Четверг, Сентябрь 24, 2020
Басты > Ел жаңалықтары > Президент ҚР Конституциясы күнімен құттықтады

Президент ҚР Конституциясы күнімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Конституциясы күнімен құттықтауы

Құрметті отандастар!

Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын!

Осыдан 25 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен қазіргі Ата заңымыз қабылданды. Бұл қадам тереңнен тамыр тартатын мемлекеттігімізді тың өріске бастап, Қазақстан Республикасының күрделі геосаяси жағдайдағы дамуының даңғыл жолын айқындады.

Конституциямызда белгіленген адам құқығы мен бостандығы, саяси және әлеуметтік-экономикалық құрылым қағидаттары әділетті қоғам мен қуатты мемлекеттің айнымас тұғырына айналды.

Халық билігі, теңдік, бірлік, заң үстемдігі сияқты қастерлі ұстанымдар мызғымас ұстын ретінде қалыптасып, Қазақстанның келешектегі жан-жақты даму бағдарының мазмұнын айшықтай түсті.

Ата заңымыз уақыт рухына және азаматтарымыздың талап-тілегіне сай келеді. Сондай-ақ, оның жасампаздық әлеуеті саяси жүйе мен әлеуметтік-экономикалық қатынастарды одан әрі жетілдіруге бағытталған.

Біз мемлекеттің берік конституциялық негізіне сүйене отырып, елдегі келісім мен саяси тұрақтылықты сақтаймыз және азаматтық қоғаммен сындарлы байланысты жалғастыра береміз. Қазіргі қиындықтарды бірге еңсеріп, көздеген мақсатымызға жететінімізге сенімім мол.

Елімізге амандық, жұртымызға ынтымақ пен бақ-береке тілеймін!