Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Конституция — тұрақтандырушы, біріктіруші күш

Конституция — тұрақтандырушы, біріктіруші күш

Амангелді АЙТАЛЫ,

философия ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы 

Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры.

Биыл Ата Заңымыздың қабылданғанына 25 жыл толды. Қазақтың Ата заңының бастауы, тамыры әріден келеді және ол өзінің әділдігімен Қазақ хандығынан да бұрын, Алтын Орда тұсында да қазақ ру-тайпаларының басын біріктіріп келген. Тәуелсіздік алғаннан кейін «Қазақтың Ата заңдары» атты 10 томдық еңбек жарық көрді. Тәуекел етіп, ел алдындағы парызды өтемек мақсатпен осы іске бел шешіп кіріскен марқұм академик Салық Зиманов еді. Кеңестік тарихта жазылған «қазақ мешеу, жабайы ел болды» деген көзқарастың тұрлаусыздығы осы еңбектегі деректермен дәлелденді.

Шығыстанушы ғалым А.И.Левшин: «Кіші Орда қырғыздарының  (қазақтарының) көрнекті ақыл иегерлері қазақ халқының да тыныш, бейбіт өмір сүрген, заңдар мен әділ сот мерейі билік құрған уақыттары болған деп үнемі айтып отыратын», — деп жазған. Қазақ сол кезеңді аңсап, «Алтын ғасыр» деп еске алған. Әсіресе, зерттеушілер билер сотын таңдана суреттеген. «Істі қарастыру кезінде би және ақсақалдар даушыларға асқан әділдік танытуды өзінің қасиетті парызы санайды. Ол екі жақтың да дәлелін әбден тыңдап болған соң ғана, өзінің әділ шешімін жариялаған және ол шешім міндетті түрде орындалған», — деп жазады А.Е.Алекторов. Қазақ: «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», — деген. Қазақта заңнан, дәстүрден жоғары ешкім болмаған, «құдайдың сүйген құлдары» деген ұғым заңнан тыс, жоғары дегенді білдірмеген. Ұлы далада элита, билер басқалардан тазалығымен, ақыл-парасатымен озған. «Би — төрттің құлы: адал еңбек, таза ниет, терең ой, әділдік», —  депті қазақ!

Сондықтан Қазақстан Конституциясы бастауын қайдан алды дегенде, айтылып жүрген «Франциядан алған» деген пікір шындыққа сай емес. Әрине,  әлемдік тәжірибеге сүйендік, бірақ біздің Конституция өз бастауын ең алдымен қазақтың Ата Заңдарынан алды. ҚР Конституциясын әңгімеге арқау еткен тұста, біз қазақ халқының Сөз құдіретіне, Заң құдіретіне басты құндылықтар ретінде сүйенгенін атап өтуіміз керек. Бүгінде қазақтың Ата Заңдары көшпелі өркениеттің қайталанбас төл туындысы, мәдени  жемісі, мұрасы, байлығы деп бағаланады.

«Конституционализм ілімінде конституцияны» жазылған және жазылмаған конституция деп бөледі. Қазақтың ата заңдары — жазылмаған заң, дәстүрлі заңдардың жүйесі. Конституция бойынша билік біртұтас: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі. Көне Ата Заңдарымыз бойынша да: хан билігі — атқарушы билік, билер кеңесі — заң шығарушы билік, билер соты — сот билігі. Бүгінде олар: Үкімет, Парламент, Жоғарғы Сот. Әрине, олардың ара қатынасы, салмағы, өкілеттілігі қазір өзгешелеу.

Конституциясы жоқ, бірақ жазылған заңдармен өмір сүретін мемлекеттер бар. Ұлыбритания — монархиялық (королдік) ел, конституциясы жоқ, бірақ жалпы саны  4 мың болатын заңды құжаттар, үкімдер, вердиктілер, сот шешімдері арқылы барлығы реттеледі. Конституциясы жоқ басқа да елдер бар. Араб елдерінде қоғам Құран, шариғат заңдарымен реттеледі.

Біз 1995 жылы екінші Конституцияны қабылдадық, ал оны қабылдауға қандай жағдайлар итермеледі?

1995 жылға қарай елде этнодемографиялық жағдай күрделі болды, қазақтардың үлесі 41% болса, басқа этностар үлесі 59%-ды құрады. Біз әлі тәуелсіз мемлекет емес, шынына келгенде, көп этностар тұратын кешегі совет елінің территориясы ғана едік, паспорттарымыз да әлі советтік, психологиямыз да кеңестік сана-сезім болатын, мұның бәрінің аяқ астынан өзгере салуы мүмкін емес еді. Алғашқы Конституциядағы ҚР — қазақ ұлтының мемлекеттік құрылымы деген тұжырымды өзге ұлттар қабылдай бермеді, себебі басқа этностар «біз де осы мемлекет құраушыларымыз» деген уәж айтты, кейбіреулері Қазақстан Республикасын менсінбеді, тарихи отандарына көше бастады, аймақтарда сепаратистік топтар бас көтерді. 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік туралы Декларациясына 16 адамның қарсы дауыс бергенін де ескерген жөн. Сондықтан екінші Конституция  елдің этнодемографиялық құрылымын есепке алып, Қазақстан Республикасы тек қазақтардың емес, барлық қазақстандықтардың мемлекеті деген жаңа концепцияға негізделінді. Кеңес Одағында еліміз Қазақ Республикасы болса, енді тәуелсіз еліміз Қазақстан Республикасы болып аталды. Бұл — жеңіліс емес, тәуелсіздікті сақтау жолындағы уақытша шегініс, кейін ол мәселеге қайта оралуға да болатыны есепке алынған еді. Сонымен «Біз — ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып» деген сөздерден басталатын Констиуцияның преамбуласы өмірге келді. «Байырғы қазақ жерінде» деген идеямен ешкім таласпады, бірақ сыртта да, өз ішімізде де әртүрлі ойлар әлі де айтылып қалады.

Конституцияның екінші бір жаңалығы — мемлекеттің сипатына түбегейлі өзгерістер енгізілуі. Біз парламенттік-президенттік басқару нысанынан президенттік басқаруға өттік. 2-баптың 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы — президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет» деп нақтыланды.

Конституция референдум нәтижесі бойынша қабылданды. Франция президенті Франсуа Миттеран (1981-1995 жж.) айтты деген сөз бар: «Референдум — тамаша және демократиялық дүние, бірақ мәселе мынада, француздарға бір сұрақ қойсаң, олар екінші сұраққа жауап береді». Бұл жағдай француздармен ғана шектелмесе керек. Конституцияны қолдағандардың басым көпшілігі оның мәтінімен мұқият танысқанына біз де күмәндіміз. Олар мемлекеттің саяси бағытын ғана қолдады.

Конституция өтпелі, даулы, күрделі кезеңге тән көптеген мәселелерді реттеуге мүмкіндік берді. Конституцияда адам, оның құқығы мен бостандығы басты құндылықтар болып мойындалды. Қазақстан өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырды.

Конституцияның ойланатын тұстары да бар. Мысалы, оның 4-бабының 3-тармағында былай делінеді: «Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және республиканың аумағында ол тікелей қолданылады». Ал 4-тармағында «халықаралық шарттардың басымдығы болады» деп көрсетілген. Бұл қайшылықты бірқатар елдер отандық заңнаманың басымдылығын мойындау арқылы еңсерген.

Бүгінде Конституция төңірегінде пікірталастар баршылық. Ол — Ата Заңдағы нормалар мен өмірдің арасындағы алшақтық. Бірақ оның себептерін түсіне бермейміз. Тарихи тұрғыдан саралағанда, конституциялар бүгінгі  күнмен шектелмейді, қоғамның ертеңгі күніне бейімделеді. Бұл, айталық, балаларға киімді ертең өскенде шақ болады деп, бір-екі өлшем үлкенірек алған секілді. Бір мысал келтірейін. АҚШ-тың Конституциясы 1776 жылдың 4 шілдесінде қабылданған, ол Тәуелсіздік Декларациясынан туындайды. Бұл тұста АҚШ — кедей, қара құлдарды қанаушы ел еді. Ал басты заңдағы адам, азамат құқығы — тек мақсат қана еді. Бірақ кезінде дискриминацияға ұшыраған, қара нәсіл құлдардың ұрпағы Барак Обаманың 2008 жылы АҚШ президенті болып сайлануы — сол заңның нәтижесі, онда көрсетілген құқық пен еркіндік идеясының ақыры жүзеге асуы.

Конституциялар озық ойларға негізделеді, өйткені өмір бір орында тұрмайды, өзгереді, қатып қалған ештеңе де жоқ, бүгінгі қағидалар ертең ескіреді, өмірге жаңа көзқараспен қарайтын жас ұрпақ, жаңа толқын келеді. Сондықтан біздің Конституциямыз да — ұлы мұрат, идеал. Ал ол мұрат — біздің ертеңіміз. Конституцияның берері көп, ол сарқылады деу — қате, ұшқары пікір. Екіншіден, Конституция біздің демократиялық дамуымыздың бағыт-бағдары болып қала береді, оны жүзеге асыру ұдайы жалғаса береді, соңғы нүкте еш уақытта қойылмайды.

Бірақ бұл пікір қазіргі біздің өміріміздегі заңсыздыққа жол беруді, жемқорлықты, басқа да келеңсіз жағдайларды ақтамаса керек. Биліктегілерді халық жемқорлыққа үйретті, оларды мықты дәмелендірді. Сөйте тұра жемқорлықпен күресеміз деп айқайлап та қоямыз. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» демекші, халық қаласа министрді де, басқасын да орнына қояды. Шенеуніктерге сенбеу — әр адамның азаматтық борышы саналатын, олардың қадамын қадағалап отыруды дағдыға айналдырған елдер де бар. Шенеуніктер халықтың өзінің әр қадамын қадағалайтынын сезінуі керек. Бұл тырнақ астынан кір іздеу емес. Еш жерде де Конституция, заңдар өзінен-өзі, автоматты түрде жұмыс жасамайды. «Құқық  үстемдігі», «заң диктатурасы» дегеніміз — жай сөз, метафора. Мәселе — адамдардың мәдениетінде, санасында, терең саяси, құқықтық білігі мен парасатында, тәртіптілігінде.

Сонымен, ҚР Конституциясының 25 жылдығы оның қажеттігіне көзімізді жеткізіп отыр. Конституция  — тұрақтандырушы, біріктіруші күш. Еліміздегі көлеңкелі жағдайларды онымен байланыстыру жөнсіз. Олардың себептерін басқа жағдайлардан іздейік. «Ата Заңымыз әділ, ендеше сен де әділ бол, азамат», — деуіміз керек.

Шетелдердің конституцияларында үлгі аларлық тұстары бар. Мысалы, Жапонияның 1947 жылы қабылданған конституциясында былай делінген: «Осы конституцияда халыққа кепілденген бостандық пен құқықтар үнемі халықтың қолдауына сүйенеді. Халық осы бостандықты қандай да бір теріс пайдаланудан сақтануға тиісті және оны халықтың игілігі үшін пайдалануға жауапты».

Мәселенің екінші жағы — мемлекеттік биліктің өзінде. Бүгін өршіп тұрған жемқорлыққа, заңсыздыққа байланысты азаматтар тарапынан мемлекеттік аппаратқа, мемлекеттік қызметшілерге сенімсіздік қалыптасты. Оны моральдық дағдарыс деуге де болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа саяси өзгерістерге иек артып, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрып, қоғаммен диалогке, ашық пікір алмасуға шақырды. Оның тиімділігін уақыт көрсетеді.

Қазіргі сөз бостандығы заманында БАҚ-та, әлеуметтік желіде сөйлеушілер көп те, сабырлы, байыпты сарапшылар аз. Сөзіне қарап кімнің кім екенін айыруға мән бермейтіндер көп. Бопсаға, ашу-ыза мен сары уайымға салынғандарға, арзан абырой жинағысы келетіндерге, атаққұмарларға ере беру елді адастырады. Қазақ — мемлекет құраушы ұлт. Ол — тек мақтаныш қана емес, елдікті сақтау жолындағы, елдің тұтастығы мен бірлігі жолындағы зор жауапкершілік. Осыны әрдайым есте ұстасақ деймін.

 

https://aqtobegazeti.kz/?p=91802