Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жолдау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қолдайды

Жолдау – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қолдайды

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұдан бірер күн бұрын арнайы жиын өткізіп, сыбайлас жемқорлықты болдырмау және алдын алу туралы нақты міндеттер жүктегені белгілі. Бұл тапсырма бүгінгі күннің басты тақырыбына айналуда.

Осыған орай Жұбанов университетінің Жастар сарайында Мемлекет басшысының  Жолдауы мен  сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық бастамаларға арналған жиын өткізілді.

Жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттық-ағартушылық штаб мүшелері — философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин және университеттің оқытушылары мен студенттері қатысты.

Атылмыш шарада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және қоғамда парасаттылық қағидаттарын насихаттау мәселелері бойынша басты тармақтар талқыланды.

Жиынды кіріспе сөзімен ашқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалымбек Досанов  сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық бастамалар туралы айтып, Мемлекет басшысының Жолдауындағы сыбайлас жемқорлықпен күресу мәселесіне ерекше тоқталды.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бірнеше жылдан бері жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Осы уақыт ішінде заңдар, мемлекеттік бағдарламалар қабылданды, құқық қорғау жүйесінің реформалары жүзеге асырылды. Сыбайлас жемқорлық экономиканың дамуы мен жаңғыртылуын тежейді, ең бастысы қоғамдағы қауіпті тудырады – адамдардың заң үстемдігі мен әділеттілікке деген сенімі жоғалады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес құқық қорғау жүйесі үшін ғана емес, бүкіл қоғам үшін де міндет болып табылады. Себебі, кері байланыссыз осы салада қандай да бір жетістіктер мүмкін емес. Өздеріңіз білетіндей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту Мемлекет басшысы Жолдауының басты бағыттарының бірі болып табылады,- деді ол.

Сонымен қатар Ғ.Досанов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өзге құрылымдармен бірге, бұқаралық ақпарат құралдарымен күш біріктірудің аса маңыздылығын айтып өтті.

— Біздің Департаменттің миссиясы мен қызметінің негізгі бағыттарын халыққа жеткізудегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі аса маңызды. Сондықтан баршаңызды алдағы уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бірлесе жұмыс атқаруға шақырамын, – деді Ғ. Досанов.

Сөз соңында Ғ.Досанов сындарлы ой-пікірлердің ортаға салынып, тиімді диалог орнайтынына ниеттестік білдіріп, жиынға қатысушыларға зор табыс тіледі.

Одан әрі дөңгелек үстелге жиналғандар  маңызды құжат төңірегінде ой-пікірлерімен бөлісті. Мұнда жиналғандар осы бағыттағы нәтижелі жұмыс туралы өз ойларымен бөлісті. Кездесуде білім және ғылым жүйесін дамыту, отбасылық-демографиялық жағдайды жақсарту бойынша бағдарлар мен қойылған міндеттерді егжей-тегжейлі талқыланды. Сонымен қатар ақпараттық ағартушылық штаб мүшелерінің қатысуымен өткен кездесу барысында  басты құжаттағы бірқатар маңызды бағыттарға баса мән беру керектігі айтылды.

Өз кезегінде академик Алтай Тайжанов қоғамның дамуы, ұлттық құндылық, жастар тәрбиесі бағытында келелі әңгіме қозғап,  тұжырымды ой-пікірлерін ортаға салды. Профессор әңгімелерінің барлығын ақын Абайдың дана сөздерімен, халықтың мақал-мәтелдерімен байланыстыра отырып, ұғынықты түрде түсіндірді.

Дөңгелек үстелге қатысқан басқа да ғалымдар  қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағыттарында өз ойлары мен пікірлерін білдірді.