Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жыры нұрлы Нұрпейіс

Жыры нұрлы Нұрпейіс

Нұрпейіс Байғанин — 160

Халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің жырлары өзінің маңыздылығын бүгінгі күнде де жойған жоқ. Ақынның патриоттық шығармалары тәуелсіз Қазақстан азаматтарын тәрбиелеуге қызмет етуде.

Нұрпейіс Байғанин 1860 жылы Темір ауданындағы Сүлікті деген елді мекенде Байғана мен Үміттің отбасында дүниеге келді. Нұрпейістің әкесі Байғана Барсай және Досжан деген ірі байлардың қойларын баққан екен. Ал Нұрпейістің шешесі Үміт сұлу, ақылды, әдемілікті әдептілікпен үйлестіре білген әрі әнші, әрі орындаушы-күйші, елге белгілі адам болған. Осындай отбасында дүниеге келген Нұрпейіс жастайынан-ақ бір естіген ән-жырларын тез жадында сақтап, оны тамаша күйінде қайталап орындаған.

Нұрпейіс он алты-он жеті жасында-ақ жыршы бала атанып, оның аты аймаққа танымал болады. Оның бірге өскен жақын достарының бірі Қожаш Елешов өз естелігінде: «Нұрпейіссіз бірде-бір той, бірде-бір шілдехана өтпейтін. Ал үлкен мейрам немесе ақындар айтысы болса, Нұрпейісті әдейі шақыратын еді», — дейді.

Ол кездерде өнер адамдарының ең көп жиналатын жері — жәрмеңке. Нұрпейіс Темір, Ойыл, Ырғыз, Орал жәрмеңкелерінде өнер көрсетіп, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», т.б. жырларды жырлаған. Көпшіліктің сүйіспеншілігі мен танымын жаулап алған. Ақын 40-50 жырды жатқа білген екен.

Қазақ ауыз әдебиетінде қалыптасқан дәстүр бойынша ақындар үлкендерінің қасында жүріп, олардың өнерлерін үйренген, сөйтіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған, жас таланттар өздерінің ұстаздарын тапқан, олардан өнер жолына бата алған. Осы тамаша дәстүрді жалғастыра білген Нұрпейіс ылғи да ізденіс үстінде болады. Ол Абыл, Шернияз, Нұрым, Қашаған, Ығылман, Ақтан, Қазақбай, Сабыр сияқты ақындардың қасында болып, олардан үлгі алады, ән-жыр үйреніп, солардың сазымен орындайды.

Нұрпейістің шығармаларын жинау және қағаз бетіне түсіру 1938 жылдан басталды. Халық ақындарын іздеу және табу үшін Ақтөбе облысына арнайы тапсырмамен кейін қазақ поэзиясының көрнекті өкілдерінің бірі болған Дихан Әбілев келіп, онымен кездеседі. Нұрпейіс Жамбылдың мерейтойына Алматыға шақырылады. Нұрпейістің осы сапары туралы қазақтың белгілі ақыны Әбділда Тәжібаевтың естелік кітабында өте қызықты жазылған.

Алматыда Нұрпейіс көптеген ақындармен, жыршы-жыраулармен кездеседі. Мұнда ол өзінің суырыпсалма ақын екендігін көрсетеді. Бұрын ол тек өз облысында ғана белгілі болса, енді оның аты бүкіл республикаға кең таралады. Оның шығармашылығына үлкен көңіл бөлінеді, оның өзінің жеке басына қамқорлық жасалды. Қазақстан Жазушылар одағы ақынға Ахмет Ескендіров пен Мәселе Жаңабаевтарды әдеби хатшылыққа бекітеді. Олардың жазып алулары нәтижесінде Нұрпейіс ақынның көптеген тамаша туындылары бізге жетті. А.Ескендіров пен М.Жаңабаевтан кейін Нұрпейіске әдеби хатшы әйгілі ақын Қуандық Шаңғытбаев болды.

Нұрпейіс 1939 жылы Қазақстан жазушыларының екінші съезіне делегат болып сайланады. Аса ерекше дарынды ақынның бірі болып республика Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Ақындардың республикалық слетіне қатысады.

Ақынға 1939 жылы «Қазақ КСР-інің өнеріне еңбегі сіңген қайраткер» атағы берілді. Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталады. Осы жылы Н.Байғанин Ақтөбе облыстық кеңесінің бірінші шақырылымының депутаты болып сайланады және оның бірінші сессиясын өзінің өлең-жырымен ашады.

Нұрпейіс Байғанин семьясымен бірге.

Уақыт өткен сайын ақын танымалдылығы одан әрі арта түседі. Ерекше құрметпен 1939 жылдың 16 тамызында Мәскеуге барады. КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесін көреді. Осы көріністерге тебіренген ақын «Өңімдегі жұмақ» өлеңін шығарады. Өлең жедел түрде орыс тіліне аударылып, Бүкілодақтық радио арқылы беріліп, бүкіл Кеңес Одағына тарайды.

Ақтөбеде 1940 жылы Нұрпейістің 80 жылдығына арналған үлкен мереке өткізілді. Осы жылы ақын «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Жан тебірентер сәтке арнап ақын «Қуаныш жыры» өлеңін шығарды. Ол орыс тіліне аударылып, «Известия» газетінде жарияланды.

Нұрпейіс Байғанин — көп қырлы талант. Ол, бір жағынан, суырыпсалма ақын, екінші жағынан, жырау-орындаушы, оның шығармаларында батырлық эпостар көп орын алады.

Нұрпейістің эпикалық шығармаларында үлкен орында тек батырлар ғана емес, аттары аңызға айналған әйелдер бейнелері де лайықты көрсетілген. Олар туралы ақынның «Ақкенже» және «Нарқыз» поэмаларында жырланған.

Ақын 1941 жылдың 19 мамырында Ақтөбеде құрылған 101-ұлттық атқыштар бригадасы жауынгерлері алдында жыр айтып, оларды Отан қорғауға үндейді. Бригаданың дайындығын тексеруге даңқты маршал Климент Ворошилов келген болатын.

Соғыс қызу жүріп жатқан 1942 жылдың көктемінде ақын Шалқарда теміржолшылар клубында қала халқы алдында жырлап, оларды «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен ерлікпен еңбек етуге шақырды. Осы кездесудің нәтижесінде Шалқар ауданының тұрғындары майданға 3755 сом ақша, 604 мың сомның облигациясын, 7927 әртүрлі киім жинап, Қызыл армия жауынгерлеріне көмек көрсетті. Нұрпейістің «Қазақстан — майданға» өлеңі бойынша деректі киноочерк түсіріліп, ол КСРО киноэкрандарында бүкіл кеңес халқына көрсетілді.

Нұрпейіс ақын ұзақ жасады, көп көрді, көп үйренді, көп жырлады. Ол Абайға, Жамбылға, Максим Горькийге, Тарас Шевченкоға, Шығанақ Берсиевке, Аманкелді Имановқа арнап өлеңдер шығарды.

Халық ақыны өзінен кейінге өте бай әдеби мұра —15 поэма, бірнеше айтыс, көптеген өлеңдер мен толғаулар қалдырды. Бірақ оның әдеби мұрасы бізге толық жетпеді. Әйтсе де оның кейінге сақталған шығармаларының өзі де көлемді, мол.

Н.Байғаниннің шығармалары әр жылдары бірнеше рет жарық көрді. 2008 жылы ақынның шығармалар жинағын сыйлық нұсқамен оның немересі Ерболат Момынұлы Байғанин шығарды.

Нұрпейістің ақындық және эпикалық шығармашылығын жазушы-академик Сәбит Мұқанов өте жоғары бағалады. Атақты ақынның мұрасына арнап Дихан Әбілев,  Қуандық Шаңғытбаев, Әбділда Тәжібаев, Берқайыр Аманшин, Тобық Жармағамбетов, т.б. зерттеу мақалалар мен естеліктер жазды. А.Б.Никольская ең бірінші болып ақынның өлеңдерін орыс тіліне аударып, 1946 жылы «Избранные произведения» жинағын 10 мың дана етіп орыс тіліне шығарды. Н.Байғаниннің 150 жылдығына арнап 2009 жылы өлкетанушы-ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Беркін Құрманбеков «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» атты кітап шығарды.

Нұрпейіс Байғанин аты және мәдени мұрасы қай кезде де құрметке ие және ел есінде.

1990 жылы Ақтөбе облысында ақынның 130 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Республикалық ақындар айтысы, термешілер сайысы, ғылыми конференция, көрме, Н.Байғанин күндері, Байғанин және Темір аудандарында салтанатты шаралар  өткізілді.

Бұрынғы Табын ауданы 1940 жылы Байғанин ауданы болып өзгертілді. 1962 жылы ақынның есімі облыстық балалар кітапханасына берілді. Байғанин ауданында «Қызыл әскер», «Жданов», «Жарсай» ұжымшарлары біріктіріліп, Байғанин атындағы ірі кеңшар ұйымдастырылды. 1964-1965 оқу жылында онда 8 жылдық мектеп ашылып, ол 1971 жылы орта мектепке айналды.

Қарауылкелдіде 1976 жылы ақынның ескерткіші ашылды. Нұрпейіс Байғанинге Ақтөбеде — 1999 жылы, Шұбарқұдықта, Ақсайда 1995 жылы ескерткіштер қойылды. Ақсайда ақын атында мектеп бар. Ақсай — Темір ауданындағы ауылдық округтің орталығы. Оған Нұрпейіс дүниеге келген Сүлікті жері кіреді.

Нұрпейістің үлкен ұлы Ғалым заңгер болған. Оның үш ұлы және екі қызы болды. Нұрпейістің тағы бір ұлы Момын — педагог-музыкант, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінде оқытушы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтында профессор болып қызмет етті. Кезінде Ақтөбедегі пединститут мұғалімдер институты болғанда Н.Байғанин атында болған екен. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің бір ғимаратына Н.Байғанин аты берілді. Марқұм Момын Нұрпейісұлы атақты күйші-домбырашы еді, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері болды. Оның төрт ұлы, бір қызы бар.

Нұрпейіс ақынның үлкен жүрегі соғуын 1945 жылы 9 сәуірде Қызылорда қаласында тоқтатты. Сүйегі Ақтөбеде Сүт зауыты аймағындағы қалалық қорымда жерленген. Ақын қайтыс болған соң үкімет оның зайыбы Аймекенге, баласы Момынға көмек-зейнетақы тағайындады.

Көрнекті ақын-жырау Нұрпейіс Байғаниннің аты қазақ әдебиетінде Жамбыл Жабаевпен қатар тұр, оның тамаша шығармалары қазақ поэзиясының алтын қорынан орын алды.

      Еркін ҚҰРМАНБЕК,

ҚР мәдениет қайраткері.

https://aqtobegazeti.kz/?p=91115