Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мемлекеттік инспектор оқу ордамызда болды

Мемлекеттік инспектор оқу ордамызда болды

2017 жылдың 17 қазанында ҚР Президенті әкімшілігі мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстар бөлімінің мемлекеттік инспекторы Аманғалиев Серік Қалешұлы университетімізге келді. Ол алдымен Инновациялық технологиялар паркінен ашылған «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысымен танысты.

Жобалық кеңсе жұмысымен танысу барысында университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков, облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова және университеттің профессор-оқытушылары қатысты.

Жобалық кеңсе жұмысымен Бұлбұл Елеусінова таныстырып өтті. Ол қазіргі таңда жобалық кеңсенің 6 бағыт бойынша жұмыс жасап жатқандығына тоқталды.  Бұлбұл Елеусінова жоба жұмысымен таныстыру барысында   ««Рухани қазына» бағыты бойынша 23 жоба жоспарланған. «Ақпарат толқыны» бағдарламасы негізінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстар ақпаратпен қамтамасыз етілетін болады. Барлық жобалар қаржыландырылған»,- дей келе, «Тәрбие және білім» бағдарламасы бойынша 27 жоба ұсынылып отырғандығына, «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша ірі екі жоба «Туған жерге тағзым» акциясы және жақында қаламызда өткен «Ақтөбе — құтты мекен» форумы жүзеге асқандығын тілге тиек етті.

Өз кезегінде Серік Қалешұлы: «Руханият екінші сатыда қалып барады.  Ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра етуіміз керек. Ежелден келе жатқан қазақы салт-дәстүрлерімізді, мәдениетімізді, барлық рухани құндылық­та­ры­мызды қайтадан жаңғыртуымыз керек. Тарихымызды түгендеп, дұрыс бағытқа, дұрыс жолға қою мақсатында Жобалық кеңсе құрылды. Нақты-нақты іс-шаралар керек. Жобалық кеңсе жұмысының маңыздылығын түсінуіміз қажет»,- деді.

Серік Калешұлы Жобалық кеңседен соң, университетіміздегі жаңа нысан Технопарк ішіндегі 20-ға жуық ғылыми зертханалар мен орталықтар жұмысымен танысып және университетте жақын арада ашылған «Дербісәлі Беркімбаев», «Ғалымжан Нұрышев», «Мұхтар Арын» атындағы кабинеттерді, «Құдайберген Жұбанов» атындағы конференц-залды, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталықтарын аралады.

Университеттің ғылыми-инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров «Мәдени мұра» бағдарламасы төңірегінде қолға алынып жатқан киелі мекендеріміз, ескерткіштеріміз, көне жәдігерлеріміз жайында келген қонаққа айтып өтті.

Мемлекеттік инспектор «Диатомит» минералдарды байыту технологиясы зертханасы жұмысына қызығушылық танытты. Университеттің бірінші проректоры Қ.Ш.Шүңкеев Мұғалжар ауданында бүкіл Қазақстан бойынша диатомит деген минералдар қоры жиналғанын, оның 3 млрд тоннадай қоры бар екендігін айтып өтті. Серік Қалешұлы диатомиттің дайын өнім екендігін, оны ғылымға енгізу керектігін алға тартты. Осы ретте университетте мемлекеттік гранттық қаржыландыруға орай 32 ғылыми жоба ұсынылғандығы жайында айтылды.

Серік Қалешұлы «Мектепке арналған физикалық құрал-жабдық және роботтық техника шығару» зертханасы, «Нанотехнологиялар», «Полимерлі композиттік материалдар», 3D моделдеуге оқыту, «Наноматериалдарды талдау», «Көлік ағымын зерттеу және басқару», «Микроскопия», «Виртуалды академия», Қытайтану тағы да басқа зертханалар мен орталықтарды аралау барысында  ұсыныстарымен қатар пікірін де білдіріп өтті. Инновациялық технологиялар паркі директоры Әмірбек Бекешовке «Отандық ғылымды дамытып, жетістіктерін табысқа айналдыру жолдарын дамыту» жайында айтып, сондай-ақ,  «Ресейтануды енгізу» туралы ұсынысын да жеткізді.

Инновациялық технологиялар паркінен соң Мемлекеттік инспектор университетімізде жаңадан ашылған кабинеттерді қарады. Дербісәлі Беркімбаев кабинетін ашу үшін қаржылай қолдау танытқан азаматтың игі бастамасын қолдайтындығын айтып, студенттердің білімін жетілдіруде маңыздылығы зор тарихи тұлғаға арналған кабинеттің ашылуын жоғары бағалады. Сондай-ақ, университет есімі берілген тұңғыш лингвист-ғалым «Құдайберген Жұбанов» атындағы конференц-залы, университетке еңбегі сіңген Ғалымжан Нұрышев пен Мұхтар Арындай тұлғалардың еңбегін бағалап, арнайы кабинет ашып, құрмет танытып жатқаны  үшін университет басшылығына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Серік Қалешұлы «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы жұмысын дамытып, қалалық деңгейге көтеру мәселесін қозғап, университетте орын алған жаңа өзгерістерге оң бағасын берді.

Жадыра АРЕН