Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Әлеуметтік қолдау мен тәрбие: Үнемі жетілдірілетін басым бағыттар

Әлеуметтік қолдау мен тәрбие: Үнемі жетілдірілетін басым бағыттар

Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы – жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі – жастарды ұлжандылыққа баулу маңызды іс саналады. Өскелең ұрпақты тәрбиелеумен қатар олардың жаңалықты бастамаларын қолдау қоғам үшін әр уақытта өзекті. Қазіргі таңда жоғары оқу орындарының алдында тұрған ең маңызды мәселелердің бірі – кейінгі буын өкілдерінің бойына рухани және адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, әлеуметтік әлеуетін дамытуға ерекше жағдай жасау. Бұл бағытта 85 жылдық тарихы бар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде нақты жұмыстар қолға алынған.

Аталмыш университеттегі тәрбие жұмысы және әлеуметтік қызмет – жас буынның кәсіби білім алуына, өзін-өзі дамытуына, жетілдіруіне, қоғамдағы белсенді әлеуметтік бейімделу қабілеттілігін арттыруға, қазіргі замандағы қажеттіліктер мен құндылықтар жүйесіне, әлемдік және отандық мәдениеттің дәстүрлеріне бағытталған тұлғаның үйлесімді дамуы және қалыптасуы үшін жағдай жасауға бағытталған қызмет. Тәрбие жұмысы және әлеуметтік қызмет – білім алушылардың және профессорлар мен оқытушылар құрамының қоғамдық істерінде білім беру, ғылыми-зерттеу және ұйымдастыру-басқару үдерістерімен ұтымды үйлестірілген түрде жүзеге асырылады. Ең бастысы бұл – студент жастарға кәсіби білім беруге, дамытуға, дұрыс тәлім-тәрбие беруге және әлеуметтік қорғауға бағытталған.

– Бұл жерде біздің жаңашылдығымыз – студенттердің өзін-өзі басқаруына көңіл бөлу. Мәселен, Студенттік парламент жұмысында студенттер проблемаларын өз ортасында талқылап, шешімдерін университеттің ғылыми кеңесіне шығару, университет басшылығына жеткізіп күрделенген мәселелерді тез арада шешуге өз септігін тигізеді. Сондай-ақ, студенттердің тәртіптік кеңес арқылы оқу барысында немесе жатақханада қандайда бір тәртіп бұзушылықтарды анықтап, өздерін-өзі тәрбиелеуге мүмкіндік берілген. Бұл шаралар болашақ маманның жеке тұлға ретінде қалыптасуына өз септігін тигізері сөзсіз, – дейді университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев.

Білікті басшының айтуынша, оқу орнында 2018-2021 жылдарға арналған «Тәрбие» тұжырымдамасы қабылданған. Бес басымдық бойынша топтастырылған құнды құжаттың әрбір бағыты бойынша жеке жоспарлар құрылып, кешенді жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Ұлттық тәрбиеге бағытталған ілкімді істерге университет базасында құрылған облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі үлкен әдістемелік көмек көрсетуде. Тарихи өңірден шыққан көрнекті тұлғаларды насихаттау мақсатында біздің жоғары оқу орнында «Ақтөбе ақтаңгерлері» жобасын жүзеге асыру бағытында, университет ғимараттарына танымал азаматтардың есімдері (бас оқу ғимаратқа профессор Мұхтар Арынның, тарих факультетінің ғимаратына профессор Бекежан Сүлейменовтің, филология факультетінің ғимаратына халық ақыны Нұрпейіс Байғанин) берілді. Және мемлекет және қоғам қайраткерлерінің атындағы заманауи озық технологиямен жабдықталған 19 арнайы оқу кабинеттері ашылды.

Университеттегі эндаумент қоры және жаны жомарт меценаттардың қолдауымен Нұрсұлу Тапалова, Рабиға Сыздық, Досжан қажы Хазірет, эндаумент қорының демеуімен Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Әлім Алмат, Елтоқ сынды тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атындағы дәрісханалар танымдық-тәлімдік маңызы зор орталықтарға айналып отыр. Соңғы кезде ашылған «Жұбанов жастары» аллеясы, жаңғыртылған Жастар сарайында кинозал, «Атриум» көрме залы және «Мәңгілік ел» конференц-залы университетте жүргізілетін тәрбиелік шаралардың пәрменділігі мен тиімділігін арттырып отыр.

Білім мен ғылым – барлық адамзаттың жетістігі мен рухани байлығы десек, ал оның даму деңгейі – мемлекет қуатының өлшемі сынды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жоғары білімді мамандар даярлау мен білім ордасының ғылыми шығармашылық әлеуетін арттыру бағытындағы жүйелі жұмысын жаңашылдықпен жетілдіруде. Атап айтқанда жастарды білім мен ғылымға, шығармашылық пен зияткерлікке баулумен қатар, оларды кәсіпкерлікке үйрету нақты жолға қойыла бастады. Дәйекті дәлел ретінде «Заман біздікі элиталар одағы», «Ритор» пікір –сайыс клубтары, «Медмар» бизнес және маркетингті дамыту студенттік клубы, «Жас Отан» ЖҚ, «Ақжелен» студенттік домбырашылар оркестрі, «ARSU League» студенттік шағын футбол лигасы және университеттің еріктілерін біріктіретін бес волонтерлық клубның атқарған ізгілікті істерін алға тартуға болады. «Жұбанов жылуы», «Ізгілік елшілері», «IT Volonteer», «ECOARSU», «Volonteer-2020», «INVO» сынды 20-ға жуық үйірмелер мен клубтар әрбір жастың өзінің мамандығына, икеміне сай жұмыс жасауда.

Сондай-ақ, білім ордасында тәрбие жұмысын жетілдіру бағытындағы соңғы бір-екі жылда жаңа құрылымдардың жұмысы жолға қойылған. Мәселен университетте Студенттік парламент, Студенттер үйіндегі студенттік тәртіптік кеңес, Кураторлар кеңесі, Жастар ісі жөніндегі комитет құрылып, жұмыс жасап жатыр. Жоғарыда аты аталған ұйымдар мен клуб мүшелері елімізде төтенше жағдай жарияланған тұста қажетті шараларды қолға алды. Бір ғана мысал ретінде ProActivе академиясының қызметін алар болсақ, өзінің аты айтып тұрғандай «Әсіре белсенді» жастарды тәрбиелеп шығаруда орасан зор үлес қосуда. Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті жанынан құралған ProActive академиясы «ProActiveTime.» жобасын онлайн және офлайн форматында студенттік топ басшыларымен (староста) өзекті мәселелерді анықтау, олардың оқшаулану кезіндегі күнделікті өмірлері туралы еркін форматта диалог құру, студенттік өзін-өзі басқарудағы топ басшының рөлін жетілдіру, парасаттылық қағидарын ұстану, студенттердің бойындағы өмірлік маңызы бар дағдыларын шыңдау бойынша тренингтер ұйымдастыруда.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалымен бірлескен оқытушылар мен студенттерге психологиялық көмек беру мақсатында «Денсаулық психологиясы» жобасы жүзеге асырылды. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың барша отандастарымызған ұсынған «Бес әлеуметтік бастамасы» бойынша біздегі білім алушылар жатақханамен толықтай қамтамасыз етілуде. Жалпы төрт студенттер үйіндегі 2500 орын қажетті тұрмыстық техникаларға қоса тиісті жиһаздармен жабдықталған. Білім алушыларды әлеуметтік қолдаумен бірге денсаулығына жете көңіл бөлініп келеді.

Қазақстан аумағында төтенше жағдай жариялануына байланысты қашықтан оқуға көшуімен қатар бірнеше әлеуметтік мәселелер туындағанын баршаға белгілі. Бірінші кезекте универсиеттің қызметкерлері мен студенттерінің арасында індеттің таралуына жол бермеу үшін жедел шаралар қолға алынды. Оқу ордасының тігін цехында қызметкерлерге арнап маскалар мен университеттің химик-технолог мамандары университет зертханаларында антисептик дайындады. Қызметкерлер үйден алаңсыз жұмыс жасау үшін олар компьютер, ноутбуктармен қамтамасыз етілді. Төтенше жағдай басталған күннен бастап университет ректоры Бауыржан Ердембековтің тарапынан «Біз біргеміз, Індетті бірге жеңеміз!» ұранмен әлеуметтік қолдау үшін барлық қызметкерлерге сыйақы тағайындалды. Бұлардан тыс кәсіподақ ұйымы төтенше жағдай кезінде қиын жағдайда қалған ардагерлер мен кіші қызметкерлерге қаржылай көмектесті. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал ауданында болған апатқа байланысты студенттеріміз бен қызметкерлеріміз алғашқылардың бірі болып, көмек қолын созды.

Сондай-ақ, қашықтан оқытуға көшкен күннен бастап, оқу орнының әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті жанынан Жастар ісі жөніндегі комитет, Студенттік парламент, «Парасаттылық мектебі», «Саналы ұрпақ» клубының белсенділерімен бірлескен штаб құрылып, қашықтан оқытуда кездесетін қиындықтарды жедел анықтап, тез арада шешу жолдарын қарастырды. «Жұбанов парасаттылық ордасы» жобасы аясында «Саналы ұрпақ» клубы және «Парасаттылық мектебі» белсенділері студенттер арасында онлайн кездесулер мен бірге офлайн сауалнама, зерттеу жұмыстарын жүргізіп отырды. Ал, цифрландыру процесіне «IT-волонтер» клубы зор үлесін қосуда. Физика-математика факультетінің «IT CLUB» жас мамандары мен студенттерінен құралған клуб ютуб желісінен «IT-волонтер» каналын ашып білімгерлер мен педагогтерге қашықтан білім алудың тиімді платформалары мен пайдалы ресурстар туралы үлкен әдістемелік көмек беруде.

«Жеңілдіктер туралы ережеге» сәйкес университетте ата-ана қамқорлығынсыз қалған студенттерден басқа оқуда озаты, шығармашылық, спорттық жетістіктерге жеткен студенттерге халықаралық, республикалық пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар, шығармашылық байқау жеңімпаздарына, шетелдегі қазақ диаспорасына университет тарапынан түрлі көмектер көрсетілуде. Университет ректорының студенттермен дәстүрлі кездесуі жаңа оқу жылы басталғанда және бірінші академиялық кезең аяқталғанда дәстүрлі түрде ұйымдастыру қалыптасқан. Жүздесуде ректор Бауыржан Ердембеков жастардың көзқарастары мен пікірлерін тыңдап, өзге де мәселелер төңірегінде өзіндік ақыл-кеңестерімен бөліседі.

Басқосу барысында кейнгі буын өкілдері көкейлеріндегі толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныстарын да жеткізеді. Бұл ретте университет басшысы білім шаңырағының беделін көтеру, өскелең ұрпақтың белсенділігін арттыру бойынша студенттер тарапынан айтылған ұсыныстарын назарға алып, барлық бағалы бастамаларына қолдау жасап жүр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті – тек қана білім ордасы ғана емес, өңірдің экономикалық, әлеуметтік дамуына үлес қосатын орталыққа айналатыны сөзсіз. Корпоративтік мәдениет дегеніміз, ортақ мақсатта бірлігін бекемдеу арқылы барлық бағыттағы сапаға қол жеткізуді көздейтін үлкен ұғым.

Бірінші – білім берудегі сапа, екінші – бітірген маманның сапасы, үшіншіден оқытушы-профессорлық құрамның сапасы. Осы орайда біртұтас сапаға қол жеткізу үшін батыс өңірдегі жетекші білім ордасының бірегейі бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару арқылы ұйымшыл ұстаздар ұжымы екендіктерін жан-жақты танытуда. Қорыта келгенде, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің тәрбие жұмысының стратегиясы – жоғары оқу орнының студенттің тұлға ретінде қалыптасу үдерісіне белсенді қатысуына бағытталған. Ұлттың бүгіні мен келешегі – белсенді жастардың қолында дейтін болсақ, рухани құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ ғана тәуелсіз ел баянды болашағын қалыптастыра алады.

Бүгінгі ұл-қыздарымыз салауатты өмір салтын ұстанып, мемлекеттің индустриялық-инновациялық дамуына сүбелі үлесін қосса, қоғамға пайдасын тигізіп, сапалы, терең білім алуды басты міндетіне айналдырса, келешегіміздің кемел болары сөзсіз. Күш-жігерлері мен қайрат қарымын жұртымыздың өркендеуіне жұмсайтын бәсекеге қабілетті әрі жігерлі жастары бар зайырлы қоғам мақсатты межеге жетері анық.

 

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің ӘМ ж ЖС департаменті

 

https://bilimdinews.kz/?p=111886