Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өзекті мәселелер талқыланды

Өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов  Жұбанов университетінде болып,  оқу орнының басшысымен кездесті.

Тікелей эфир кезінде департамент басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов пен Бауыржан Ердембеков жаңа оқу жылының басталуы туралы және жоғары оқу орнында  жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс туралы әңгімеледі.

Университетте 2017 жылы «Тәртіптік-сыбайлас жемқорлыққа қарсы қимылдар» кеңесі құрылды. «Тәртіптік-сыбайлас жемқорлыққа қарсы қимылдар кеңесі жөнінде Ереже» жасақталып, бекітілді.  2020 жылы «Тәртіптік-сыбайлас жемқорлыққа қарсы қимылдар» кеңесі «Тәртіптік және этика жөніндегі» кеңесі деп өзгертіліп, құрамы қайта құрылды. Кеңес өз жұмысын жүргізуде, — деді ректор.

Ректор Бауыржан Ердембековтің айтуынша, білім алушылар мен профессорлық-оқытушылық құрамның ғылыми жазба жұмыстары университеттегі Антиплагиат бағдарламасынан тексеруден өткізіледі. 2020 жылы «Академиялық адалдық Кодексі» қайта жасақталды. Сонымен қатар, әр оқу жылының академиялық кезеңдерінде «Оқытушы студент көзімен», «Білім беру сапасы», «Таза сессия» сауалнамалары жүргізілуде. Сауалнама қорытындылары ректорат тапсырмасымен факультеттер Кеңестерінде талқыланады.

Айта кетейік, Жұбанов университетінің студенттері қоғамның тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қатынасын өзгерту идеясын қолдайды. «Адалдық дүкені» ауқымды жобасы аясында университетте «АRSU store» алаңы жұмыс істейді, оның қызметіне кеңсе тауарларын, сондай-ақ студенттік стартаптарды сату кіреді, ал сатып алу және есептеу процесі сенім мен адалдыққа негізделген.

Өткен жылдың қыркүйек айында университет жанында Парасаттылық мектебінің жұмысы басталды. Студенттер үшін әр түрлі спикерлердің коучингтері мен тренингтері, «Біз таза сессияға барамыз» акциясы ұйымдастырылды. Аталған жоғары оқу орнында  call- орталығы жұмыс істейді, орталық сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша өтініштер қабылдайды. Сонымен қатар, бүгінгі күні университетте дипломдық жобаларға қойылатын талаптар да күшейіп және GPA (студенттің орташа балы) өсті. Университет бейнебақылаумен толығымен жабдықталған, соның арқасында пәндер мен емтихандардың сапасы белсенді түрде бақыланады.

Ситуациялық  орталық — бейнебақылау базасын жинау мен жүйелеудің бірыңғай пункті, орталық үнемі дамып келеді. Бір жыл ішінде камералар саны 360-тан 500-ге дейін өсті. Бейнебақылау барлық оқу ғимараттарында, аудиторияларда, дәліздерде, кампуста және жатақханаларда жүзеге асырылады.

Тікелей эфирде  ректор Бауыржан Ердембеков университетті цифрландыру жұмыстары мен  Smart университет ауқымды жобасы шеңберінде жасалған Smart ARSU мобильді қосымшасының пандемия кезіндегі өзектілігіне ерекше тоқталды.   Айта кетейік, мобильді қосымша студенттерге, түлектерге және талапкерлерге үйден шықпай-ақ қажетті қызметтерді алуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін университеттегі «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы арқылы 60 мыңнан астам қызмет көрсетілген, оның 40 мыңы мобильді қосымша арқылы ұсынылған.

Тікелей эфирден соң құрметті мейман Жұбанов университетінің Ситуациялық орталығы мен «ARSU store» дүкенін, «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығын көріп, университет жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Ғ.Досанов университеттегі Әбіш Кекілбаев атындағы дәрісхананы, Тахауи Ахтанов атындағы конференц-залды, Құдайберген Жұбанов атындағы конференц-залды аралау барысында аталған оқу ордасындағы  тың бастамаға оң бағасын берді.