Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Абай > Ақын мұрасы — рухани жаңғыру бастауы

Ақын мұрасы — рухани жаңғыру бастауы

10 тамызда елімізде тұңғыш рет Абай күні атап өтілді. Биыл ақынның 175 жылдығына орайластырылған шаралар Алтай мен Атырау арасын жайлап жатқан Ұлы дала елінде ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде өтті. Мысалы, Грузияда ел астанасы Тбилисиде бір көше Абай атына беріліп, сондай-ақ Грузия Жазушылар одағының төрайымы Маквала Гонашвилидің аударуымен Абай Құнанбайұлының өлеңдері тұңғыш рет грузин тілінде кітап болып басылып шықты. Оңтүстік Кореяда, ҚР елшілігінің қолдауымен, корей тілінде Абайдың өлеңдер жинағы жарық көрді және ұлы ақынның мерейтойына арналған пошта маркасы шықты, т.б.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай — рухани реформатор» атты мақаласында: «Менің тапсырмам бойынша оныншы тамызды «Абай күні» деп белгілеп, мерекелер тізбесіне енгізді. Ұлы ақынның мұрасын ұлықтауға арналған іс-шаралар жыл сайын өткізіліп тұратын болады. Мәселе — мерейтойда емес, тұғырлы тұлғаның туындыларынан терең тәлім алуда. Абайдың рухына тағзым ету — оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Сонда ғана жас ұрпақтың санасына қастерлі құндылықтарды сіңіреміз» — деп атап өтті.

Абай күніне орай Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті ғалымдарының қатысуымен өткен «Абай күні — ел ынтымағының белгісі» атты дөңгелек үстелде оқу орнының басшысы, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы Бауыржан Ердембеков бұл күнді қазақ әдебиетінің, қазақ руханиятының күні ретінде атап өту керектігін айтты. Расында, көптеген халықтарда өз руханиятындағы ұлы тұлғаның туған күнін мерекеге айналдырып не бір көнеден келе жатқан эпосқа арнайы мерекелік күн белгілеп, оны ұлттық әдебиетті, мәдениетті ұлықтау күні ретінде кеңінен атап өту дәстүрі бар. Солардың бірнешеуіне тоқталмақпыз.

 

Мұңды мақам

«Биік таулар, бойшаңмын деп шіренбе,

Бір күн құлап,

Сен де типыл боларсың.

Терең теңіз, тәкаппарсып түнерме,

Суың кепсе,

Сен де бір шөл боларсың.

Лұқмандай тапсаң дерттің дауасын,

Рүстемдей жыртсаң жаудың жағасын,

Ескендірдей алсаң дүние қаласын,

Сонда да бір жермен-жексен боларсың», — деп жырлаған түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлы Фраги де ұлт ұстазы ретінде ардақталып келеді.

Түрікменстанда 18 мамыр Мақтымқұлы Фраги поэзиясының күні болып белгіленген, нақтыласақ, Жаңғыру, бірлік және Мақтымқұлы Фраги поэзиясының күні ретінде кеңінен атап өтіледі.

Мақтымқұлы Фраги 1724-1807 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол сол тұста Иранға қарасты Сефевидтер мемлекетіндегі түрікмендердің гоклен тайпасы мекен еткен аймақта — Атрек өзені бойында дүниеге келген. Оның әкесі Дәулетмәмед Азади де шығыстық үлгіде өлең, дастандар шығарып, өз ортасына белгілі ақын болған. Болашақ ақын өз әкесі сабақ беретін ауыл мектебінде сауат ашып, кейіннен Бұқар хандығындағы Ідіріс баба медресесінде, одан соң Бұқарадағы әйгілі Көкілташ медресесінде білім алған. Осы соңғы оқу орнында танысқан сириялық түрікмен досы Нұри-Қазым ибн Бахармен бірге біраз уақыт Орталық Азияны, Қазақстанды, басқа да елдерді аралаған деген дерек қалған. 1757 жылы Хиуаға келген. Хорезм хандығының астанасы Хиуа бұл тұста аймақтағы ірі білім орталықтарының бірі саналған. Мұнда медреселер көп болған. Солардың ішінде Мақтымқұлы, дерек бойынша, шайбан әулетінен шыққан Шерғазы хан салдырған медреседе оқыған. 1760 жылы туған жеріне оралған.

Жас күнінде Меңді есімді қызға ғашық болып, қалың малын төлей алмауы себепті үйлене алмаған. Әкесінің қазасынан соң, екі бірдей ағасынан айырылуы, ғашығына қосыла алмауы, ал кейіннен екі перзенті — Сары мен Ыбырайымның жастай қайтыс болуы сынды қасіреттерді бастан өткерген, ел, жер аралап, халықтың ауыр жағдайын көп көрген ақын ғұмыр бойы ойлы, шерлі жырды серік етті. Фраги — оның әдеби псевдонимі. Мақтымқұлы артына он жеті мың жолдық мол мұра қалдырған. Бұл —Тұран мен Иранға бірдей таралып, кейіннен әлемдік әдебиет жауһарларының қатарына қосылған ғажап мұра.

 

Джульеттаның туған күні

Уильям Шекспир өзінің бір-біріне жау әулеттерден шыққан бозбала мен жас қыз арасындағы махаббатты баяндайтын «Ромео мен Джульетта» атты пьесасын 1594-1595 жылдар шамасында жазған. Бұлар — Италияның Верон қаласындағы Монтекки және Капулетти әулеттері.

Қазір Верон қаласында 16 қыркүйек Джульеттаның туған күні ретінде белгіленіп, ресми түрде мереке болып жарияланған.

Шекспир трагедиясындағы Веронның билеушісі, зерттеушілердің айтуынша, нақты тарихи тұлға — қаланы 1301-1304 жылдары басқарған Бартоломео Делла Скала. Сонымен бірге шығармада Джульетта Капулеттидің күздегі жиын-терін мерекесі кезінде дүниеге келгені айтылған. Осы және баяндалған басқа жайттарды ескере келе, доктор Джузеппе Вивиани Джульеттаны 1284 жылдың 16 қыркүйегінде туған деген пікірді алға тартады.

Бұл күн бір қалада мереке болып бекітілгенімен, оны бүкіл Италия, тіпті бар әлемдегі Шекспир оқырмандары түрлі шаралармен атап өтеді.

1972 жылы Веронда Джульетта клубы құрылған. Мұнда Джульеттаның атына әлемнің түкпір-түкпірінен жыл сайын, орта есеппен, 5 мың хат түседі екен.

 

«Калевала» эпосы

1835 жылы 28 ақпанда фин фольклорының жинақтаушысы Элиас Леннорт «Калевала» эпосының қолжазбасына жазған алғысөзін аяқтап, айы-күнін көрсетіп, қол қойған екен. Осы күнді финдер мен карелдер «Калевала» эпосының күні ретінде атап өтіп келеді. Бұл ең алғаш ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан басталған дәстүр екен.

Ал 1978 жылы Финляндия билігі 28 ақпанды «Калевала» күні — фин және карел мәдениетінің мерекесі ретінде ресми бекіткен. Финляндия мен РФ құрамындағы Карелияда жыл сайын бұл күн жырдан үзінді оқу, оның кейіпкерлері костюмдерімен көшеге шығу (карнавал), эпос сюжеттері бойынша сахналық көріністер қою, т.б. көптеген қызықты да мазмұнды шаралармен өтеді.

 

Ақын Аттила

Венгрияда 11 сәуір Поэзия күні ретінде атап өтіледі. Бұл — венгр халқының көрнекті ақыны Атилла Йожефтің туған күні. Атилла Йожеф 1905-1937 жылдар аралығында өмір сүрген. Өзінің қысқа ғұмырында ол алдымен анархистердің, одан соң коммунистердің қатарына қосылған. Коммунистер сапында үш жыл болып, партиядан қуылып тынған. Ақыры өмірін үлкен трагедиямен аяқтаған. Алғашқы жинағы 1922 жылы, яғни 17 жасында жарыққа шыққан.

Венгр халқының Шандор Петефи, Михай Верешмарти, т.б. жалынды жырларымен Еуропа, әлем оқырмандарының жүрегін жаулаған атақты ақындары бола тұра, ұлттық Поэзия күніне неліктен нақ осы Атилла Йожефтің туған күні таңдап алынды? Бұл сауал көптеген зерттеушілерді толғандыратын сияқты. Венгрияда туған еврей, кейіннен белгілі британ журналисі Артур Кестлер ақын Атилла Йожефтің қайтыс болуына байланысты жариялаған мақаласында венгрлер жайлы «ұлт ретінде өзін шексіз жалғыз сезінетін халық» деп жазыпты. Сірә, бұл Атилла поэзиясынан көрініс тапты ма екен? Қайткенде де, нақ осы ақынның үні венгрлерге басқалардан гөрі жақын әрі қымбат сезілсе керек.

Венгрияда бұл күні жырсүйер қауым басқа шаралармен қатар, бір-бірімен кітап алмастыруды әдетке айналдырыпты.

 

Орыс тілі күні

Ал солтүстіктегі алып көршіміз Ресей Александр Пушкиннің туған күні — 6 маусымды Орыс тілі күні ретінде атап өтеді. 6 маусым, алдымен, 2010 жылы, Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы халықаралық Орыс тілі күні болып жарияланып, 2011 жылы РФ президентінің Жарлығымен мемлекеттік мереке ретінде бекітілді.

Жалпы, бұл бастаманы алғаш бұрынғы КСРО елдеріндегі орыс халқының өкілдері көтерген деседі. Сөйтіп, 2007 жылы Пушкиннің туған күнінде Қырымда «Великое русское слово» деген атпен славян мәдениетінің халықаралық фестивалін ұйымдастырған. Ұлы ақын Пушкиннің орыстың әдеби тілінің негізін салушы саналатыны белгілі.

Интернет материалдары бойынша әзірлеген Айна САРЫБАЙ

https://aqtobegazeti.kz/?p=91538