Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жаңа оқу жылы: жоспар және міндет

Жаңа оқу жылы: жоспар және міндет

Бүгінгі күні «Білім беру мен ғылымды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» негізінде еліміздің ең үздік жоғары оқу орындарының бірі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті білім беру процесіне ІТ технологияларды енгізіп, заманауи талаптарға жауап беретін материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайтып келеді. Жаңа 2020-2021 оқу жылында университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембековпен жоғары оқу орнының алдағы мақсат-міндеттері, жоспарлары жөнінде сөйлескен едік.

— Әлемді шарпыған пандемия білім беру саласына оңай тиген жоқ. Осы күрделі кезеңде тығырықтан шығу оңай болмағаны анық. Сіздің оқу орнында білім беру процесі қалай жүргізілуде?

— Әлемді жайлаған індетке байланысты жарияланған пандемия жағдайына бейімделе отырып жұмыс істеп келе жатқанымызға жарты жыл болды. Осы уақыт аралығында мемлекетіміз азаматтардың амандығына, ұлт қауіпсіздігіне кепілдік болатынын дәлелдеді. Пандемия басталғанда барлық қимыл-қарекетімізге, жұмысымызға, жоспарларымызға өзгерту енгізуге, тіпті кейбірін толық қайта қарауға мәжбүр болдық. Дегенмен оңтайлы, ұтымды тұстар да болды. Соның ең бастысы — қашықтан оқып, қашықтан қызмет атқаруға бейімделгеніміз. Бұл бағыттағы процестер біздің оқу орнымызда осыдан екі жыл бұрын басталған. Алдағы уақытта Smart University қатарына қосылуды жоспарлап отырмыз, бұл бағыттағы жұмыстар пандемияға дейін де жүзеге асырылған. Сондықтан қашықтан оқу талабы қойылғанда бірден бел шешіп, кірісіп кеттік. Көктемгі оқу семестрі табысты аяқталды. 3 мыңнан астам түлегімізге диплом бердік, оның 90 пайызы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасты, кейбірі білімін жалғастырып, магистратураға, докторантураға түсіп, ғылымға ден қойды. Осының бәрі — жыл сайын жаңарып, біліктілігі артып келе жатқан, ауызбірлігі ұйыған ұжымның еңбегі.

— Жаңа оқу жылы онлайн форматта басталды. Оған дайындық қалай болды?

— Білім алушылар қатарына тағы 4 мыңнан астам жас қосылды. Талапкерлерден құжат қабылдау науқанының сәтті аяқталуына «Жұбанов керуені» мегажобасының ықпалы зор болды. Өткен оқу жылы бойы өңірдегі барлық аудандарға барып, кәсіби бағдар берген болатынбыз. Сондай-ақ аудан орталықтарының үздік мектептерінде кафедра филиалдарын аштық. Тренингтер, шеберлік сабақтарын өткізіп, университет өмірімен таныстыратын танымдық көрме ұйымдастырдық. Қаладағы мектеп бітірушілерді университетке шақырып, танысу экскурсияларын өткіздік. Осы қыруар істер нәтижелі болды. Жұбанов университетін таңдаған әр талапкер болашақ мамандығын жинаған білім мөлшеріне, бойындағы потенциалы мен бейіміне қарай қалады. Екіойлы болып, күмәнданбады. Талабы анық білім алушымен әрі қарай жұмыс істеу бізге де оңай. «Жұбанов керуені» жобасын алдағы оқу жылы түрлі форматта  жалғастыру жоспарда бар.

Тағы бір қуаныштысы, оқуға түскен жастардың 1000-нан астамы  — мемлекеттік грант, 207-сі —  «Алтын белгі», 120-сы — үздік аттестат иесі, 300-ге жуығы — түрлі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың, шығармашылық конкурстардың жүлдегерлері. Бұл Жұбанов жастары қатарын сапалы жастар толықтырғанын көрсетеді. Араларында «Менің таңдауым — Ақтөбе» жобасымен келген шетелдік қандастарымыздың балалары да бар.

Сонымен қатар оқу орнында цифрлық  сауаттылықты арттыру мақсатында «Интерактивті электронды курстар дайындау», «Виртуальды зертханаларды пайдалану» сынды біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылып, нәтижесінде 250-ден астам оқытушы сертификат алды. Биыл 40 жас маманды қызметке алдық. Олардың бәрінің магистр және PhD дәрежелері бар.

Бүгінгі таңда елімізде отандық ғылымға тікелей назар аударылып отыр. Ғылымға ден қойған студенттер үшін заманауи құрылғылармен жабдықталған Инновациялық технологиялар паркінде және 30-дан астам оқу және ғылыми зертханада радиациялық физика, нанотехнология, химиялық қалдықтарды өндеу саласында ғана емес, сонымен қатар 3D модельдеу, IT және цифрлық электроника бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл бағытта 30 ғылым докторы, 250-ге жуық ғылым кандидаты мен PhD докторлары, 100-ге жуық шетелдік ғалымдар мен практик-мамандардан құралған тәжірибелі ғалымдарымыз бен профессор-оқытушыларымыз жұмыс істейді.

— Білім ордасының материалдық базасын жаңарту үшін қандай жұмыстар жүргізілді?

— Толыққанды білім беруде жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасының  толық болуы аса маңызды. Бұл ретте барлық аудиториялар мен оқу зертханалары жөндеуден  өтіп, қажетті жабдықпен қамтылды. Бір ғана мысал, жаратылыстану факультеті 100 миллион теңгеге лабораториялармен жабдықталды. Өкініштісі, университет ішінің бос тұрғаны. Алайда жағдай толық реттеліп, офлайн оқуға көшетін күн алыс емес деген үміт бар. Әзірге күзгі оқу семестрі қашықтан жүргізіледі. Бастапқыда 1-курс студенттеріне қолайсыз болуы мүмкін. Топтастарымен, эдвайзер-кураторлармен, оқытушымен алғаш  oнлайн арқылы жүздесу, тілдесу психологиялық тұрғыдан оңай емес. Бірақ қазіргі заман жасы мұны тез игеріп кетеді деп сенемін. Бір қуанарлығы, ректор брифингіне, факультет декандарымен онлайн жүздесуге қатысқан студенттер санының көптігі.

Биыл қашықтан оқуға мүмкіндігі жоқ 300-дей білім алушы анықталды. Олардың қалаға келіп, Студенттер үйінде жатып оқуына рұқсат берілді, бұл жағдайда санитарлық-эпидемиологиялық шарттардың қатаң сақталуы қадағаланады.

Абай аңсаған «толық адам» қалыптастырып шығаруға барлық күш-жігерімізді саламыз. Ол үшін студенттерден талап етілетін екі нәрсе бар. Біріншісі – сабағын жақсы оқуы, екіншісі – университеттің ішкі тәртібіне бағынуы. Тәртіп болған жерде тәрбие бар, ал тәрбиелі жас білім алуға құлшынады.  Бұл – университеттің білім алушыға қатысты  қағидаты. Осы қағидатты орындаған әр білім алушыға университет тарапынан түрлі қолдау көрсетіледі. Бюджеттік комиссияға олардың есімдерін ұсынып, оқу ақысына әр түрлі жеңілдіктер, арнайы Құдайберген Жұбанов атындағы грант тағайындалады. Биыл  университеттің іргесі қаланғанына 85 жыл толды, осыған орай 85 оқу гранты бөлінді. Оны конкурс негізінде 1-курс студенттері арасынан іріктеп, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға бердік.

— Өңірлік университетте жыл сайын жаңа нысандар іске қосыладыБиыл бұл бағыттағы жоспарларыңыз қандай?

— Биылғы жаңа 2020-2021 оқу жылының сүйіншісі көп. «Тәні саудың — жаны сау» екенін төтеннен келген індет тағы бір мәрте дәлелдеді. Дертке иммундық жүйесі төмен адамдар көп шалдықты. Осыны ескеріп, жаңа оқу жылынан бастап жастардың денешынықтыру және спортқа деген көзқарасын арттырғымыз келеді. Бізде жабық спорт кешені жеткілікті. Енді ашық алаңдар салдық. Мұхтар Арын атындағы бас оқу ғимаратындағы Жұбанов жастары аллеясы маңында, Нұрпейіс Байғанин атындағы оқу ғимаратының, Бекежан Сүлейменов атындағы оқу ғимаратының территориясында ашық футбол, волейбол, баскетбол алаңдары іске қосылады. Бақтыбай батыр Төлесұлы атындағы зияткерлік ойындарға арналған «Тоғызқұмалақ» кабинеті ашылды, бұл спорт түрлеріне үйрететін  жаттықтырушылар дайын. Сондай-ақ Әлия Молдағұлова, Бәкір Тәжібаев, Елтоқ Ділмұхамедов атындағы атаулы дәрісханалар жабдықталды. Айта кетерлігі, бұл дәрісханалар мен кабинеттердің дені меценаттардың қаржысына жасалды. «Жұбановқа жомарттық» жобасының аясында меценаттар кабинеттер мен дәрісханалар жабдықтауға бүгінге дейін 80 миллион теңгеден астам қаржы бөлді. Осы азаматтарға алғысым шексіз.

Бұдан басқа атаулы кабинеттерді жабдықтау жалғасады. «Ақтөбе ақтаңгерлері» ұзақ мерзімді жобасы негізінде аймақты дамытуға ерен үлес қосқан азаматтар есімін ұлықтаудың тағылымдық маңызы зор. Білім алушылар атаулы кабинеттерде білім алса, белгілі есімдерді жадында сақтайды. Қазіргі таңда оқу орнында атаулы кабинеттер саны 100-ден асты. Тағы бір мақтанышымыз — бас оқу ғимараты ауласында былтыр бой көтерген жылыжай. Биылғы жазда өнімдерін алдық. Бұрын ғимараттар айналасын көгалдандыруға тұқым сатып алушы едік, енді өз қорымыз бар. Қияр, қызанақ, пияз, сарымсақ секілді көкөністер де мол өнім берді. Ендігі кезекте жылыжай көлемін ұлғайтып, оны жаратылыстану факультеті студенттерінің ірі оқу базасына айналдыруды көздеп отырмыз.

— Барша адамзатқа қиындық тудырған осы өтпелі кезеңнен кейінгі уақытта атқарылатын жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

— Пандемия аяқталса да күрделі кезеңде алған тәжірибемізді жалғастыра береміз. Oнлайн лекциялар жүре береді. Бірақ ең сапалы платформаларды таңдайтын боламыз. Бұл бағытта бәсекелестік орнатылады. Бір пән бойынша білім алушыға бірнеше лекция нұсқасы ұсынылатын болады, сәйкесінше басқа университеттердің үздік лекторларының жұмысы сатып алынбақшы. Педагогикалық білім бағдарламаларына назар аударуды күшейтеміз. Дуалды оқу жүйесін жандандырып, болашақ педагогтің өндіріс орнында, яғни мектептерде көп болуына, сондағы шебер мұғалімдерден мол тәжірибе алуына мүмкіндік береміз. Негізінде дуалды оқу жүйесін дамытуда жұмыстар үнемі жүріп жатыр. Бұл ретте Назарбаев зияткерлік мектебімен іскерлік қарым-қатынасымыз тығыз. Сондай-ақ экономикалық, заңгерлік, техникалық мамандыққа оқушыларға практик-мамандар өндіріс орындарына шақырып, лекция оқып, тәжірибе көрсетеді.

Білім және ғылым министрлігінің «Педагогикалық қайта даярлау» ережесіне сәйкес «Педагогикалық ғылымдар» даярлау бағыты бойынша педагогикалық білімі жоқ, тиісті бейіні бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін тыңдаушылар үшін дипломнан кейінгі қайта даярлау, қосымша білім беру бойынша педагогикалық қайта даярлау сертификаттау курстарын келер жылдың қаңтар айынан бастаймыз.

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Елорданың тұрақты даму орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен өзара келісім аясында серіктестік қатынасымызды жалғастырамыз. Алғашқы өнім SmartARU мобильді қосымшасы былтыр іске қосылды. Ол арқылы түрлі қызмет түрін oнлайн жүргізуге болады. Жақында білім алушылар үйінде отырып, қосымша арқылы жатақханадан орын алуға өтініш беріп, талғамына орай  таңдау мүмкіндігіне ие болды. Сонымен бірге енді студенттер университеттегі түрлі үйірмелер мен жастар клубтарына мүше болуға өтінішті де осы қосымша арқылы бере алады. Аталған серіктесімізбен арадағы екі жақты еңбектің арқасында университеттің өзінің қашықтан білім беру  порталы іске қосылды. Оны әзірге физика-математика факультеті пайдалана алады. Кейін барлық факультеттің білім алушылары үшін қолданысқа қосамыз.

Негізгі оқу процесі  ZOOM, Meet.jit.si, Google classroom, Microsoft Teams порталдары арқылы жүреді.

Қазіргі таңда университетіміз Ұлттық рейтингте еліміздегі 200 жоғары оқу орны арасында алғашқы бестіктің қатарында. Бұл — соңғы үш жылда жасаған жүйелі жұмысымыздың оң нәтижесі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

 

Гүлнара ҚАРАША,

Ақтөбе қаласы.

https://aqtobegazeti.kz/?p=92370