Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Абай > Абай — ұлттық руханияттың бір және бірегей бөлігі

Абай — ұлттық руханияттың бір және бірегей бөлігі

Абай – қазақ поэзиясының  биік шыңы, құдіретті ақыны. Абайдың жүрек шерімен жазған туындыларының  тағылымы мәңгілік  қымбат  қазына. Абай жалғыз қазақ халқының ұлы емес, адамзаттың ұлы десек артық айтқандық болмас… Абайдың мол әдеби мұрасы бұл күнде тек бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналып отыр. Қазақ халқының тұтас бір дәуірінің ақыл-ойы мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің асқар шыңын бейнелейтін кемеңгері Абайды тану қазақтың өзін-өзі тануы десек те болады. Әлем халқы бас иген дара тұлғамызды қай жағынан да әспеттесек біздің елдік, халықтық парызымыз болып саналады, – деп хабарлайды Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің баспасөз қызметі.

Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына  175 жыл толып отыр.  Бұл ретте Жұбанов университетінде ұлы ақынның мерейтойына арналған іс-шаралар жоспары негізінде атқарылып жатқан істер де аз емес. Бүгін де аталған оқу орнында  «Абай күні» мерекесіне орай «Абай күні – еліміздің ынтымағының белгісі» тақырыбында  онлайн-дөңгелек үстел өтті. Жиынға Жұбанов университетінің басшылығы мен  профессорлық-оқытушылық құрамы, әдебиеттанушы ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студенттер қатысты. Дөңгелек үстел жас ұрпаққа қазақ халқының ұлы ақыны, ғұлама ойшыл Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын насихаттау, жастардың бойына патриоттық тәрбие-тағлымын сіңіру мақсатында ұйымдастырылды.

Отырысты университет ректоры, профессор, абайтанушы Бауыржан Ердембеков кіріспе  сөзбен ашып, ұлы ақынның қазақ руханияты үшін ерекше тұлға екенін атап өтті. Абай – барша халқымызға ортақ ірі тарихи тұлға. Сондықтан да мерейтой кезінде оның ғұмырдерегі Семейден өзге өңірлермен де байланыстырылса артықтық етпес еді. Мәселен, бүгінгі күні ақынның ар­ғы аталары Ырғызбай мен Кеңгір­байлар республикамыздың батыс өңірінде дүниеге келгенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін немесе атақты Досжан хазірет пен Құнанбайдың дос­тығы жөніндегі деректер де жаңаша бір қырынан толықтырыла түссе – мұның өзі де Абай тойына қосылған бір тамшы үлес деп ойлаймын, — деді Б.Ердембеков. Абайтанушы ғалым ұлттың табиғи болмысымен біте қайнасқан Абай шығармаларының маңыздылығына тоқтала келіп,  университет аясында Абай мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған ауқымды іс-шаралар туралы баяндады.

Былтыр «Жұбановтан – Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырған едік. Оның аясы мен шеңбері Ақтөбе, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Баянауыл, Семей, Жидебай, Қарқаралы және Қарағанды аралығын қамтыды. Абайдың 175 жылдық торқалы тойы қарсаңында оны осы аймақтың рухани түлеуіне бел шешпей тер төгіп жүрген жандардан құралатын «Ақтөбеден – Абайға» атты кең ауқымды экспедицияға ұластыруды ойластырып отырмыз, — деді ректор. Сөз соңында «Жұбановтан – Абайға» ғылыми-танымдық экспедициясы рухани олжа әкелетініне сенім білдіріп, дөңгелек үстел жұмысына сәттілік тіледі. Жиынға қатысқан ғалымдар мен әдебиетшілер тікелей эфирде байланысқа шығып, салмақты ойларын ортаға салды. Өз кезегінде  университеттің  «Абайтану және ұлттық руханият» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Абат Пангереев Жұбанов университетінде Абайдың 175 жылдығына арналған әзірліктер былтыр басталып кеткенін алға тартты.

Абай — ұлттық руханияттың бір және бірегей бөлігі. Сол себепті қазіргі таңда орталық Абайдың өмірін, шығармаларын насихаттау, оны таныту жұмыстарына белсене атсалысып, жан-жақты жұмыс жасап жатыр. Айталық, өткен жылы абайтанушы Бауыржан Ердембековтің бастамасымен «Жұбановтан Абайға дейін» деген ғылыми–танымдық экспедиция осы мақсатта ұйымдастырылды. Бұған байланысты бастауын Ақтөбеден алған экспедиция мүшелері аттың басын Павлодарға, бұдан әрі Семей мен Жидебайға қарай бұрған болатын. Осы сапарда экспедиция құрамы Жидебайдағы Абай мен Шәкәрім кесенелеріне тағзым етіп, тұрған үйлерін өз көздерімен көріп, саналарына сіңіріп оралды. Мұндай тағылымды іс-шаралардан өткен жылы мол материалдар, соның ішінде фото және бейнежазбалар жасақталды. Биыл  солардың бәрінің басын қосып, етек-жеңін жинақтап біртұтас дүниеге айналдырып, содан деректі фильм шығару жөнінде ортақ ұйғарымға келген едік. Қазіргі күні бұл жұмыстар бел ортаға таялып келеді. Нақтырақ айтқанда деректі дүниенің сценарийі әзірленіп, техникалық жұмыстары қолға алынды. Көп кешікпей фильмнің тұсаукесері де өткізілмек. Және Абай шығармаларын насихаттау мақсатында алдағы уақытта аудандарға шығып, түрлі іс-шаралар өткізуді де жоспарлап отырмыз,- деді ол.

Өз кезегінде «Қазақ әдебиеті» кафедрасының аға оқытушысы Рита Жұмағалиева Ұлы Абайдың әкелік сезімі туралы құнды деректерді тереңінен толғаса, ал тарихшы, ғалым Рахым Бекназаров Зере есімінің шығу тарихына тоқталып, этимологиялық талдау жасады. Дөңгелек үстелге қатысушылар Ұлы Абайдың мұрасы бүгінгі күннің шындығында өзінің өзектілігі мен күшін жоғалтпайтынын ерекше атап өтті. Абай күніне арналған онлайн-дөңгелек үстел соңында тікелей байланыстағы қатысушылар «Жұбановтан – Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедициясының фильмін тамашалады.

https://bilimdinews.kz/?p=114080