Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Серпін-2050» бағдарламасымен оқуға шақырады

«Серпін-2050» бағдарламасымен оқуға шақырады

2014 жылдан бастап Қазақстанда «Серпін – 2050» «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарлама жұмыс істейді. Сол жылдан  бастап Жұбанов университеті  аталмыш жобаны жүзеге асыруға қатысатын жоғары оқу орнының бірі ретінде бекітілді.  Биылғы жылы университетке «Серпін — 2050» бағдарламасы бойынша оқытуға 373 грант бөлінді.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» стратегиясында айқындалған басым­дықтарды жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралардың қатарына кіретін әлеуметтік жобаның мақсаты — білікті мамандар даярлау. Бұл стратегияның өзегі еліміздің дамыған отыз елдің қатарына қосылу болатын.

Осыған орай Қазақстан Республикасы Үкіметі жастар мәселесіне арнап, «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» атты әлеуметтік жобаны ұсынды. Осылайша, «Серпін» өмірге келді. Бірегей бағдарлама мыңдаған жастардың Батыс пен Шығыс, Солтүстік Қазақстанда білім алуына жол ашты. Кәсіптік-техникалық колледждер мен жоғары оқу орындарында сапалы білім алып жүрген жастар осының дәлелі.

2014 жылы бастау алған бағдарламаның о бастағы мақсаты – еңбек ресурстарының мол артықшылығы орын алып отырған республиканың оңтүстік өңірінің (Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстары) жастарын еңбек ресурстарына сұраныс көп батыс, шығыс және солтүстік аймақтарда білім алуға жағдай жасау.

Айта кетейік, «Серпін» жобасы бойынша ма­мандық алудың аясы кең. педа­го­ги­калық, ауыл шаруашылығы мен ветеринария, техникалық, тіпті медициналық бағыттар бойынша жастардың білім алуына жол ашылып отыр.

Мұның тағы бір артықшылығы — студенттерге арнайы сыйақы төленіп, жатақханаға орналасады, оқу орнын бітірген соң, жұмысқа орналасуына да мүмкіндік мол. Оқу мерзімі аяқталғаннан кейін университет, кәсіпорын және жергілікті атқарушы билік өкілдерімен жасалған келісім шартқа сәйкес жұмысқа орналасуға тікелей  ықпал жасайды.

Жұбанов университеті  — 85 жылдық тарихы бар заман талабына сай, материалдық-техникалық базамен жабдықталған және студенттер үйімен толық қамтамасыз ете алатын еліміздегі санаулы жоғары оқу орындарының бірі. 2014 жылдан бастап талапкерлер «Серпін» бағдарламасымен Жұбанов университетінің техникалық, ақпараттық технологиялар және білім беру саласындағы білім беру бағдарламаларына  түсіп келеді, бұл мемлекеттік бағдарламалардағы басымдық  болып  табылады.

Карантинге байланысты талапкерлер  өтініштерін Жұбанов университетінің  www.arsu.kz сайтында онлайн режимде тапсыра алады (құжаттардың түпнұсқалары 25 шілдеге дейін тапсырылуы қажет).

Қабылдау комиссиясының жұмыс кестесі:
Дүйсенбі-Жұма 09:00-18:00, үзіліс 12:30-14: 00
Байланыс телефоны:  +7 701 342 07 66
WhatsApp +7 747 518 35 83

pk_argu_2016@mail.ru

Жұбанов университетінің Telegram сілтемесі: https://t.me/proforientatorZhUniver