Среда, Апрель 24, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Адамның адамдығы жақсы ұстаздан болады

Адамның адамдығы жақсы ұстаздан болады

Күнделікті парақтап отыратын газеттердің ішіндегі бізге аса жақыны «Білімді ел» газеті жүрекке сағыныш ұялататын орайлы бір бастаманы қолға алыпты. «Аса қадірлейтін Ұстазыма» деген жоба қарбалас тірліктің қамытын киген біздерді ойша сонау шыбық мініп, асық атқан бала күндерге, бүгінде түтіні сиреп, тірлігі түгесілуге жақын қалған алақандай Асқаралы ауылыма жетелей жөнелді. Бақшадағы гүлді уысымызға мықтап қысып, сол кезде ең еңселі боп тұратын «сегізжылдық» мектептің есігін қаққан күндерден елес іздей бастадық…

Апалы-сіңілі менің ұстаздарым

Иә, сол Демеу ағаның (бүгінде о дүниелік болған) боз биесіне ерген қасқа құлынның мойнындағы жез қоңырау бірінші сентәбірде менің алғашқы ұстазым Мәдина мұғалімнің қолында-тын. Мектептің алдында өтетін мерекелік сәтте арамыздағы бойы ең кішкентай Жайықты жетелеп ортаға шығарып айналдыра қоңырау соқтырды. Сары алтын күзге оранған тау бауырындағы ауыл, кіндік төбенің етегіне жайғасқан мектептің алдына жиылған осы ауылдың күллі тіршілік иелері сол бір жез қоңыраудың күмбір үнінен ерекше бір шуақ алған еді…

Сол күннен бастап шынайы ұстазға жарығаныма шүкіршілік етемін. Сабақ беруі, өзін-өзі ұстауы, әр балаға емірене алар мейірім мен ешқашан да ернеуінен аспайтын қаталдық, жүріс-тұрысы, киген киімі, дауыс ырғағы – бәрі-бәрі Мәдина мұғалімді алдында отырған шәкірттеріне ғана емес, күллі ауылға үлгі етті. Ауылдың қыздары «Мәдина мұғалімдей боламын» деп талпынды, көбі қазір белгілі ұстаз. Ұстаздығы ғана емес, туыстығы бар Мәдина мұғалімді Майна апа дейміз. Мәдина Қабашқызы – әліппені жаттатқызған алғашқы ұстазым болса, Фарида Қабашқызы – анам, менің әдебиетші болуыма бірден бір себепкер болған, өмірлік ұстазым! Анам туралы әңгіме бөлек…

Жұбанов университетінің жетістіктерін ұдайы жариялап отыратын ұстаздардың Бас газеті – «Білімді елді» алыста жүрген ыстық жандардың үзбей оқып отырғаны – мен үшін үлкен мәртебе! Газет оқудан қалып бара жатқан бүгінгі қоғам үшін таптырмайтын жобаны ұсынған әріптестеріме Алла қуат берсін!

 

 

Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембеков,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік

университетінің ректоры,

филология ғылымдарының докторы, профессор

 

https://bilimdinews.kz/?p=120002