Воскресенье, Сентябрь 15, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жаңа кабинеттер ашылды

Жаңа кабинеттер ашылды

Жұбанов университеті  – бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда өз даңғыл жолы бар, өз мектебі қалыптасқан іргелі жоғары оқу орындарының бірі.  Жұбанов университеті үшін айтулы күн. Олай деуіміздің өзіндік себебі де бар.  Өңіріміздегі қарашаңырақ оқу ордасы атанып кеткен Жұбанов университетінің құрылғанына 85 жыл толып отыр.

Мерейтойға орай аталған білім ордасында бірнеше бағыттағы 85 игілікті іс-шара жүзеге асып жатыр.  85 үздік оқытушы мен қызметкер және студентті анықтаудан бастап, «Жұбанов кітапханасы» сериясымен шығатын 85 үздік кітап, 85 патент, 85 ғылыми жоба, 85 үздік әріптес кәсіпорын, «Жәдігер жерде қалмасын» акциясының жалғасы ретінде университет музейіне 85 құнды жәдігер, университет ғалымдарының «85 жылдыққа – 85 кітап» тартуы, студенттерге «Жұбанов» атындағы 85 грант бөлу, 85 үлгі тұтар еріктілер ісі, тағы сол сияқты университет деңгейін көтеретін қадамдар жасалуда.

Бүгін мерейтойдың көркін білім ордасы жағымды жаңалықтармен аша түсті. Осыған орай бір күнде бірнеше жаңа кабинеттер ашылып, студенттер игілігіне берілді. Тұсаукесер рәсіміне университет басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы,  университет түлектері қатысты.

Оқу орнының басшысының айтуынша, үш  жыл көлемінде бірнеше оқу кабинеттері жөндеуден өтіп, қайта жасақталды. Сондықтан университет тарапынан жастардың өсіп-өркендеуіне, білім мен ғылымды меңгеру арқылы тұлға болып қалыптасуы үшін барлық жағдай жасалған.

Материалдық-техникалық база­ның беріктігі мен дамуының арқа­сын­да университет ұжымы бі­лік­ті мамандарды оқыту мен тәр­бие­леу­де көптеген жұмыс атқарып, соның жемісін көруде. Сонымен қатар білім ордасында жастардың әлемдік стандартқа сай білім алу­ла­рына нақ­ты мүмкіндіктер беріліп отыр.

Бұл ретте педагогика факультетінде ашылған «Киберпедагогика» зертханасы  цифрландыру жағдайында болашақ педагог мамандардың оқыту процесін ұйымдастыруда педагогикалық және технологиялық дағдыларын қалыптастыру мақсатында ашылды. Ал аталмыш факультеттегі «Қазақстандық педагогика тарихы» мұражайы білім алушылар үшін  қазақ даласындағы оқу-ағарту ісінің қалыптасу және  даму тарихын көрсетуді мақсат етіп отыр.

Бұдан бөлек мерейтой аясында жаратылыстану факультетіндегі «STEM», «Аналитикалық химия», «Азық-түлік өнімдерін өндіру технологиялары»,  «Бейорганикалық химияның теориялық негіздері», «Химияны оқыту әдістемесі», «Өсімдіктер физиологиясы» оқу зертханалары химия-биология мамандарын өндірістік жұмыстарға бейімдеу мақсатында студенттер игілігіне берілді.

Осы бағытта студенттер, магистрлар мен докторанттардың ғылыми жұмыстармен айналысуға мүмкіндіктері мол.  Оқу зертханасында  білім алушылар заманауи және инновациялық әдістерді меңгеріп қана қоймай,  шұжық, кондитерлік өнімдер, тұшпара және басқа да тағам түрлерін жасауды да үйренеді. Сондай-ақ, әртүрлі зертханалық және зерттеу тәжірибелерін көру мүмкіндігі бар.

Уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлайтын оқу ошағы алдағы уақытта да студенттерін қуантуды жалғастыра бермек.