Пятница, Март 29, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Биылғы Құрбан айт мерекесін атап өту ерекшеліктері

Биылғы Құрбан айт мерекесін атап өту ерекшеліктері

Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің бекітуімен 31 шілде, 1-2 тамыз күндеріне сәйкес келіп тұр. Барша ақтөбелік мұсылман жамағатын айтулы Құрбан айт мерекесінің келуімен шын жүректен құттықтаймыз!

Арапа күні

Демек, 30 шілде арапа күні. Бұл күні дұға тілеу, құлшылық ету және басқа да ізгі іс жасаумен қатар ораза ұстау да аса сауапты амал. Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Арапа күнгі ораза өткен жылғы және келер жылғы күнәлардың өтемі болады», — деп сүйіншілеген. Сол себепті, 30 шілде күні ораза ұстап, елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуын Алладан тілеп, дұға жасауға барша жамағатты үндейміз.

Құрбан айт қашан басталады

Нұр-Сұлтан қаласындағы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы құрбан шалудың бірқатар ерекшеліктеріне тоқталды. Өкінішке орай, пандемия кезінде мешіттердің жабық болуына байланысты 31 шілде күні Құрбан айт намазы оқылмайды.

Құрбандық қашан шалынады

Өздеріңізге белгілі айт мерекесін тойлау және құрбандық шалу рәсімі айт намазын оқуған соң барып басталады. Алайда, қатты суық, тасқын су, қалың қар және басқа да дәлелді себептермен айт намазы оқылмай қалса, құрбандық малы шамамен айт намазы оқылатын уақыт өткеннен кейін, яғни, күн шыққан уақыттан бір сағат өткізіп шалынады. Демек, Ақтөбе облысында құрбан шалу уақыты 31 шілде күні жергілікті уақытпен таңғы сағат 07:00-де басталып, 2 тамыз күні ақшам намазына дейін жалғасады.

«Qurban2020.kz» сайты арқылы онлайн құрбан шалу

Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып биыл алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайты іске қосылды. Құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілде кешке дейін ғана қабылданады. 31 шілде күні сайт жабылады. Сондықтан ақтөбеліктер онлайн түрде құрбан шалуға 30 шілдеге дейін тапсырыс беруге үлгерулері тиіс. Бұл шараның Ақтөбе облысы бойынша ұйымдастырушысы – «Нұр Ғасыр» облыстық мешіті.

Шара аясында құрбан малын шариғатқа сай сойып, сіздің атыңыздан имам бата жасайды. Еттерді жіліктеп, мұқтаж жандарға таратады. Сондай-ақ, құрбандық иесіне бейне есеп те жіберілетін болады. Ендеше, карантин кезінде онлайн құрбандық шалғыңыз келсе, онда qurban2020.kz сайтына кіріп, тапсырыс беруге шақырамыз!

Ол үшін әуелі сайт мәзіріндегі «Құрбан шалу» ұяшығына өтесіз. Келесі қадам Ақтөбе облысын таңдап, аты-жөніңіз бен ұялы телефоныңызды қалдырасыз. Осыдан кейін келесі ұяшыққа өтіп құрбандық малын таңдайсыз.

Құрбандық малын таңдаған соң жіберу батырмасын басасыз. Одан әрі сіздің тапсырыс номеріңіз бен төлем жасау туралы ақпарат шығады. Осы жерде көрсетілген реквизитке қажетті сумманы аударасыз. Міне, сылайша сіз, үйден шықпай-ақ, карантин режимін сақтай отырып, онлайн құрбандыққа шалуға тапсырыс бере аласыз.

Ақтөбе қаласында онлайн құрбан шалу бағасы – тоқты 40 000 теңге, қой 55 000 теңге және ірі қара мал (сиыр) 329 000 теңгені құрайды. Ірі-қара малын 1 адам немесе 7 адам бірігіп шалуына болады. Яғни, 7 кісі біріккен жағдайда әр қайсысы 47 000 теңгеден шығарады. Ал, қой мен тоқты малын жеке бір адам шалады. Ескерту: Эпидемиологиялық жағдайға байланысты құрбан шалушы бұрыңғыдай құрбан етінің 3/1 өз отбасына ала алмайды, құрбандық еті қайырымдылық ретінде мұқтаж жандарға түгелдей таратылады.

«Qurban2020.kz» сайтында құрбандық шалуға тапсырыс берумен қатар мұқтаж кісілер шалынған құрбандық етінен алу үшін өтініш бере алады.

Карантинде мал базарлар жабық болады

Ақтөбе облысында айт күндері яғни, 31 шілде 1-2 тамыз күндері мал базарлар мен мал соятын орындар жабық болады. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын жеке кәсіпкерлер 30 шілдеге дейін рұқсат етілген орындарда малдарыңызды сату әрекет етіп қалыңыздар. Өйткені, айт күндері мал базарлар толығымен жабық болады.

Сондықтан ауыл тұрғындары немесе жер үйде тұратын қала халқы 30 шілдеге дейін құрбандыққа шалатын малдарын алып дайындалғаны жөн. Сосын 31 шілде күні өз шаңырағыңызда құрбандығыңызды шаласыз. Алайда, құрбандық шалған кісілер айттық дастарханын жайып, қонақ шақырып, ағайын туысты жинауға болмайды. Әлі де болса індеттің қаупі сейілген жоқ. Сондықтан жақындарымыздың арасында індеттің таралуына жол бермейік. Тек өз отбасы мүшелерімен айт мерекесін атап өтуі қажет.

Өкіл ретінде біреуді тағайындау

Сонымен қатар шариғатта әр түрлі себептермен құрбандық шала алмайтын адамдар бұл рәсімді орындау үшін басқа біреуді өкіл ретінде құрбан шалуға тағайындай алады. Өкілге «менің орныма құрбан малын алып, шал» деп айтылған уақытта өкіл сол адамның атынан құрбан алып шалады. Сахаба Әлидің Пайғамбарымыздың орнына өкіл ретінде құрбан шалғаны жөнінде риуаят бар. Демек, ауылда тұратын туысыңызға ақшасын аударып, өз атыңыздан құрбандық шалдыруыңызға болады.

Мұндай жолдармен құрбан шалуға мүмкіндігі болмайтын адамдарды «Нұр Ғасыр» мешіті ұйымдастырып жатқан онлайн құрбан шалу акциясына қатысуға шақырамыз.

Онлайн құрбан шалу қалай орындалады

Онлайн құрбан шалу қалай жүзеге асырылады? Бұл биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырғандықтан ел ішінде сұрақ көп. Құрбан шалушының тапсырысы онлайн түрде аударылады. Бұл шараны әрі қарай үйлестіру үшін «Нұр Ғасыр» мешіті жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Ол топ – мал сатып алады, айт күндері құрбан малын шариғатқа сай сояды, имам бата жасайды, еттерді жіліктеп, пакеттеп, qurban2020.kz сайты арқылы өтініш берген мұқтаж жандарға үлестіреді. Міне, осы қызметтің барлығын жұмыс тобы санитарлық талаптарды сақтай отырып, сіздің құрбан шалу ниетіңізді амалға асырады. Бас мүфтидің бастамасымен қолға алынған қашықтықтан құрбан шалу шарасының мақсаты – сүйікті амал болған құрбан шалу рәсімін карантин кезінде онлайн орындауға мүмкіндік жасау болып табылады.

Құрбан еттерін кім қабылдайды

Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы қала, аудан және ауылдық деңгейдегі мешіттерде құрбандық еттерін қабылдау пунктері айт күндері жұмыс жасайды. Өз үйінде құрбан шалған кісілер мұқтаждарға таратылатын бөлігін мешіттерге апарып өткізуіне болатындығын хабарлаймыз. Қосымша ақпарат үшін байланыс телефондарымыз: 8 7132 77 43 49 немесе 8 775 837 67 98.