Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе облыстық білім кәсіподағы індетті көз жұмғандардың отбасына көмек көрсетті

Ақтөбе облыстық білім кәсіподағы індетті көз жұмғандардың отбасына көмек көрсетті

Ақтөбе облыстық білім кәсіподағы індеттен көз жұмғандардың отбасына көмек көрсетті Әлемді жайлаған індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Мыңдаған адам пандемия құрбаны болды. Қатерлі індеттен көз жұмғандардың арасында өңіріміздің ұлағатты ұстаздары да бар. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы короновирус және пневмония дертінен қаза болған 18 кәсіподақ мүшесінің отбасына қаржылай қолдау көрсетті. Жақын туысы бақилық болған 40-тан астам кәсіподақ мүшесіне және сырқаттанып қалған қызметкерлерге облыстық, аудандық және бастауыш білім қызметкерлері кәсіподақтарының есебінен 20 000-50 000 теңге көлемінде  қайырымдылық көмек көрсетілуде.

Өкінішке қарай, осы жазда аймақтағы іргелі оқу орындарының бірі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің 6 қызметкері өкпе дертіне шалдығып, дүниеден өтті. Марқұмдардың туыстарына университет және бастауыш кәсіподақ тарапынан көмек берілді.

Жалпы, елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері облыстық білім саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы өз жұмысын жаңа форматта ұйымдастыруда. Ұйым заңгерлері тәулік бойы кәсіподақ мүшелерінің еңбек қатынастарына байланысты туындаған сұрақтарына жауап беріп, қашықтан жұмыс істеу және карантин тәртіптерін сақтау туралы кеңестер беруде, қашықтықтан семинарлар өткізуде.

Карантин уақытында кәсіподақ мүшелерінің тарапынан еңбек құқықтары, кәсіби мүдде мен  қосымша ақы төлеу ережелері, жылдық еңбек демалысы туралы, барлығы 400-ге тарта арыз-өтініш келіп түсіп, оларға тиісті жауап берілді. Төтенше жағдай кезінде «Кәсіподақ: тұрақты құрмет, тұрақты қолдау» дәстүрлі шарасы шеңберінде 43 көпбалалы отбасыға 50 000 теңге сыйақыдан, 56 үздік тәрбиешіге  50 000 теңгеден, 14 тәрбиешіге 25 000 теңгеден, 100 үздік ұстазға 50 000 теңгеден сыйақы жеке есеп шоттарына аударылды.

Сондай-ақ,  «Біз біргеміз!» акциясы аясында білім беру мекемелерінде қызмет атқарып жатқан көпбалалы, аз қамтылған отбасының кәсіподақ мүшелеріне, еңбек ардагерлеріне, мүгедектерге қаржылай көмек көрсетіліп, азық-түлік толы қалталар таратылды.  Мұндай игі істер жалғасын табады.

Біз біргеміз! Қауіпті індетті бірге жеңеміз!

 

http://fprk.kz/