Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Тіл саясатында сананың тәуелсіздігі жетіспей келеді

Тіл саясатында сананың тәуелсіздігі жетіспей келеді

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, ғылыми-инновациялық департаментінің директоры, Цинхуа университетінде гуманитарлық бағыт бойынша PhD докторы атанған тұңғыш қазақ баласы Берікхан Иісбекұлымен сұхбаттасқан едік.

— Беке, ғылымдағы жетістігіңіз, жаңа белесіңіз құтты болсын! Диссертацияңызды қайда қорғадыңыз?

— Рахмет! Шынында бұл жетістік менің емес, менің осы күнге жетуіме жанын салып еңбектенген, өздері жетпеген арманына мені жетелеген ата-анамның, ұстаздарымның, отбасымның, достарымның, әріптестерімнің жетістігі. Шын жүректен шыққан шынайы құттықтаулардың иесі – солар. Қорғау сәтті аяқталысымен әрқайсына ретімен хабарласып, сүйінші сұрап, осы жолдағы жасаған барлық жақсылығына рахметімді айттым.

Мен үшін «қай жерде» деген сұраққа қарама-қайшы екі түрлі жауап айтылады. Дәл сол күні мен отырған жер – Ақтөбе, Диссертациялық кеңес отырған жер – Бейжің. Қазіргі заманның технологиялық трентіне сай онлайн форматта өтті. Докторантураны ҚХР астанасы, Бейжің қаласындағы, Цинхуа университетінде (Tsinghua university) оқыдым.

— Ол университеттің әлемдік білім беру жүйесіндегі жетістігі қандай?

— Әлемдік QS рейтингі бойынша үздік «ТОП – 20» университеттің қатарына енетін университет. ҚХР-дағы №1 университет. Түлектерің қатарында министр, Премьер-министрлерді есептегенде соңғы екі ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао мен Си Цзиньпин бар.

— Ол университетте оқып жатқан қазақ жастары көп пе?

— Ең бірінші осы университет шыңын бағындырған Ақсуат өңірінен шыққан Алашшыл азамат Жәкула Күшікұлының немересі Асқар Жәкулин. Одан соң да санаулы азаматтар оқыған. Мен оқыған тұста барлығы оншақты ғана қазақ жастары түрлі білім деңгейі мен мамандығында оқыдық. Білім берудің алпауыттары 2000-шы жылдардың басынан бастап енгізген технологиялық жетістік бойынша онлайн құжат тапсыру арқылы қабылдандым.

— Бакалавриат пен магистратураны қазақстандық ЖОО-нан оқыдыңыз, ал докторантураға неге шетелдік ЖОО таңдадыңыз?

— Бакалавриатты Алаш астанасы – Семейдегі мемлекеттік педагогикалық институтынан бітірдім, магистратураны Өскемен қаласындағы С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-де оқыдым. Ал докторантурада шетелдік ЖОО еріксіз таңдадым. Неге? Бұл үлкен әлеуметтік мәселе. Менің замандастарым магистратураны бітірген кезде докторантураға бөлінген мемлекеттік грант саны санаулы, оның өзі тек ұлттық университеттерге ғана, қазіргідей өңірлік университеттерде грант жоқ. Докторантураға түсеміз деген арман бітіру кешіндегі дастарханнан аспай қалды. Сағымыз сынды, амалсыз шетел астық. Сондықтан, менің шетелдік үздік университетте оқуым – қазақстандық білім беру жүйесінің әрі традегиясы, әрі мақтанышы. Традегиясы деуім – шетел асқан менен мықты талай қарагөз оқуын бітірісімен сонда қалып оралмады, интеллектуалды білімін шетелдік білім мен ғылым нарығына сарп етуде. Мақтанышы деуім – өңірдегі екі университет маған берген білімі әлемнің үздік университетін мойындатты. Бәсекеге қабылетті деген сөз.

Шынымды айтсам, Цинхуа университетіне тапсырамын деп ойламадым. Магистратураны бітірген соң С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-де жұмыс істедім. Еңбекақым отбасылық өмірімнің күн көрісінен аспайды. Ол кезде қалалық өмір мен үшін күңгірт. Ауылға қайтсам ба деген ой бар күпті көңілде. Сондай бір күні ұстазым ф.ғ.д., профессор, сол кездегі университет проректоры Б.А. Ердембеков мені кабинетіне шақырып «Бейжіңге барамыз» деді. Ауылға жетуге ақшасы жоқ жас маман «жоқ»-тан басқа не дейді. Жоқ дегенге көне ме?! Желкелеп отырып Бейжіңге алып барды. Барған соң не істейсің дейді? Аң-таңмын, жолға шығарда жұмыс кестесі құрылып, барлық іс-шаралар тізбегі жасалған. Қабағыммен қолымдағы сол кестені нұсқадым. «Жоқ, сен мұнда шетелдік бағдарлама аясында докторантураға түсуді қарастыр» деп ұстаздық бұйрығын берді. Содан не істеймін? Бейжің Семей мен Өскемен емес бас-аяғына машинамен бір сағатта жететін. Интернетті ақтарып университеттерді қарай бастадым, бір қалада 70-тен аса университет бар екен. Амбициям мықты ең мықтысы қайсы деп іздесем «Цинхуа университеті» деп шықты, барып, көріп, оқу қабылдау процесімен танысып қайттым. Сосын қабылдау уақытында құжатымды онлайн тапсырдым. Егер ұстазым басқа ел немесе басқа қалаға апарғанда мүлдем басқалай болуы мүмкін еді.

— Үлкен армандар алғашқы кішкентай қадамдардан басталады ғой. Бәрін бала күннен бастасақ…

— Арманға келер болсақ, мемлекеттің даму бағдарламасындай деңгейлі, сатылы болды. Бірақ дәл қазіргідей доктор боламын деп ойламадым. Себебі, перезентханасыз сахарада құрға тартылып босаған аналардың құрсағынан шыққан соңғы ұлдардың бірімін, және де біз өмір сүрген сол шағын ауылда свет жоқ еді. Сондықтан бала күнгі үлкен арманым – сол ауылға жарық әкелу болатын…

— Сіз үшін қымбат жандар…

— Ол жандарды айту азаматтық парызым. Олар мен үшін барын аямаған жандар. Әңгіменің әлқиссасын сәби күнімнен бастасам. Ол күндері қатты жылауық болғаным сондай анам мені тынымсыз уатумен таңын атырып, күнін батырады екен. Қандай жылауық болдыңыз дейсіз ғой? Көз көргендердің айтуынша менен артып әлі ешкім рекорд жаңартпады деседі… Сол жылауық баласынан жерімеген әкем мен шешем «сенің табаныңа кірген шөгір, менің маңдайыма кірсін» деп білім алуыма бар жағдайымды жасады. Тек балаларымыз үшін деп, өмір рахатын көрген емес. Тіпті, шешем өзінің дертіне қажетті дәрісін алмай, тапқан-таянғанын білім жолына жұмсады. Ақыры дерті асқынып, мен докторантураға түскен жылы өмірден өтті. Арманының асқарына таяған шағымда, бейнетінің зейнетін көре алмады. Арқырғы демі таусылғанға дейін осы бір шыңды бағындыруыма бар тілеуін тілеп кетті.

«Ұстазы жақсының, ұстамы жақсы» демей ме? Жақсы ұстамым қалыптасуда ұстаздарым қатты әсер етті. Ұстаздан жолы болған шәкірт кім десе, мен дер едім. Егер сол 11-ші сыныпта «Әдебиет» пәнінің мұғалімі Мәрзия Сүлейменова маған өмірімде бірінші рет «5» қоймағанында, мен ҰБТ таңдау пәні ретінде «Әдебиетті» таңдамас едім. Шынымды айтайын «Физика» немесе «Ағылшынды» таңдау ретінде жоспарлаған мен үшін ол кісінің ұстаздық мейірімі әсер еткені сондай, мамандық таңдауда тағдырымды сол кісіге тапсырдым.

Темірқазықтай бағдарым болған ұстазым Бауыржан Ердембековтың тұлғалық қалыптасу жолымдағы еңбегін айтып жеткізу қиын. Бір сөзбен айтқанда ұстаздықтың феномені. Жоғары білімнің үш деңгейінде ғылыми жұмыстарыма жетекшілік етті. Өзімен бірге ертіп білім беру ісінің менеджментіне баулыды, ұлт тағдырына қажетті ойлы қадамдар жасауды үйретті. Егер ол кісімен жолықпағанымда бүгінгі жетістіктерім болмаған да еді.

Отабасым, достар мен әріптестерімнің моралдық қолдауы болмағанда менде жеңіске жетелеген сенім болмас еді. Сондықтан да ерекше атап өтемін.

— Маған «Қазақстандағы тілдік ахуал және тіл саясаты» деген тақырыбыңыз ұнады. Осыған тоқталсаңыз.

— Жалпы зерттеу тақырыбына келер болсақ, бакалавриат және магистратура білім деңгейіне белгілі абайтанушы ғалым Б.А. Ердембековтың жетекшілігімен «Абай шығармаларының жиналуы және жариялануы» тақырыбында дипломдық жұмыс, «Абай шығармаларының қолжазбасы» тақырыбында магистрлік диссертация қорғадым. Міне, тағы да ол кісінің шетелдік кеңесшілігімен «Қазақстандағы тілдік ахуал және тіл саясаты» докторлық диссертация қорғадым.

Бұл арада неге зерттеу салаңыз абайтанудан тіл саясатына ауысты деген заңды сұрақ туындайды. Оның себебі – абайтану мен танытуды зерттеу барысында мынау оқшау ойға келдік: Абайдың тілін (қазақ тілін деп түсініңіз) халықтың қай деңгейде меңгергенін анықтап алмай, болашақта Абайды танытудың стратегиясын жасау мүмкін емес. Немістің гететану мен Қытайдың конфуцийтануы да осындай процестен өткен. Әйтпесе, осы тұлғалардың атындағы институттар тілдік деңгейді анықтайтын құзырлы орган болмас еді. Сондықтан осы тақырыпты таңдадық.

Ал бүгінгі абайтанудың мәселесі бұрын жазылған еңбектерді қайта өңдеп шығару мен ескерткіш қоюдан аспай жатқанын білесіздер.

— Бұл тақырыпты зерттеуді қай кезден бастадыңыз?

— Нақты қай күні бастағанымды айтауға келмес. Бірақ көкейімде жүрген сұрақтарға шежірелі кітапханалардан ең көне һәм соны зерттеулерден жауап іздедім.

— Таптыңыз ба?

— Иә, таптым.

— Нені таптыңыз?

— Қазақ тілі қолдану мәселесінің түпкі түйіні.

— Түпкі түйіні неде екен?

— Түпкі түйінін айтпас бұрын мына бір нәрсеге назар аударайықшы. Мысалы, мәдениеті мен экономикасы екі түрлі Моңғолия мен Израиль мемлекетін салыстырғанда ортақ нені байқайсыз? Құдайына өз ана тілінде табынады. Сан ғасырдан бері өзгермеген. Тіл халық санасына тәуелсіз ғасырлар бойы тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмір процесінде қолданылуда. Сондықтан, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтеміз десек, діннің тілін қазақыландыруымыз керек. Құранда да міндетті түрде араб тіліне Құдайға құлшылық ет деген аят жоқ. Бұл бір. Екінші, тіл саясатын басқарудағы мәселе. Тілді мәдениеттің бөлшегі ретінде қарастырған біз елде Тіл комитеті жылдары бойы атауы әр жылдары түрлі шылаумен өзгерген мәдениет министрлігінің құрамында болды. Ал Тіл дамуының ішкі және сыртқы факторларын зерттейтін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Білім және ғылым министрлігінің құрамында. Екеуара шығармашылық байланысын әліпби реформасы барасындағы жаңалықтардан байқайсыздар. Сондықтан, Тіл комитетін Білім және ғылым министрлігінің құрамына беру стратегиялық тұрғыдан ең дұрыс шешім. Қазақ тілінің құлдырауы да, қазіргі өркендеуі де білім берудегі қазақ тілінің үлесі салмағы аясында жүзеге асырылды. Үшінші, Тіл комитетінен бастап, облыстық басқармалардағы кадр мәселесі. Бұл саланы кімдер басқарды: ақындар, жазушылар, ғалымдар. Кім болса ол болсын, Тіл саясатының кәсіби мамандары емес. Олар істемеді емес, істеді. Бірақ, «шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейтін мақал бар емес пе? Стратегиялық шешімдер қабылдай алмады.

— Қандай мысал айтасыз?

— Әлі күнге дейін 1983 жылғы «Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне» түзету енгізе алмай келеді. Тіл саясатын басқаруда сананың тәуелсіздігі жетіспей келеді. Басқа шетелді мысалға алмай-ақ қояйық. Жаман болсын, жақсы болсын Білім және ғылым министрлігі білім беру процесін заманауи қоғамның талабына сай дамыту үшін «Білім берудің барлық деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын» неше рет өзгертті. Ұдайы жетілдіруде.

— Мемлекеттік тіл саясатын іске асыру барысындағы қазақ тілінің ахуалы қандай?

— Қазақ тілінің ахуалы туралы айтқанда екі түрлі позицияда қарау керек. Әуелі ұлт тілі ретінде қарастырсақ, жаңғыру мен құлдырау екі процесі қатар жүруде. Жаңғыру процесі деп отырғаным Қазақстанның түрлі саладағы қолданыс аясы кеңеюде, оған сай көп жұмыстар да атқарылды. Сол жұмыстардың нәтижесінде докторлық диссертациямда Қазақстанмен тағдырын байланыстырғысы келген әрбір адам қазақ тілін білу керек деген тұжырымды ұсындым. Осы тұжырымды Бейжің тарапы алғашында мойындамады. Сол себепті қорғау уақытын кейінге бір жылға жуық шегерді. Неге дейсіз ғой? Шетелдік ғалымдардың Қазақстан тіл саясаты туралы зерттеулерінде Қазақстанның ресми тілі (заңдық негізі болмаса да) – орыс тілі тұжырымында. Соған сай мемлекеттік кадр даярлау саясатында орыс тіліне қатты назар аударады. Зерттеу еңбегімде сол сеңді сөгуге тырыстым.

Құлдырау процесі деп отырғаным Қазақстаннан тысқары жердегі қазақ тілінің қолдану аясы күн санап тарылуда. Оны күнделікті ақпараттан көріп отырсыздар. Сонымен қатар, қазақтардың өз ана тілінде сөйлемеуі тіл саясатының басты мәселесі. Осы мәселені шешу үшін психологиялық зерттеу жүргізудің маңызы зор.

Ал мемлекеттік тіл ретінде ұлтаралық қатынас пен мемлекеттік саясаттағы рөлі әлі кенжелеп дамуда. Тіл саясатына арналған мемлекеттік бағдарламаны жасаушылардың өзі іске асыруда маң-маң басқан соң, басқаларға ұш деп бұйрық беру қандай қисынға келеді?!

— Орыс тілінің әлі де болса үстемдік құруы кешегі отаршылық жүйенің әсерінен болса керек. Орыс тілін білмесең өмір сүре алмайтын заман болды ғой. Осындай қажеттілік ана тілімізге де ауадай қажет болып отырған сияқты.

— Қажет. Тұтас ел бойынша енгізу қауіпті. Қызылорда мен СҚО, Маңғыстау мен ШҚО салыстырсаңыз қазақ тілі қолданылуында айырмашылықтар бар, біреуінде барлық жерде, біреуінде тек біраз салада ғана қолданылады дегендей. Сондықтан, қазақ тілі қолданылуының геогрфиялық картасы жасалу керек. Соған сай қажеттіліктің қадамдық жоспары жасалу керек. Сонда ғана көздеген мақсатқа жетеміз. Бір сөзбен айтқанда Анти-Ильминский жоспары жасалу керек.

— Тіл саясаты мемлекеттің тірегі ғой. Ұлттық кодымыздан ажырамай, рухани жаңғыруға негіз болатын. Осы бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде? Ұрпаққа ұлттық рухты қалай сіңірмекпіз?

— Айтса ауыз жаңылатындай көп жұмыстар жүргізілді. Бірақ мақсаты бір – әр қазақ ана тілінде сөйлесе деген. Ал сіңірудің бір-ақ жолы бар. Ол – әркім өз санасындағы рухани тәуелсіздік қолжеткізу керек. Сонда ғана «қазақ қазақпен қазақша сөйлеседі».

— Әліпби реформасы қалай жүзеге аспақ?

— Ол әліпби жобасына тікелей байланысты. Жоба ұлттық тіл ерекшелігіне сай жасалғанда процесс жақсы жүзеге асады, олай болмағанда Түркіменстан, Өзбекстан, Әзірбайжанның кебін киеміз. Оларды сәтті жүзеге асырды деп айта алмаймын. Қазіргі күнге дейін жобаларда туындаған мәселелердің түпкі түйіні — қазақ тілінің әдеби, сөйлеу және ресми (орыс тілі деп түсінбеңіз) тілдерінің жиілік сөздігі жасалмағаннан. Қазіргі әліпби бойынша қазақ тілі сөздік қорының неше пайызы латын негізді жазумен жазылғанда қиындық тудырады немесе тудырмайды деген статистика жоқ. Сондықтан жаңа таңбамен таңбалауда көп қиындық туындауда. Ал жасанды интеллектің көмегімен жиілік сөздік жасап, әліпби таңбалаумен аналитикалық талдаулар жасалса реформаның түпкі мақсатына жақындай түсеміз. Латын негізді әліпбиге көңілге қонымды нұсқа жасалмай, мынадай тиімділігі бар деп айту қиын.

— Тіл саясаты алдымен білім беру ісіне тікелей байланысты ғой. Осы бағытта өзіңіз қызмет етіп келесіз. Қандай тәжірибелерге сүйенесіз?

— Әлемдік саяси картада түрлі түспен боялған елдердің түрлі тәжірибесі бар. Әрқайсысының жақсы және жаман тұстары бар. Менің ойымша, Патшалық ресей мен Кеңес үкіметі тұсындағы білім беру ісіндегі тіл саясаты біз үшін ең жақсы тәжірибе.

— Қазір қандай кітаптар оқып жүрсіз?

— Мен оқыған кітаптар әртүрлі тілде жазылғандықтан оқырманға түсініксіздеу болуы мүмкін. Сондықтан салаларына тоқталайын. Әдебиет, әдеби менеджмент, тіл саясаты, тіл менеджметі, тілдік жоспарлау, білім беру менеджметі, білім беру экономикасы тақырыбында жазылған әйгілі адамдардың еңбектері. Қазақ әдебиеті мен тілі қазіргі заманауи қоғамда ІТ-дің ауылын айналып жүр, ал әлемдік алпауыттар DT (data technology) бел ортасында өз мүмкіндіктерін шыңдауда.

— Ғылым жолына түсемін деген жастарға, оқырмандарға қандай кеңес берер едіңіз?

— Ғылым жолына түсемін деген жастарға қазір мүмкіндік көп. Докторантураға бөлінген мемлекеттік грант саны жыл санап өсуде. Кейбір сала бойынша тіпті игерілмей жатқаны да жасырын емес. Шетелде оқимын дегендерге де жол ашық. Мәселе сол мүмкіндікті қалай игергендігіңізде. Докторантураға түстіңіз, түскен соң тақырыбыңызбен ғылыми ортаны қалай таңғалдырасыз деген сұрақ тұрады. Таңғалдыру – қорғауға бір қадам жақындау. Таңғалдырам десеңіз тың тақырыпқа сүрлеу салу керек. Осы ретте ғылыми жетекшінің рөлі зор. Сондықтан, ғылым жолында жетекшіңіз бен тақырыбыңыз жартылай бағыңыз. Жар таңдағандай жаңылыспай таңдауға кеңес беремін.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: Арман Шеризат