Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Спортшылар игілігіне берілді

Спортшылар игілігіне берілді

Қазақ халқының ұлттық спорты тоғызқұмалаққа елімізде соңғы жылдары айрықша назар аударылып келе жатқаны белгілі.  Әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын, зияткерлік ойын, логикалық ойлауды дамытатын  өнерді насихаттауда ректор Бауыржан Ердембековтің бастамасымен Жұбанов университетінде «Бақтыбай батыр Төлесұлы атындағы зияткерлік ойындар кабинеті» ашылды. Аталмыш кабинет «Бақтыбай ата атындағы қордың» қаржысына жасақталды.

Айта кетейік, өткен жылы Жұбанов университеті тоғызқұмалақ бойынша облыстық Федерациямен бірлесіп облыстық және республикалық турнирлер сәтті өткізілді. Жаңа кабинет, сондай-ақ жақында өткен облыстың аға жаттықтырушысы Қабидолла Нұршинді еске алу үшін ашылып, ақтөбеліктер арасында ұлттық ойынды дәріптеу бойынша жұмысты жалғастыруға және түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге мүмкіндік береді.

Шарада Бақтыбай Төлесұлының ұрпақтары   аталған  кабинеттің жастарды тәрбиелеуде, білім беруде қосар үлесінің зор болатындығына сенім білдіріп,  игі шараны қолға алған университет ректорына, университет ұжымына алғысын білдірді.

Айта кетейік, Бақтыбай батыр Төлесұлы шамамен 1698-1758 жылдар аралығында өмір сүрген. Әбілқайыр ханның сенімді серігі болған. Бақтыбай батыр 15 жасында Әбілқайыр жасағының құрамында шайқасқа қатысып, ерлігімен көзге түскен. Есет батырдың қолдауымен шекті жасақтарына қолбасшы болып тағайындалады. Есімі сарбаздардың жауынгерлік ұранына айналады. Бақтыбай батыр бастаған жасақтар Бұланты және Аңырақай шайқастарында жауды жеңуге үлкен үлес қосқан. Ел аузында, халық жадында, тарихтың көмбесінде атағы сақталған, ерлігі аңызға айналған, елінің ұраны болған Бақтыбай батыр Төлесұлының қазақ халқының тарихында алар орны ерекше.

Сонымен қатар мереке күні Жұбанов университетінде  бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорт алаңдары пайдалануға берілді. Алдағы уақытта  оқу орнында заман талабына сай волейбол,  баскетбол алаңдары жұмыс жасайтын болады. Қазіргі заманға сай жабдықталған алаңда университет жастарының спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Ашық алаң барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Мұнда жасанды төсеніші бар шағын баскетбол алаңы және аяқ-қол бұлшықеттерін шынықтыратын бірнеше құрылғылар орнатылған.

Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков оқу ордасындағы  спорт саласын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтіп, осы бағытта жоспарланған игілікті істерді алға тартты. Аталған оқу орнынан талай спорт майталмандары жеңіске жетуге ұмтылып, жігерлене түсеріне сенім білдірді.

Б.Ердембековтің  айтуынша, бұл шара жастардың денсаулығын нығайтуға, спортқа деген ынталарын арттыруға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты жандандыру, дене шынықтырумен шұғылданып, салауатты  өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы тапсырмаларын орындауда қатарға қосылған жаңа спорт алаңдары мен  қосар үлесі мол болмақ. Денсаулық – басты байлық деген қағиданы басшылыққа алған оқу орнында  білім алушылар мен қызметкерлер спортты серік етіп, салауатты өмір салтын ұстануға барынша жағдай жасалған.

Айта кету керек, университетте бұқаралық спортты дамыту жөнінде кешенді шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде.  Соның нәтижесі болар, талай саңлақ спортшыларымыз ел абыройын асқақтатып, көк байрағымызды желбіретуде. Олимпиада ойындарынан спортшыларымыз  олимп шыңын бағындырып, қазақ әнұранын әлемге паш етуде. Түрлі дәрежедегі біріншіліктерден олжалы оралған сайыпқырандарымыздың өзі бір төбе. Мұның барлығы университеттегі бұқаралық спортқа деген ерекше ықыластың жемісі.