Жарық дүниені жалпағынан басып жүрген кезімізде жан дүниесі жарқырап көрініп тұратын қымбат адамдардың қадірі қашан да дараланып тұрады екен. Әсіресе, мына жалған дүниемен мезгілінен бұрын қош айтысып кеткендердің жарқын бейнелері мен тірі кезіндегі тірлігін көз алдыңа елестеткенде жаныңды уайым мен мұңның қара бұлты қаймықпай тұмшалап алады. Амалсыздан ол жайында қалың ойдың тұңғиығына батасың. Сондай ажары ашық, жаздай жадыраған мінездерімен, үлкенге де, кішіге де құрметтерімен, әрқашан иман үйірілген нұрлы жүздерімен кімді болсын өздеріне тартып тұратын жандардың бірі – экономика ғылымдарының докторы, профессор, педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Ғалымжан Нұрышев пен оның ғұмырлық серігі болған әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Гүлімхан Шөптібаева еді. Қазақ ежелден бері «алтын кездік қын түбінде жатпайды» деген қанатты қағиданы тектен-текке айтпаса керек. Артында іздеушісі бар ел-жұрты тұрғанда олардың аты өшпейді.
Жомарт жүректі, ізгілікті ойлайтын көңілі таза адамдардың жөні бір бөлек. Сондай болмысымен үлкен-кішіні тәнті еткен тұлғалар Ғалымжан Жұмабайұлы мен Гүлімхан Бәйкенқызы туралы ой қозғамақпын. Ағамыз бен апамыз туралы естелік жазамын деп тіпті де ойламаған екенмін…
Кез келген адам бойындағы жақсы қасиеттің бәрін отбасынан алады. Ұрпақтан ұрпаққа ауысып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, ұяңдық сияқты халқымыздың асыл қасиеттері атаның қанымен, ананың сүтімен бойға дариды емес пе?! Ғалымжан ағай да сондай өнегелі отбасының түлегі еді. Атамыз Жұмабай мен әжеміз Дәметкен дүниеге 6 бала әкелген. Атамыздың ғұмыры қысқа болып, дүниеден ерте кеткен екен. Атамыз қайтыс болған соң, отбасының барлық ауыртпалығы әжеміздің иығына түседі. Сөйтіп, оған шиеттей бала-шағаға әрі әке, әрі ана болуға тура келген. Бүгінде ол тәрбиелеген бес ұл, бір қыз қазақтың саналы азаматтары ғана емес, қоғам қайраткерлері болып қалыптасты. Ұл мен қыздары да саналы болып өсті. Бәрі де шаңырақ иесіне еліктеп, ес білгеннен шаруаға бейім болды. Ұлдары ер жетіп ұяға, қызы бойы жетіп қияға қонды. Әжеміздің жанынан табылып, өздерінің перзенттік парыздарын өтеді. Өйткені, балаларының бәрі де оны жерге қаратпады. Тиісті мамандықтарын таңдап, елі мен халқына адал қызмет етті. Солардың бірі — кішкентайынан білімге құмар болған Ғалымжан ағамыз болатын.
Ғалымжан ағамыздың өмір жолы, рухани жан дүниесінің байлығы, адамға деген мейірімі ерекше болатын. Ол ел ағасы болып, елдік, халықтық шаралардың басы-қасында жүретін абзал азамат еді. Түздегіні түгендеп, ауылдағыға ақыл-кеңесін беріп, айналасын доспен қоршаған көпшіл болатын… Ер көңіліне сай екпіні ерен, зеректігі терең зерделі жан еді… Сөздің атасын өлтірмей, шындықты бетке айтатын, қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар еді… Сондықтан да оның өмір жолы, адамдық болмысы, қоғамдық-педагогикалық қызметі, азаматтық тұлғасы, адамгершілік қасиеті кейінгі толқынға үлгі боларлықтай. Білімімен, білігімен ғылым жолында да көпке үлгі болды. Қиындығы мен қызығы мол ұстаздықты таңдаған ол әрбір шәкіртінің жүрегінде ғылымның зердесін оятқан ұлағатты тұлға еді.
Ұстаз-аға әлемнің озық ойлы ғалымдарының санатында болып, ел ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосты. Ғалымжан Жұмабайұлының адами асыл келбеті мен даңқы мемлекет тарапынан алған марапаттарынан емес, әсіресе өзінің кемеңгерлік сипаттағы асыл тұлғасынан, мейірім тұнған бет-бейнесінен ерекше аңғарылатын. Ол ұлт руханияты мен елінің кемелді келешегі үшін еңбек етті. Ағамыз Ақтөбе облысы мәслихатының депутаты ретінде, қоғам өміріне де белсене араласып, халықтың мұң-мұқтажын дер кезінде шешіп, үлкен жұмыстар тындырғанын да білеміз. Осы жолда да ешкімге ұқсамас өзінің дара қолтаңбасын қалдыра білді. Ғылым мен білімнің, қоғам мен әлеуметтің сырына шынайы үңілген гуманист тұлға болды.
Кең ойлап, терең толғанатын басшы екенін ғалым-ұстаз өмірінің соңғы сегіз жылында қапысыз дәлелдеді. Институттың материалдық базасы, интеллектуалдық әлеуеті, жасампаздық беделі тез көтерілді. Ол Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры болған жылдары да қарымды қызмет етіп, ел ықыласына бөленді. Осы жылдар ішінде аталған білім ордасында да нәтижелі жұмыстар қолға алынды. Замандастары мен әріптестеріне ол өзінің кемеңгерлік болмысымен үлгі бола білді. Санаулы жылдардың ішінде педагогикалық институт еліміздің батыс өңіріндегі іргелі оқу орнына айналып, білікті ұстаздар қауымын даярлауға өлшеусіз үлес қосты. Өзі басқаратын үлкен ұжымда ұйымшылдық, іскерлік, ауызбіршілік ахуалын орнатты. Алдына келген адамның сөзін мұқият тыңдап, орынсыз ашу шақырмай, жөнімен шешуге тырысатын. Сонымен қатар, ішкі сарайы ашық, көңілінде қаяу жоқ, ешкімге жамандық ойламайтын, шын жақсыны үлкен-кішілігіне қарамай қадірлей білген ақжарқын азамат еді. Ұжым мүшелері арасында ынтымақтастықтың,бірауыздылықтың, жанашырлықтың жаршысы, қолдаушысы бола білді. Ресми түрдегі ғана емес, шын мәніндегі ұжым көшбасшысы биігіне көтеріле алды.
Ол – біреуге әке, біреуге ұлағатты ұстаз, біреуге үлгілі аға, біреуге сыпайы іні бола білді. Институт қабырғасындағы тағы бір ерекшелік – барлық орындардағы мұнтаздай тазалық, реттілік болатын. Ағаның жүріс-тұрысы, киім киісі қандай болса, ол басқарған оқу орны да сондай еді. Өзіне қандай талап қойса, өзгелерден де соны сұрайтындығы әрқашан білініп тұратын. Адамгершілігі мол, үлкен демей, кіші демей, жұртты өзіне тартып тұратын Ғалымжан аға өзінен кейінгі жастарға қамқор болып жөн сілтеп, қысылтаяң шақтарда қол ұшын беріп, демеу жасау қасиетімен де ерекшеленетін. Оқу ордасында ауылдан келген талай жасты өзінің білімділігімен, адамгершілігімен студенттерді өзінің жанына тартып, пана болды. Өзі өте қарапайым, кімге болса да жылы сөйлеп, мейірімін төгіп жүруші еді. Қазіргі таңда үлкен қызметте отырған, ел-жұртының алғысына бөленіп жүрген талай азамат студенттік кезінде Ғалымжан Жұмабайұлының шапағатын көргенін әлі күнге шейін жыр етіп айтады. Баспанадан, қаражаттан, тағы басқа да жағдайлармен қысылып келген ауылдың азаматтарына қолынан келген көмегін аямайтын. Көпшіліктің разылығын алған қазақ жастарының қамқоршысы болды. Өзінің басынан кешкен оқиғаларын айтып отыратын, «ойларында болсын, бірі болмаса бірінен тәлім алар, сабақ болар, өмірде пайдасы тиер» деп ойлайтын болса керек. Болашақ бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман екенін олардың жетесіне жеткізетін.
Ғалымжан Жұмабайұлы Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институына Ректор болып келгенде мен филология факультетінің 3-курс студенті болатынмын. Менің өмірімде өлшеусіз із қалдырған, есімдерін асқан ілтипатпен атайтын тұлғамен таныстық осы институт (қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті) қабырғасынан бастау алған болатын.
2005 жылы сәуір айында алғаш рет ректордың (Ғалымжан ағаның) қабылдауында болып, ол мені бұрыннан білетін кісі секілді өзіммен шын ықыласымен сәлемдесіп, жөн сұрасты. Сол кезде мен оның шын мәніндегі бауырмал, ашық-жарқын, кісілікті жоғары қоятын жан екендігіне көзім жетті.
Оқу бітірісімен мені осы оқу орнына жұмысқа қабылдап, «Жұбановтану» ғылыми-зерттеу орталығына Кабинет меңгерушісі етіп тағайындады. Кейін қабылдауына шақырып: «Сандуғаш, «Этномәдени дәстүрлер және білім беру процесі» ғылыми-зерттеу орталығы ашылып, соған Кіші ғылыми қызметкері қызметін ұсынып отырмын, барасың ба?», — деді, бұл 2008 жылдар шамасы болатын. Осы орталықта басқа ғалымдармен бірге ағайдың жолдасы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Гүлімхан Бәйкенқызы да жұмыс жасайды екен. Сөйтіп, сол жылдары Арқаның Арғын қызы Гүлімхан апаймен осы орталықта танысып, бірге жұмыс жасап, қызметтес болдық. Гүлімхан Бәйкенқызының бойында шын мәніндегі ұстаздар мен ғалымдарға тән барлық қасиеттер бар еді. Бір кабинетте отырып, сырласушы едік, көп нәрсені үйретуші еді…
Гүлімхан апай – біздің әріптесіміз, үлкен ғалым-профессор, тал бойына қазақ қызына тән нәзіктік пен сезімталдықты, ибалық пен инабаттылықты, ізеттілік пен ілтипаттылықты сіңірген мейірімді ана, ұлағатты ұстаз еді. Ол шаршау дегенді білмейтін. Үнемі қоғамдық іске белсене араласты. Бүгінгі заманның ең өзекті мәселесі талқыланатын халықаралық конференцияларда да жүретін… Ол – көпшіл, бауырмал, кішіпейіл, үлкенді үлкен деп, кішіні кіші деп сыйлаушы еді. Қайда жүрсе де үнемі ізеттілік көрсетіп, мәдениеттілікті, тұрақтылықты және әділеттілікті жақсы көретін. Гүлімхан апаймен қызметтес болған кездері оның айтатын салмақты, салиқалы ақылды сөздері ой салатын, әрі оларды ретімен, адамның көңілін қалдырмайтындай етіп сондай бір жанашырлықпен жеткізе білуші еді.
Әріптес апайымыздың жақсылықты жар салып жүретін ақпейіл мінезі, қамқорлығы көпке үлгі еді. Өнегелі мінезі мен жақсы лебізін аямай, ойындағысын ірікпей айтатын. Әркімнің жетістігін іштей бағалайтын, байсалды мінезімен ықыласын білдіріп, көпшілікке қамқоршы болатын. Сыр бөлісіп, адам жүрегіне жол тауып, бәрімізді ерекше сыйлайтын, құрметтейтін. Таныс адамы, жақыны болсын, әркімге асқан ұқыптылық пен жылылықпен қарап, қал-жағдайын сұрап, адамды мұқият тыңдай білетін. Ол кісімен біз апа-сіңлілі болып жақсы араластық. Қарапайым жан болатын. Гүлімхан апайдың жүрегінің кеңдігі соншалық, Отанына, туған жеріне махаббаты ұшан-теңіз еді. Ол жер басып жүрген әрбір пенденің қазақ даласында бақытты өмір сүргенін қалайтын. Елінің ертеңін ойлап, кейде алаңдап та отыратын…
Бүгінгі күн көзімен қарағанда да, шығармашылық тұрғыдан алғанда да олар өмірден жас кетті. Қос ғалымның Отанымызға, халыққа бергенінен әлі берерлері көп еді. Халықта: «Кімнің қанша жасағанын емес, қалай өмір сүргенін айт», — демей ме?! Меніңше, екеуі де көпке үлгі боларлық, ғибратты ғұмыр кешті. Екеуінің адал еңбектері, төккен терлері, жиған білімдері мен тағылымды танымдары босқа кетпеді. Екеуі де ғылым докторлары, профессорлар дәрежесіне жетті. Ғалымжан ағай үлкен білім ордасының Ректоры, қоғам қайраткері, халық қалаулысы болса, Гүлімхан апай тәуелсіздікпен қоса келген әлеуметтану ғылымынан жазылған алғашқы оқу құралының авторы болатын.
Бірінші байлығым – халқым деп білген, ойы да, бойы да биік, сөзі де, ісі де ірі, жаны мен қолы бірдей таза, кішілік пен кісіліктен жаралған, тұғыры биік тұлғалармен жеті жылдай қызметтес болғанымды «тіршіліктегі нұрлы бір кезеңім» деп еске аламын. Жаратылысынан жақсылық пен жаңалыққа жаны құмар аға мен апаның әр сөзi, әр қимылы, ұрпақ, ұлт рухы хақындағы толғанысқа толы пайым-тұжырымдары жадымызда қайыра жаңғырып, ғылымға сiңiрген ұшан-теңiз еңбегiн iштей ой елегiнен өткiздiм. Қазақта «Жақсыдан шапағат» деген сөз бар ғой, марқұм ағай-апаймен қызметтес бола жүріп, өз басым олардың шапағатын көрдім, адамгершілігі биік тұлғасынан өнеге-үлгі алдым, араласа жүріп, өзінің өнеге-үлгісімен де, ауызша айтқан ақылымен де белгілі дәрежеде тәрбие де алдым. Жанашыр тұлғалардың жастарды білімге, ілімге тәрбиелеуінен өнегелікті, әдептілікті, ұқыптылықты, жауапкершілікті үйрендім.
Иә, адамзатқа Ай ортақ, Күн ортақ, жақсы Адам да ортақ. Ғалымжан ағай мен Гүлімхан апай қарапайым, бірақ ізгілікке, жақсылыққа, мейірімділікке толы өмір жолы кімге болса да үлгі-өнеге. Тек, адамның шын бағасын оның көзі тірісінде емес, кеш білетініміз өкінішті-ақ. Бірақ әңгімеге арқау болған тұлғалар сынды шынайы азаматтардың ұлылығын бүгінгі ұрпақ бағалайтынына ешбір күмән жоқ. Олар ұмытылмайды. Қос ғалымның көпке үлгі болар істерін ескерсек, олардың есімдері жақсылардың тізімінде мәңгі жазылары анық. Өйткені, олардың рухани өмірінің жалғасы – артында қалған игі істері, ғылыми мұралары, туыстары мен балалары, әріптестері мен шәкірттері бар. Саналы өмірімізде араласқан, жайсаң жандардың жарқын бейнелері осы болмыс қасиеттерімен біздің жүрегімізде мәңгілік қала бермек…
Сандуғаш Байғұлқызы,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік
университетінің
Медиа орталығының маманы