Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Онлайн форматтағы білім күні

Онлайн форматтағы білім күні

1 қыркүйек – Білім күні. Биылғы қыркүйек бұрын­ғыдан өзгерек болып тұр. Себебі еліміздің тарихында алғаш рет жаңа оқу жы­лы жаңа бағытта, яғни қа­шық­тан оқыту форматында басталды. Бұл – эпи­демияның алдын алу мақсатында қабылданған мәжбүрлі шешім. Дегенмен, жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік алып отырған студенттер де бар. Осыған орай онлайн форматта Жұбанов университетінің басшылығы мен оқытушылары бірінші курс студенттері мен олардың ата-аналарын, университет ұжымын Білім күнімен, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.

Университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков өзінің бейне үндеуінде  білім алушыларды Білім күнімен құттықтай келе, жаңа өмірге қадам басқан жастарға сәттілік тілеп, жаңа оқу жылында жаңа табыстарға жете берулеріне тілек білдірді.

Бірінші қыркүйек, білім күні, біздің оқу ордамыз үшін қасиетті күн.

1935 жылдан бастап, дәл осы күні, шаңырағына бірінші курс студенттерін қабылдап келе жатқан Жұбанов университеті, өз ұясынан неше мыңдаған шәкіртін тек Қазақ еліне ғана емес, бүкіл жер-жаһанға қанат қақтырды.

Ғасырға жуық уақытта университетімізде, не бір жаны аяулы ұстаздар мен білімді ғалымдар, білікті мамандар қызмет етті.

Жыл сайын жаңарып, түлеп, біліктілігі артып келе жатқан, ауызбірлігі ұйыған ұжым әр студенттің келешекте кемел адам болып шығуына бар ынта-жігерін жұмсауда.

15 мыңнан астам студенті бар, еліміздің батыс аймағындағы ең ірі университет Ұлттық рейтингіде жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленіп, 200-ге жуық ЖОО-ның ішінде төртінші орынды тұрақты иеленіп келеді. Бұл – ауыз толтырып айтарлық үлкен көрсеткіш!

Биылғы жылы үш мыңнан астам түлек оқу бітіріп, оның тоқсан пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты, ары қарай білімін жалғастырып магистратураға оқуға түсті. Жас мамандарымыз докторантураға түсіп, ғылымға ден қоюда.

Универститетте 70-тен астам бакалавриат, 40 магистратура, 6 докторантура мамандықтары деңгейінде универсианттарды дайындап жатырмыз. Физика, математика мамандықтары бойынша екі диссертациялық кеңес жұмыс жасауда.

Жиырмаға жуық ғимараттары бар университеттің, материалдық-техникалық базасы толыққанды білім беруге сақадай сай.

Бір ғана өкініштісі — әлемді жайлаған пандемияның салдарынан біз басқа да оқу орындары сияқты студенттерімізді қашықтан оқытуға мәжбүр болып отырмыз.

Әрине, профессордың алдында отырып сабақ оқығанға ештеңе жетпейді. Бірақ, бізге ең алдымен, әрқайсыларыңыздың денсаулықтарыңыз, бас амандықтарыңыз қымбат. Сол себепті де біз әзірше сабақты он-лайын режимде бастаймыз. Бірақ, бұл уақытша екендігін айтқым келеді. Қазақ айтады, «Қырқына шыдағанда, қырық біріне де шыдайық» деп, сол айтқандай шыдамдылық танытайық, қадірлі жас достар!

Бүгінгі білім күнінде мен Біздің университетімізді таңдаған 1 курс студенттеріне, олардың ата-аналары мен ұстаздарына ерекше рахмет айтқым келеді. Өздеріңіз куә болған «Жұбанов керуені» мега жобасының нәтижесінде біз Ақтөбе облысының барлық аудандарын аралап, әр мектептің бітіруші түлектерімен, қала мектептерімен кездестік. Университеттің жетістіктерімен таныстырып, жақсы жақтарымызды паш еттік. Қазақ елінің басқа өңірлері де біздің алған биіктерімізге құлақ түрді. Нәтижесінде осынау пандемияға қарамастан, облысымыздан, және еліміздің түкпір-түкпірінен 4 мыңнан астам мектеп түлегі Жұбанов университетін таңдады. «Менің таңдауым – Ақтөбе» жобасы аясында шетелдегі қандас бауырларымыз біздің университетімізге оқуға түсуде.

1 курс студенттерінің мыңнан астамы мемлекеттік грант иегерлері. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 200 жуық алтын белгі иегері, 120 үздік аттестат, 300-ге жуық түрлі олмпиадалар мен спорттық жарыстың жүлдегерлері, жас таланттар Жұбанов жастарының қатарына қосылды.

Мен осы 1 курсқа түскен студенттерге де, ата-аналарға да айтарым: Сіздер «еті сенікі, сүйегі менікі» деп бауыр еті балаңызды бізге сеніп тапсырған екенсіз, біз бұл жеткіншектерден білікті маман ғана емес, Абайдың аңсаған Толық адамын қалыптастырып шығаруға барлық күш-жігерімізді саламыз. Ол үшін студенттерден талап етілетін екі нәрсе бар. Біріншісі — сабағын жақсы оқу, екіншісі — университеттің ішкі тәртібіне бағыну. Тәртіп болған жерде тәрбие болады, тәрбие болған жерде білім болады. Бұл — Жұбанов университеті ұстанатын басты қағида.

Пандемияға байланысты, әсіресе, 1 курс студенттеріне адаптациядан өту қиындау болады. Бұл тұрғыдан, студенттерге факультет деканы, декан орынбасары, кафедра меңгерушісі, эдвайзер-кураторлар көмекке келіп, университетпен виртуалды байланысудың барлық жай-жапсарын түсіндіріп отырады.

Құрметті профессорлық-оқытушылық құрам, қадірлі қызметкерлер, жүрегі Жұбанов деп соғып тұратын Жұбанов жастары! Қашықтан білім алу, экранның ар жағынан дидарласу, әрқайсымызға қаншалықты қиын екенін мен, ұстаз ретінде де, басшы ретінде де жақсы түйсінемін. Бірақ біз бұл қиындықты бірге еңсереміз. Пандемия білім сапасына еш әсер етпеуі керек.

Данышпан Абай бір сөзінде айтқан екен: «Адамның адамшылығы істі қалай бастағанынан белгілі болады. Қалай аяқтағанынан емес»,- деп. Сондықтан да Жұбанов жастарының қатарын толтырып отырған 1 курс студенттеріне, қара шаңыраққа келген алғашқы қадамдарына сәттілік тілеймін.

Сендердің іштеріңнен болашақта ел қамын ойлар еңбектің ерлері де, әлемдік жаңалық ашар ғалым да, ел бастар көсем мен сөз бастар шешен де шығарына біз , Жұбанов ұстаздары кәміл сенеміз. Сол сенімге селкеу түсірмеу керек!

Адамзатты алға сүйрейтін білім болса, сол білім мен ғылымды ұлықтаған бүгінгі мереке құтты болсын, әріптестер және студенттер!

 

Сонымен қатар, 1 қыркүйек күні ректор Бауыржан Ердембеков пен оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректор Бибігүл Абенова  тікелей эфирде білім алушылармен кездесті.

Тікелей эфирді  2000-ға жуық  көрермен тамашалады.  Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті.  Кездесу барысында университет басшылары  жатақхана, оқу ақысы, жеңілдіктер  сынды өзекті мәселелерге жауап беріп, сабақтардың қашықтан оқу режимінде жүзеге асуы туралы әңгімеледі.  Онайлан кездесуде университет басшылары қашықтан оқытудың қиындықтарына қарамастан, білім алушылардың оқу үдерісіне қосылуына мүмкіндік беретін  жағдайлар жасалғандығын ерекше атап өтті.

Айта кетейік, 26 тамыздан бастап бірінші курс студенттеріне арналған бағдарлау апталығы өткізіліп келеді. Барлық оқу материалдары «Универ» жүйесінен жүктеліп және  YouTube арналарында оқытушылардың видео дәрістері дайындалды. Сондай-ақ, SmartARSU мобильді қосымшасы оқу үдерісін бақылауға мүмкіндік береді және университеттің call-орталығы үздіксіз жұмыс жасайды.