Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа оқу жылы: жаңа кабинеттер

Жаңа оқу жылы: жаңа кабинеттер

Жұбанов университеті пандемия аяқталғаннан кейін студенттерді қарсы алуға дайындалуда. Күзгі семестрде студенттерді оқыту — қашықтан оқыту форматында өтеді.  Алайда, оқу процесін ұйымдастырумен қатар онлайн-режимде ЖОО-ның инфрақұрылымын жақсарту және материалдық-техникалық базасын жарақтандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Бұл ретте Білім күні қарсаңында Жұбанов университетінде оқу  кабинеттері пайдалануға беріліп, университет білім алушыларына үлкен тарту жасалып жатыр. Шараның ашылу салтанатына университет басшылығы мен ұжымы, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.

Жаңа оқу жылының аясында аталған оқу орнында болашақ металлургтер үшін мобильді қосымша арқылы практикалық сабақтарға арналған жаңа жабдықтар мен виртуалды тренажерлері бар зертханалар ашылды. Ал, физик-студенттер үшін «Материалдардың радиациялық физикасы» ғылыми-зерттеу орталығы қайта құрылды. Аталмыш орталықтар Жұбанов университетінің 85 жылдығына орай оқу орнының стратегиялық даму жоспарының арқасында орталық Қазақстанда баламасы жоқ заманауи жабдықтармен жабдықталды.

Сонымен қатар университет қаржысы, эндаумент қоры мен жомарт жанды меценаттардың көмегімен өңірге белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қо­ғам қайраткерлеріне арналған заманауи озық тех­нологиямен жабдықталған арнайы оқу каби­неттері ашылды. Бұл ретте тарихшы Елтоқ Ділмұхамедовтің, ақын, композитор Бәкір Тәжібаевтың және Кеңес одағының батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдығына орай  жаңа оқу кабинеттері өз есігін айқара ашты.

Салтанатты шарада құттықтау сөз алған университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков тағлымды тұлғалардың  жастар тәрбиесіндегі рөлін атап өтіп, ер есімдері өскелең ұрпақтың жадында жатталуы керектігін тілге тиек етті.