Четверг, Сентябрь 24, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе университеті: Қоғам қайраткері, әрі ғалым, ағартушы ұстаз Мұхтар Арын ұлықталды

Ақтөбе университеті: Қоғам қайраткері, әрі ғалым, ағартушы ұстаз Мұхтар Арын ұлықталды

Қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі қоғам қайраткері, әрі ғалым, ағартушы ұстаз Мұхтар Арынның есімін ақтөбелік жерлестері жадынан шығармақ емес. Дүниеден озғанына ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, ой-толғамдары ел ортасында әлі күнге дейін айтылып келеді. Өміршең сөздері кейінгі жастарға өшпес өнеге. Алаш үшін атқарған абыройлы істері қазіргі қоғам үшін айнымас темірқазық, – деп хабарлайды Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Медиа орталығы.

Мұхтар Арын қазақтан шыққан тұңғыш лингвист-ғалым Құдайберген Жұбановтың есімін педагогикалық институтқа беруді ұсынған тұлға, Жетісу өңірінің төл перзенті. Белгілі ғалым кеңестік кезеңде жабылып қалған қазақ мектептерін ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында қайта ашылуына, жер-су атауларының қазақша аталуына үлесін қосты. Сондай-ақ, ол тарих қойнауында қалған арыстар мен абыздардың еңбектерін зерттеп, оны жарыққа шығаруда тер төкті. Баға жетпес бес рухани байлыққа «Бес анық» деп ат қойып, айдар тағыпты ұлағатты ұстаз. «Тіл мен дінді, тарих пен дәстүрді, туған жерді – бес анық» деп топтастырған ғалым еңбектерін зиялы қауым әлі күнге дейін зерттеп келеді.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде ұлт ұстазын еске алуға арналған «Нар тұлғалы азамат» тақырыбында онлайн-дөңгелек үстел өтті. Тағылымды шараға қатысқандарға арнап сөз сөйлеген университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков Мұхтар Арынның оқу орнына басшылық еткен жылдарында жасаған еңбектеріне жіті тоқталып, әр салаға қосқан өлшеусіз үлесін ерекше атап өтті. – Институттың қарқынды дамып, бүгінгі келбетінің түзілуі оқу орнының басшылығына 1983 жылдың тамыз айында келген Мұхтар Арыновтың есімімен байланысты. Бұған дейін жоғары мектеп саласында бай тәжірибе жинақтаған білікті басшы алдымен институттың миссиясын жаңаша айқындауға ерекше көңіл бөлді. Жоғары оқу орнын бірыңғай кадр даярлаумен ғана шектеп қоймай, тәрбие ісін тұтастай жүргізетін рухани орталық деңгейіне көтеруге күш салды.

Мұхтар Ғалиұлы Абай мұраларын зерттеу мен танудағы тындырған еңбектері де атап айтуға тұрарлық. Сондай көзі тірісінде есімі елге елеулі болған жанның Абай ауылына аттанған сапарында дүниеден өткені де өзекті өртемей қоймайды. Осы орайда былтыр жақсы ағаның жарқын істерін жарты жолда қалдырмау үшін «Жұбановтан – Абайға» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырған едік. Сөйтіп, кезінде Мұхтар Арын бастап кеткен игілікті іс жалғасын тауып Ақтөбе-Нұр-Сұлтан-Павлодар-Баянауыл мен Семей-Жидебай-Қарағанды-Қарқаралы бағыты бойынша жасалған ғылыми-интеллектуалдық экспедиция жақсы рухани олжамен оралды, – деді ректор.

Айта кетейік, университет ректоры Б.Ердембековтің бастамасымен Ақтөбе аймағы тарихи тұлғаларының есімдерін қайта жаңғырту мақсатында университеттің оқу ғимараттарына көрнекті тарихи тұлғалардың есімін беру мәселесі көтерілген болатын. Осылайша, аталған университеттің бас оқу ғимаратына профессор Мұхтар Арынның есімі беріліп, оқу ордасындағы «Профессор Мұхтар Арын» кабинеті танымдық-тәлімдік маңызы зор дәрісханаға айналып отыр. Басқосуда сөз алған ардагер-ұстаз Константин Цхай қазақ ғылымы мен әдебиетінде өзіндік орны бар белгілі қоғам қайраткері, ағартушы ұстаздың көпке үлгі боларлық істерін әңгімелеп, Мұхтар Ғалиұлының есімі мәңгі өшпейтінін тілге тиек етті.

Ал, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Абылай Мұхамбетжанов М.Арынның қарапайымдылығы туралы, оның ұлы ойшыл Абайдың іліміне ғашық болғанын және оны кейінгі ұрпаққа таныту жолында ұланғайыр еңбек еткенін туралы баяндады. Өз кезегінде экономика ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Мұхтарұлы әкесі туралы естеліктерімен бөлісіп, оның адамгершілік, азаматтық сипатын әңгімелеп берді. – Әкеміздің ортамыздан кеткелі міне ширек ғасыр толады. Және жыл өткен сайын әкемнің біз үшін маңыздылығы арта түсуде. Мұхтар Ғалиұлы туралы тек сүйікті әке ғана емес, тұлға және зиялы қауым өкілі ретінде сөз қозғайтын болсақ, бірінші кезекте оның қазақ халқының өнегесін және рухын жаңғыртудағы рөлін айтып кету керек.

Әкем отыз жылдан астам уақыт бұрын «Бес анық» қағидалары арқылы қоғам өмірінде те рең із қалдырды. Осы жағдайды пайдалана отырып, «Бес анық» кітабының еліміздегі барлық дерлік мектеп-лицейлердің оқу үдерісіне енгізілгенін айтқым келеді. Ғалымдардың бастамасы бойынша ол орыс тіліне аударылды, ал қазір оны түрік және неміс тілдеріне аудару жұмыстары аяқталып қалды. Алдағы уақытта әкем жайлы «Әке рухымен сырласу» атты кітабымда жарыққа шығаруды жоспарлап отырмын, – деді ол. Сөз соңында Ерлан Арын Ақтөбе жұртшылығы мен университет ұжымына ерекше ықыласын жеткізді. Тағылымды жиынға қатысқан зиялы қауым өкілдері мен ардагер-ұстаздар Мұхтар Ғалиұлы туралы өз естеліктерімен бөлісіп, қайраткердің сан қырын тебіреніспен еске алды. Айта кетейік, дөңгелек үстелге ғалыммен қызметтес болған азаматтармен қатар оның шәкірттері, зиялы қауым өкілдері және ұрпақтары қатысты.

https://bilimdinews.kz/?p=117868