалымжан Жұмабайұлымен 2000 жылдардың басында Астанада, дәлірек айтсам, Еуразия университетінде таныстым. Парламент депутаты болғаныммен, бұл жұмыстың уақытша екені белгілі, сондықтан негізі ғылыми – педагогикалық қызметтен қол үзбейін деп, сол университетте дәріс оқып жүрдім. Сағаттарым көп емес, бірақ апта сайын барып тұрамын. Сол кезде «Амангелді аға, мен сізді сырттай білемін, сәлемдесудің реті келмей жүр еді, мен Нұрышев Ғалымжанмын, осы оқу орнының проректорымын» деп, өзін таныстырған еді. Мен де Ғалымжанды  сырттай білетінмін. Танысуымыз осылай басталды.

   Танысып-біліскенімізден кейін жиналыстарда, университетте кездесіп қалып жүрдік. Мен де сабаққа асығыс келіп, асығыс кетемін, Ғалымжан да қайнаған жұмыстың ортасында жүреді, жақынырақ танысуға уақыт бола бермейді. Оның үстіне ол жершіл, рушыл адам емес екен, ананы-мынаны сылтауратып, бауырласудан гөрі, оған адамның ішкі дүниесіне үңілетін қасиет тән екенін байқадым. Ал Астанада «Ол біздің елдің жігіті» деп бөліну жиі байқалады.

   Уақыт осылай өтіп жатты. Бір кезде мәжілісте Ақтөбе, Павлодар, Семей, Костанай, Тараз қалаларында университтерден педагогикалық институттар қайтадан еншісін алып, бөлек шығатыны белгілі болды. Парламентте үлкен пікірталастар өрбіді. Бірақ бір мәселе ойландырды: мұғалім мамандығы ерекше мамандық, ол университеттерде тасада қалып, көп мамандықтың бірі болып келеді. Оның мәртебесін көтеру үшін аймақтарда педагогикалық институттарды қайтадан ашу мәселесі  туған. Сондықтан бірте-бірте мен бұл ұсынысты қолдауды жөн көрдім.

   Бір кездескенде сол кездегі министр Ж. Күлекеев: «Ақтөбеге Ғалымжан Нұрышев деген жігітті ректор етіп тағайындадық», — деді. Ақтөбеге келген сапарымда бірден Ғалымжан Жұмабайұлының кабинетіне барып құттықтадым. Қуанып қалды. Содан кейін оған өзімді толығырақ таныстыру керек болды. Әдетте сырттан келген адам кім де болса қандай елге, ортаға келдім деп ойланады, киналады, адамдар танысқанша, түсініскенше уақыт керек. Мен Ғалымжанға: «Ақтөбе – дау-дамайдан, жікке бөлінуден, бөтенді жатсынудан аулақ ел. Менің Ақтөбеде туысым жоқ, ел мені қолдады, өсірді. Институтпен бірге біз де өстік, қатардағы мұғалімнен ғылым докторы, профессорға дейін, тіпті міне, осы ел мені Парламентке де сайлады. Еңбек етсең, өзіңді де ел бағалайды» дедім. Ақтөбеден өскен талай ақтөбелік емес азаматтарды мысалға келтірдім. Сол кездегі ақтөбелік Парламент депутаттарының бірі Астрахань облысының, бірі Орынбордан, енді біріміз қызылордалық екенбіз.

   Содан былай Ғалымжанмен тығыз байланыста болдым. Ж.Күлекеев, одан кейін келген министр Бірғаным Айтымова да, Ақтөбеден келген жұмыс сапарынан кейін кездесіп қалғанда, пединституттың жағдайын сұрап-біліп, өздерінің де Ғалымжанның жұмысты сәтті бастап кеткеніне риза екендерін білдіретін. Көп ұзамай Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының еліміздің жоғары оқу орындары ішінде өз мәртебесі бар екендігі белгілі бола бастады. Астанадан Ақтөбеге келгенімде сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықов: «Ғалымжан – іскер, облыстың саяси, мәдени шараларына араласып, өз үлесін қосатын азамат, институт талай игі істердің орталығына айналды» дегені есімде.

   «Ат айналып қазығын табады» дегендей, мен де Ақтөбеге оралам деп жүргенмін. 2010 жылы мамыр айында осы ойыммен Ғалымжанмен бөліскенімде, ол бірден мақұлдады. Осылай 2010 жылдың қыркүйегінен бастап бірге жұмыс жасадық.

   Ғалымжанның жұмыс стилі, өз ортасымен араласуы, пікірлесуі, мәслихаттар өткізу мәдениетімен жақын таныстым. Бүгінде Махамбет айтқандай: «Қарайғанның, жігіттер, Бәрін кісі демеңіз», — деп жоғары оқу орындарын басқарып жүрген талай ректорлар бар. Оның ішінде бар тіршілігі ақылы оқудан түскен ақшаны бөлумен ғана айналысып, оқу орнын коммерциялық мекемеге айналдырғандар,  үстінен бөзі,  аузынан сөзі түскен, бірақ менменшілдер де бар. Ал негізінен ректорлардың басым көпшілігі парасатты, білімді азаматтар. Сол қатардың алдында біздің Ғалымжан Жұмабайұлы бар еді. Оның ең басты бір қалдырған ізі университеттің көп мамандығының бірі болған педагог мамандығын өз тұғырына орнатуы еді. Қай пәннің мұғалімі болса да, ол – жас ұрпақтың тәрбиешісі, демек елдің тәрбиешісі. Осы идеяны ол әр мұғалімнің санасына мықтап сіңіруге күш салды. Осыдан да болар, Ғалымжан Жұмабайұлы елімізде алғашқы болып «Дінтану» пәнін өзі бастап барлық мамандықтарға енгізуді қолдады. Ол пәннің мәртебесі философия, саясаттану, әлеуметтану пәндерімен бірдей, толыққанды, студенттер ықыласпен оқитын пәнге айналды. Ақтөбе өңірінің жүртшылығы, ата-аналары бұл бастаманы мақұлдап қызу қолдады.

   Педагогикалық институттар, сондай-ақ басқа да бір салалы жоғары оқу орындарының бірқатары ақылы оқытудан көп пайда таба алмайды Мұғалім, дәрігер, мәдениет салалары мамандықтарының бүгінгі заман беделін түсірді. Көп салалы университеттердің кейбіреулерінде ақылы оқу 70-80% асып жатса, педагогикалық институттардың 70% дейінгі оқитындары, ақысыз грантпен оқитындар. Қаржы тапшылығынан олардың құрылыс салуға, материалдық базасын кеңейтуге мүмкіндіктері бола бермейді. Ғалымжан бір сөзінде маған: «Ақылы оқудан түскен қаржыны жинап, институт ғимаратын жөндеуге мүмкіндік енді келіп жатыр» деген. Ол жұмыстар көзі тірісінде басталып та кеткен.

   Мен Гүлімханмен оның социологиядан дайындаған докторлық диссертациясына байланысты таныстым. Еңбектің әлеуметтік мәселелеріне арналған, тиянақты дайындалған жұмыс екен. Ол бүгін өткір мәнге ие. Өкінішті-ақ! Автор өмірден озып кетті.

   Ректор білген адамға ол – тұлға, студенттердің ғана емес, елдің де тәрбиешісі, одан үлгі алушылар аз емес. Келбеті келген азамат айналасын да өзіне тартып тұратыны анық. Сондықтан да Ақтөбе пединституты Ғалымжан ықпалымен кезінде Мұхтар Арынов заманындағыдай мәдени, ғылыми шаралардың ұйтқысына айналды, талай Қазақстанға белгілі азаматтардың жастармен кездесетін орны болды. Облыстағы, республикадағы маңызды саяси шараларға да Ғалымжан белсенді араласты, елдің танымал азаматы, қайраткері болды. Сондықтан ел оны облыстық маслихатқа бірнеше рет депутаттыққа сайлады.

   Ғалымжан ішкі сарайы ашық, көңілінде қаяу жоқ, ешкімге жамандық ойламайтын, ақжарқын азамат еді. Кездесіп қалған тұстарда екеуміз елдегі саяси-экономикалық ахуал төңірегінде көп сырласатынбыз. Референдум, президент сайлауы, Мәжіліс сайлаулары төңірегінде, кейде бір пікірге келіп, кейде ойымыз үйлеспейтін де тұстары болатын. Ғалымжанның да ішіне түйген көп сырлары барлығы, ой әлемі, танымы кең, қазақтың биік мұратын аңсайтын азамат екендігін білдім. Өмірден озарының алдында ғана «Деловая неделя» апталық газетінің 2012 жылғы 13 шілдедегі санында Ғалымжанның «Двигатель развития государственного языка – национальный дух» атты мақаласы жарық көрді. Мақаланың түйіні – қазақ тілінің тағдыры қазақтардың өз қолында, тіпті қазақтың табиғи болмысында. Оқу орындары сол мүмкіндікті ақиқатқа айналдырушы фактор делінген.

   Оның жұлдызды жылдары әлі алда еді.

   Не шара, бұл тағдырдың жазғанына! Ойламаған жерден Ғалымжан мен Гүлімхан екеуі бірдей бұл жалған дүниеден өтті. Тағы да ақын Махамбеттің «Тәңірім білер, жігіттер, Ажалымыз қайдан-ды! – деген сөздері ойға оралады.

   Тағдырдың әмірі, осылай, болжаусыз…

Амангелді Айталы

  философия ғылымдарының докторы,

профессор

http://taisoigan.kz/rukhaniyat/article_post/ishki-sarajy-ashykˌ-azamat-edi?fbclid=IwAR3ZWobP-HXgFc8EeNDoAOp9jcHtNP9v9CdWutb2kppFAE4fkeUbHOgeuPk