Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мерейтойлық марапаттар табысталды

Мерейтойлық марапаттар табысталды

Салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы үздік профессор-оқытушыларды марапаттады. Мұнда Жұбанов университетінің 85 ұстазы алғысқа бөленді.

Салтанатты марапаттауда университеттің кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Сұлтанғалиева ұстаздардың қоғамдағы рөлін айтып, ұстаздарға ыстық ықыласы мен құрметін білдірді. Сөз соңында ұйым төрайымы білім саласының дамуына сүбелі үлес қосқан ұстаздар мен еңбегі еленген педагогтарды Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының Алғыс хатымен марапаттады.

Жылдағы дәстүрге сәйкес облыстық кәсіподақ есебінен білім беру ісіне сүбелі еңбек сіңірген профессор-оқытушылар мен қызметкерлер облыстық кәсіподақ есебінен 50 мың теңге ақшалай сыйақыларға ие болды.

Айта кетейік, Жұбанов университетінің 85 жылдығына орай жоғары оқу орнының 85 профессор-оқытушысы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Ақтөбе облыстық ұйымының қаржылай сыйлығына ие болған еді. Олар ұзақ жылғы адал еңбегімен еленген, ғылым мен білім саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлауға өлшеусіз үлес қосқан ғалым-педагогтар. Оқу орнының бастауыш кәсіподақ ұйымы факультеттерді аралап, оқытушыларға марапаттарын жеке-жеке табыстады.