Четверг, Сентябрь 24, 2020
Басты > Жаңалықтар > Жастарға қолдау көп

Жастарға қолдау көп

Жалын мен жігерді, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Бүгінгі жас – болашақ Қазақстанның  жанды бейнесі. Жастарды білім жолына салып, түзу жолдан тайдырмай, санаға сәуле шашар оқу-білімнің тізгінін ұстату –  мемлекет пен қоғамның міндеті.

Келешектің іргетасын қалау үшін, ең алдымен, жастардың саналы ұрпақ болып жетілуіне күш салуда Жұбанов университетінде нақты жұмыстар қолға алынған.  Бұл ретте аталған оқу ордасының Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті қоғамдық, әлеуметтік-мәдени іс-шараларды ұйымдастырып, студенттермен тығыз жұмыс жасайды.

Сонымен қатар, оқу ордасының 85 жылдық тарихында физика, математика, филология, тарих, педагогика сияқты ғылым салаларында белгілі бір ғылыми бағыттар мен мектептер қалыптасты. Жоғары оқу орнының  басшылығының айтуынша, бірақ ғылымға деген қазіргі көзқарастар жаңа, креативті тәсілдерді талап етеді, сондықтан жас кадрлар көбірек тартылуда. Тек өткен жылдың өзінде университет пен Жоғары колледждің оқытушылар құрамы 50-ден астам жас педагогтармен және  10 ғылыми қызметкерлермен, зертханашылармен толықты.

Бүгін Халықаралық жастар күніне орай Жұбанов университетінің ректоры жоғары оқу орнының белсенді студенттерімен, жас мамандарымен кездесіп, үздіктерге Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.

Марапатталған жастардың арасында Нұрбек Жалғасбаев волонтерлік қызметпен белсенді айналысады. Физика-математика факультетінің студенті және «Волотер2020» еріктілер қозғалысының жетекшісі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді өмірлік ұстанымым деп білетін Нұрбек ерікті ретінде біраз адамдарға қол ұшын беріп, игі істердің басы-қасынан табылып жүр.

Сондай-ақ, университет басшылығы тарапынан марапатталған Алина Култанова да өзін ЖОО-ның кәсіби бағдар және қабылдау комиссиясы бөлімінің  белсенді және креативті қызметкері ретінде көрсетіп жүрген жас маман. Алина жұмыс барысында күн сайын талапкерлердің жүздеген сұрақтарына жауап беріп,  құжаттарды қабылдайды. Ал, университеттің студенттік медиатобының  жетекшісі Аян Барышев «Bastau» медиатобында шығармашылықпен айналысатын студенттерді біріктіріп, әлеуметтік желілер үшін ақтөбеліктер туралы бейнероликтер түсіреді.  Өз кезегінде топ жетекшісі А.Барышев университет тарапынан көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, белсенділігімен, іскерлігімен қоғам ­дамуы­на айтулы үлес қосатынына сенім білдірді.

Бүгінгі кездесуде жастар өкілдері ­атынан сөз алған жас маман, оқытушы Айдана Кулманова өз сөзінде болашақтың кілті – жастарда екенін тағы бір дәлелдеді.

— Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында. Біз – жастар  жасампаз елдің ұланымыз.  Жастар еліміздің болашағы ғана емес, бүгіні де. Келешегіміздің іргетасын нық қала­уымыз үшін ең алдымен жастары­мыз­дың саналы ұрпақ болып жетілуіне, қоғам­ның ең белсенді өкілдері болуына, таусыл­мас күш, сарқылмас қайраттың нышаны болуына үлкен күш салуымыз керек. Біздің оқу орнымызда  әрі қарай шыңдалып дамуға, өз ісін ашып, өзін-өзі дамытуымен, спорт, ғылым, шығармашылықпен және басқа да қызмет түрлерімен айналысуға толық мүмкіндіктері бар.   Алдағы уақытта Қазақстанның өтке­нін бағалайтын, бүгінгі күні батыл қимылдап, келешекке сеніммен қарайтын табысты жастардың мерейі үстем болып, еліміздің гүлденуіне, болашағымыздың жарқын болуына  көптеп үлес қосарына сенемін!, — деді ол.

Жұбанов университетінде осындай талантты және ынталы жастар аз емес. Бұл ретте университет басшылығы жастар саясатына ерекше көңіл бөліп, оларды әркез мақтан тұтады және әр түрлі саладағы жас таланттардың идеяларын одан әрі қолдауға дайын.  Кездесу соңында Бауыржан Ердембеков «Үздік оқытушы», «Үздік студент», «Үздік әдіскер» және тағы да басқа  ынталандыру жобаларын өткізу туралы айтып, жастарға үлкен үміт артатынын атап өтті.