Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қаланың көркіне көрік қосқан суретші

Қаланың көркіне көрік қосқан суретші

Бүгінде граффити бейресми өнер ғана емес, тұтастай мәдени бір бағытқа айналды. Жас суретшілер үшін бұл үлкен тәжірибе. Бұл ретте кенептің орнына қалалық ғимараттардың қасбеттерін пайдалану – елес-қиялына ерік беріп, қалағаныңды салуға мүмкіндік береді.

Ақтөбедегі   көпқабатты  тұрғын  үйдің қабырғалары граффити суреттерімен  безендірілуде. Бұл ретте  үйлердің қабырғаларында тарихи тұлғалардың суреттері көпшіліктің назарын аударта бастады. Мұнда қылқалам шеберлері ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың, Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметованың портреттерін байқауға болады. Көп қабатты үйдің қабырғасына салынған бұл кескіндемелер алыстан мен мұндалап көзге түседі.

Туынды авторы, Жұбанов университетінің түлегі Төлеген Дарбаевтың айтуынша,  жұмысты соңына дейін жеткізу үшін ауа-райының қолайлы болуы маңызды. Суретші  алғаш рет ол Санкт-Петербург қаласында «STREET ART FEST» байқауына қатысып, үйдің қабырғаларын бояумен айналысқан. Сондай-ақ, ол 12-ші шағын ауданындағы тоғыз қабатты үйлердің қабырғаларына және «Бәйтерек» монументін бейнелейтін панельді жобалауға қатысты.

Граффити — портретке тапсырыс берушілердің көбейгендігінен кейбір қылқалам иелері классикалық жанрдан, көше өнеріне бет бұрып жатқандарын айтады.

— Граффити — хип-хоптың бір бөлігі болып табылады. Бізде сол хип-хоп арқылы таныдық оны кезінде.  Граффити негізі сол 80 жылдары Америкада шыққан стиль деп танылады.  Енді қазір дамып Стрит-арт көше өнері боп дамып жатыр. Біз көбінесе стрит-арт жасаймыз. Қазақи өзіміздің тұлғаларды салғанды қалаймыз. Ақтөбедегі менің алғашқы муралдарымның бірі — қаладағы «Батыс-2» тұрғын алабындағы үйде велосипедпен жүретін бала болса, одан кейін қазақтың мерген қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың суреттері және қазақтың бас ақыны Абайдың портреттері болатын, — дейді Т.Дарбаев.

Суретші ескі үйлердің қабырғасын безендіруден бөлек, танымал тұлғалардың бейнесін танытуды мақсат еткен.

— Мен суретшілер отбасынан шықтым. Мамандық таңдау уақыты келгенде, еш ойланбастан Жұбанов университеттің кәсіби-шығармашылық факультетіне оқуға түсіп, онда мен бейнелеу өнері мамандығының қыр-сырымен таныстым. Мен ұлттық және әлемдік қылқалам шеберлерінің туындылары арқылы, мәдени ынтымақтастықты жеткізгім келді.  Мәдени құндылықтарымыз бен танымал тұлғаларымыздың бейнесін дәріптеу — менің басты мақсатым болып табылады. Бұдан бөлек мұндай картиналар шаһардың ажарын аша түседі деген ойдамын, — дейді ол.

Бүгінде Төлеген Ақтөбеде ғана емес, Ресейде, Түркия мемлекеттерінде көптеген тапсырыстар қабылдап, райтер, сонымен қатар жиһазды бояумен, 3D гипс панельдерімен шығарумен айналысады.