Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ғазиза — республикалық фестивальдің жеңімпазы

Ғазиза — республикалық фестивальдің жеңімпазы

2020 жылдың 18-22 қыркүйек күндері аралығында Ертіс өңірінен шыққан аса дарынды талант иесі, күміс көмей әнші, композитор Майра Шамсутдинованың 130 жылдығына орай «Майраның салған ізімен» атты Республикалық дәстүрлі ән орындаушы қыз-келіншектер арасында онлайн конкурс-фестивалі өтті.

Аталмыш шараны Павлодар облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы  ұйымдастырды.

Бұл фестивальдің мақсаты — дәстүрлі ән өнерінің ірі тұлғаларының бірі Майра Шамсутдинованың шығармаларын келер ұрпаққа кеңінен насихаттап, естілмеген, ұмыт болып бара жатқан әндерін орындауға жастарды баулу, жанды дауыста сырнаймен және ұлттық аспаптарда ән айтуға шақыру.

Республикалық байқауда барлығы 25 өтінім түскен, олардың ішінде іріктеуден өткен 19 адам бақ сынады. Байқау бір кезеңнен тұрды. Қатысушылар Майра  Шамсутдинованың бір әні мен халық композиторларынан бір ән, халық әндерінен бір ән орындады.

Дәстүрлі ән орындаушы қыз-келіншектер арасында онлайн  форматта ұйымдастырылған байқауға еліміздің әртүрлі өңірлерінен қатысқан.  Оның ішіне Ақтөбе облысы, Шығыс Қазақстан облысы,  Нұр-Сұлтан қаласы, Жамбыл облысы,  Алматы облысы,  Батыс Қазақстан облысы,  Шымкент қаласынан және  Ертіс өңірінің өнерпаздары бар. Олар Майра Уәлиқызының «Толқыма», «Бақша»,  «Майра» және  «Толқын» әндерін орындады.

Елімізге танымал дәстүрлі әншілер және ҚР Мәдениет және өнер қайраткерлерінен құрылған арнайы қазылар алқасы қатысушыларды орындаушылық шеберлігі мен дауыс мәнеріне, сахна мәдениеті мен киім үлгісіне қарай бағалаған.

Байқаудың қортындысы бойынша бас жүлдені Ақтөбе қаласының намысын қорғаған Жұбанов универсиететінің «Музыкалық білім және хореография» кафедрасының  оқытушысы, жас маман Ғазиза Абдирова қанжығасына байлады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйақы және дипломдармен, қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды.