Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Цифрландыруға ерекше мән берілуде

Цифрландыруға ерекше мән берілуде

Жұбанов университеті соңғы үш жыл ішінде білім беру процесін цифрландыру және қағазбастылықты азайту бағытында біршама  жұмыстар атқарды.

Аталған оқу ордасында негізгі процестер Univer жүйесі арқылы өтеді:

  • Студенттердің пәнге жазылуы электронды түрде жүргізіледі;
  • Студенттердің жеке оқу жоспарлары автоматты түрде жүйеде құрылады (қағаз нұсқасы қолданыстан алынды);
  • Әр пән бойынша емтихан, рейтинг электронды жүргізіледі
    (ведомостер қағаз түрінде шығарылмайды);
  • Студенттердің оқу процесіне қатысымы, оқу жетістіктерін бағалау
    (ағымдық, межелік, аралық) электронды жүргізіледі.
  • Студентердің транскрипті автоматты түрде құрылады.

2017 жылдан бастап сынақ кітапшалары мен студенттік билеттер жойылды, тьютордың журналы және тағы басқалар  алынып тасталды.

Жұбанов университеті  Смарт университет жобасын сәтті жүзеге асыруда және бұл жоба арқылы 15 қызмет түрі онлайн көрсетіледі.  Жаңа оқу жылында SmartARSU мобильдік қосымшасы студенттерге арналған онлайн-қызметтермен толықтырылды. SmartARSU мобильдік қосымшасы арқылы анықтамалар мен өтініштердің барлық түрлерін алуға болады. Қазіргі таңда қыркүйек айына дейін  алынған онлайн қызметтердің саны 40 мыңнан асып отыр. Университеттегі оқу туралы анықтамалардан басқа; әскери комиссариат үшін; төлем орталығы үшін;  қашықтан оқыту бөлімінің студенттері үшін шақыру; білім алушылар деректеріне өзгерістер енгізуге өтініш; академиялық анықтама; транскрипт; шығу парағы және тағы да басқа қызметтерді,  студенттер жатақханадағы орынды онлайн тіркей алады. Сонымен қатар білім алушылар студенттік ұйымдардың жұмысына қатыса алады.

2020 жылы Жұбанов университетінің дербес білім беру порталы әзірленді, ол оқу процесін, студенттердің үлгерімі бойынша есептілікті және тағы да сол сияқты жұмыстарды автоматтандырады.

Айта кетейік, жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарындағы қатаң есептегі құжаттардың 11 нысаны алынып тасталған болатын. Бұл оқытушыларға сабаққа дайындалуға және кәсіби дамуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.

ҚР Білім және ғылым министрінің тапсырмасына сәйкес нормативтік құжаттарды жүргізу бойынша талаптар жоғары оқу орындары оқытушыларының «қағаз» жүктемесін азайту мақсатында толығымен қайта қаралды. Есептерді барынша азайту және жоғары оқу орындары оқытушыларын қағаз жүктемеден босату үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің м.а. «Білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын бекіту туралы» 2007 жылғы 23 қазандағы № 502 бұйрығына өзгерістер енгізілді. Бұл шаралар жоғары оқу орындарының оқытушыларын өзіне тән емес функциялардан босатуға және жоо-лардың академиялық дербестігін кеңейтуге бағытталған.