Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үздіксіз білім алу — заман талабы

Үздіксіз білім алу — заман талабы

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған міндеттерді орындау мақсатында, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жаңа құрылымдық бөлім — «Үздіксіз білім беру институты» өз жұмысын бастады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлт жоспары — қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында баршамызды Ұлт жоспарын жүзеге асыруға және реформаларды жүргізуге барынша белсенді қатысуғашақырды. Әлемде кең тараған ЮНЕСКО-ның «Өмір бойы білім алу» бағдарламасына, әр адамның білімін жетілдіруге мүмкіндігі болуы керектігіне баса назар аударылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесуінде де «Мектеп — Университет — Өндіріс» байланысын нығайту мәселесі кеңінен талқыланған еді. Соған байланысты аудандар көлемінде мектептермен, кәсіпорындармен байланыс орнатылып, еңбек нарығындағы сұраныс пен батыс аймақтың интеллектуалдық, әлеуметтік-экономикалық даму талаптарына сәйкес жалпы оқытудың, жұмыс орны бойынша оқытудың, сондай-ақ, әр тұлғаның білім алуға бағытталған жеке әлеуетін қоғамда барынша пайдалануға көмектесетін үздіксіз білім берудің жүйесін жетілдіру мен дамыту басым бағытқа айналып отыр.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар жоғары оқу орнының қалыптасқан дәстүрін сақтай отырып, Үздіксіз білім беру институты осы заманғы оқыту технологиялары мен білім беру сапасын арттыру, кәсіби білімін көтеру бағытын жүзеге асыруды басты мақсат етеді.

Бүгінде әлем қарыштай дамып, қай салада болсын ұдайы өзгерістер жүріп жатыр. Демек, әр адам үздіксіз оқып, білім алуға, өзінің кәсіби деңгейін арттыруға ұмтылуы керек. Яғни, білім арқылы адамның әлеуеті көтеріліп, экономикалық өркендеуге және әл-ауқатты арттыруға жол ашылмақ. Егер осы заманғы адам өмір бойы оқуға тиіс болса, оны Үздіксіз білім беру институты арқылы жүзеге асыра алады, яғни Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті үздіксіз білім алуға мүмкіндік беретін оқу орнына айналғалы отыр.

Университет педагогтерге, кәсіпорын қызметкерлеріне, жұмысшыларға кәсіби қайта даярлау мен біліктілікті арттыру қызметтерінің есігін ашып, курстар бағдарламаларын әртараптандыруды іске асыруда. Біздің алдымызда Үздіксіз білім беру институты құрамындағы Қосымша білім беру мен Біліктілікті арттыру орталықтары арқылы мұғалім біліктілігін, педагогика және басқару кадрларының кәсіби деңгейін көтеру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту негізінде оқыту үдерісіне дуальды оқыту элементтерін енгізу, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен, Ақтөбе қаласының жұмыспен қамту мекемесімен байланыс орнату арқылы кадрларға қайта даярлау курстарын ұйымдастыру, аймақтың даму ерекшелігін ескеріп, кадрлар біліктілігін арттырудың тиімді жүйесін құру жоспарлары тұр. Сонымен қатар, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің жоғары колледжін ашу жұмыстарыда жүргізіліп жатыр.

Маман даярлаудың сапасын арттыру мақсатында кафедралар кәсіпорындар базасында өз филиалдарын ашу, студенттерге дәрістік, база аясында зертханалық сабақтар,  жүйелі ғылыми зерттеулер ұйымдастыру және жүргізу, оқу үрдісіне жаңа білім инновацияларын енгізу, тәжірибе алмасу мақсатында ғылыми-практикалық семинарлар ұйымдастыру, ғылыми зерттеулер нәтижелерін тәжірибеге енгізу жұмыстарын дамытуда.

Мектепте білім беру жүйесі жаңартылуына орай, Үздіксіз білім беру инстиуты «Назарбаев зияткерлік мектебі», педагогикалық шеберлік орталығы мен қаланың ең үздік мектептері — Новый орта мектебі, «Сымбат», қазақ-түрік лицейі, М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатымен, Ойыл, Мұғалжар,Темір аудандық білім бөлімдерімен байланыстар орнатты.

Қазір кадрларды қайта даярлауға көп мән беріледі. Қарқынды дамудың заманы бұрын алған біліміңді қайта толықтырып отыруды талап етеді. Сондықтан да Үздіксіз білім беру институты жаңа бағыттың бастамасы болмақ.

Гүлбану ТАКИШЕВА,

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-дің

Үздіксіз білім беру институтының директоры,

педагогика ғылымдарының кандидаты.

источник