Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жеңімпаз анықталды

Жеңімпаз анықталды

Бүгін конкурстық комиссияның отырысы өтті, онда Жұбанов университетінің маршы таңдалды.

Университеттің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры Нұржан Бердыбаев төрағалық ететін комиссияның құрамында белгілі әнші, композитор Марат Әйтімов, Т.Ахтанов атындағы драма театрдың режиссері Елтай Кемал, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай Кенжалиев, ақын Бауыржан Құрманқұлов және басқа да мәдениет, өнер қайраткерлері бар.

Университеттің музыкалық визиткасын таңдауға академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бибігүл Абенова, филология факультетінің деканы Күлзат Садирова, «Музыка және хореография» кафедрасының доценті Нұржамал Мукеева және студенттік парламенттің төрағасы Нарқозы Қартжан қатысты.

Қазылар алқасы мүшелері композицияның  салтанаттылығын, ондағы университеттің даму стратегиясының, дәстүрлерінің көрінісін, Жұбанов университетінің өңірді дамытудағы рөлін ескерді.

Байқау жеңімпазы 2 қазан  күні университеттің 85 жылдық мерейтойында  марапатталатын болады.

Айта кетейік, «Жұбанов маршы» сөзі мен әнін шығару байқауы  Жұбанов университетінің 85 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын.