Четверг, Март 28, 2024
Басты > Абай > Хәкімнің қара сөздеріндегі ұлттық бірлік мәселесі

Хәкімнің қара сөздеріндегі ұлттық бірлік мәселесі

Үмбетқан СӘРСЕМБИН,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

Елдің бірлігі, мемлекетшілдік, тарихи сана және осы бағытта ерекше мәнге ие азаматтық бірегейлік – қашанда қоғам алдында тұратын мәселелердің бірі. Бұндай жеке адам мен қоғам болмысына ортақ мәселелерден айналып өткен ел тарихта кемде-кем. Мәдениеті арқылы өнері мен ғылымын көтеріп, өркениет жолына бетбұрған мемлекет алдыменен қоғамдық сананың жағдайына ерекше мән берген. Қоғамдық сана оның мүшелері адамдардың өзіндік санасының негізінде жүзеге асып (дамып, өзгеріп, өрісін кеңейтіп) отырады. Өзіндік сана дұрыс қалыптасуы үшін тарихи сана қажет, қоғамның тарихи санасын сақтап, рухын көтеретін ұлттық интеллигенция өкілдері. Яғни, нағыз ұлт зиялыларының ұлттық санасының негізінде қоғамдық сана қоғамға айқын көрініп, қызметін жоғары деңгейде атқарады.

Ақыл-парасатымен ел алдына шығып отыратын зиялылар еліне тура жолды көрсетумен қатар, елдің мәдениеті мен тұрмысын көтеретін дүниелерді насихаттауды дәстүрге айналдырған. Бұған қарап, зиялылардың тағылымы, идеялары олардың қоғамына үлгі-өнеге беріп отыратын болмысымен тарихи құндылыққа айналатындығын көреміз. Зиялылары жоқ немесе ұлт ісіне интеллектуал адамдары бірікпеген қоғам, зиялыларды қоғамынан тәрбиелеп шығара алмаған ел үнемі ұлттың болашағына қатысты мәселелерді шешуде кедергілерге тап болады, бір ізділіктен қол үзіп, әр тектілікке жол береді. Бұндай жағдайдың салдары түптеп келгенде қоғамдық сананың үлкен дағдарысқа ұшырауына әкеліп соқтырған. Қоғамдық сананың дағдарысқа ұшырауы бұл қоғам мүшелері адамдардың бір-біріне, қоғамға деген сенімсіздігін көрсетеді. Жемқорлық, қоғамдық ортада жалған дүниелердің орын алуы, білім мен өнерде сапаның болмауы, заңның үстемдік құрудан қалып, мәдениеттің төмендеуі, адамдардың бай кедей болып бөлінуі қоғамдық сананың дағдарысқа ұшырауының бір белгісі дейміз. Сондықтан да, қай заманда болмасын, әсіресе, бүгінгі уақыт жағдайында (ақпараттық технология үстемдік құрған дәуірде) мемлекет пен қоғам, тарих пен халық арасында рухани көпірді салып (сақтап) отыратын нағыз ұлттық интеллигенцияның қызметі.

Нағыз ұлт зиялыларының тағылымы тарихи сана, рухани дүниелері, идеялары насихатталған жерде қоғамның тұтастығын сақтап отыратын құндылықтар жойылмайды. Керісінше қоғамдық сананың негізіне айналып отырмақ. Зиялылардың ақиқатты ұстанымы, шындығы, білімі арқылы халық ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін біліп отырады. Қоғамда ағаттыққа, әділетсіздікке, өткінші, өзгермелі жалған әдеттерге жол берілмейді. Шынайылық, шыншылдық сияқты көрегендікке арқау болатын  рухани қасиет үлгілері қоғамдық болмыстың бағдаршамына айналмақ. Ал қоғамдық өмірдің мәдениетке, өзіндік сана, азаматтық ұстаным мәселелеріне келгенде, тарихи тәжірибелерінен қол үзіп отыруы, жаңа уақыт жағдайында мемлекетшілдік сананың әлсіреуіне әкеледі. Қоғамдық сананың тоқырауына бірден-бір себеп  осы. Бұны айтып отырғанымыз кешегі өткен ғасырларда Абайдың, одан кейінгі алаш зиялыларының идеялары, ұстанымы, қоғамдық саяси көзқарастары ел мүддесінің болашағына қатысты мәселелерді күні бұрын зерделеп, оның нақты шешімдерін көрсетіп, анықтап кету болған.

Абайдың мұралары қай уақытта болмасын, қазақ қоғамының әрбір уақыт жағдайында туындап отыратын мәселелеріне қажет тәжірибе. Ол қоғамының барлық мәселесін күні бұрын зерделеп, түйіндеп отырады. Өз заманында сырттан еніп жатқан идеологияның салдарынан өзгерген мінездің түптеп келгенде ұлттық мәселеге айналатындығын ескерген, сол үшін жауапсыздықпен, даңғойлықпен, надандықпен күресті. Қоғамның рухын қайта қалпына келтіруге ұмтылды. Ойшыл мұраларының бұндай терең деңгейде (әлемдік даналықтың тәжірибесін түгелімен қамтыған) жазылып, тарихта қалуы даналығы, ұлтжандылық қасиеттерімен қатар, еңбекқор, өз ісіне адал адам болғандығын көрсетеді. Ұлтының қасиетін алдыменен өзі иеленіп, даналығы, ақыл-парасаты, тұлғалық болмысы арқылы қоғамына көрсете білгенде, халықтың ұлттық санасының күшейетіндігін қазақ зиялыларының қашанда білгендігін олардың мұраларынан байқаймыз.

Ұлттық болмыстың рухани ұйытқысы, ұлттық сана. Сол кездегі қазақ қоғамындағы ұлттық сана мәселесіне қатысты Абай үшінші қара сөзінде былай деген: «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзі аз болатұғынының, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?!» [1.8-б.]. Ұлттық сана мәдениетті адамдардың азаматтық бірегейлігін, ел болмысының рухани тереңдігін негіздеп, зиялылардың қоғам алдындағы жауапкершілігін, бостандығы мен міндетін даралап отыратын қасиет, тарихи мәнге ие ұғым. Ұлттық сананы тарихи мәнге ие ұғым деп отырғанымыз, ел мәдениетінің қалыптасуында ұлттық сананың табиғаты, рухы ерекше көзге түседі. Атап айтсақ, сезімталдық, табандылық, биік адамгершілік, көркем мінез, сауаттылық, имандылық, терең білім, жауаптылық, іске тұрақтылық бұның барлығы ұлттық сана негізінде жеке адам мен ел болмысының бойында біріге алады, қоғамдық дамудың негізгі тірегіне айналып отырады. Абай мысал қылып көрсеткен  қаскүнемдік, жалқаулық, жағымпаздық, қызметке таласқыш келу өзіндік сананың тайыздығынан шығады. Ұлттық сананың жоқтығы, тарихи сананың әлсіреуінен көрінеді. Тарихи сананың қызметі адамның өзіндік санасының дұрыс қалыптасуына ықпал етеді. Тарих пен болашақ алдында өз-өзіне есеп бере алатын ұрпақтың түсінігі өзіндік санадан бастау алған. Өзіндік сананың дұрыс қалыптасуының шынайы көрінісі адамды әділеттілікке, шынайылыққа және биік адамгершілікке жетелейтін түсінік. Өзіндік сананың дұрыс қалыптасуының негізінде ұлттық сана қалыптасады. Абай өзіндік сананың тұтқасы (негізі) естілік деген: «Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.

Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей бойын сынатпай жүріп ізденеді екен» [1.32-б.]. Қоғам өміріндегі ұлттық сананың белгісі, басты бейнесі елдің бірлігінде, қоғам болмысының рухани тереңдігінде. Ұлттың бірлігінің қалыптасуы мен сақталып отыруына әсер ететін жекелеген адамдардың бірлігі, яғни, азаматтық бірегейлік. Абайдың бұл мәселеге қатысты көзқарастары сол кездегі қазақ қоғамында орын алған жағдайларға байланысты қалыптасқан. Абай заманында қоғамда орын алған жағдайлардың басым бөлігі жеке адам мен қоғамның психологиясымен тығыз байланысты. Атап айтсақ, ұлттық сананың әлсіреуі, қоғамдық болмыстың тайыздай түсуі, өзіндік сананың дүниелік нәрселермен шектеліп қалуы, ел мүддесіне қайшы келетін іс-әрекет түрлерінің орын алуына әсер еткен. Осының салдарынан қазақ қоғамының болмысына, тұтастығына сызат түсті, әр адамның жеке басының пайдасынан аса алмайтын қам-қарекеті ел мүддесіне қатысты мәселенің күшейіп отыруына себеп болды.

Әлеуметтік мәселелер жеке адамның өзіндік санасының деңгейімен шектелмейді, ұлттың болмысы мен мәдениетінің нығайып отыруына кедергі болатын мәселелер осы әлеуметтік мәселелердің қордалануынан туындайды. Әлеуметтік мәселелер дұрыс шешілмей, ұлттың мүддесіне қатысты мәселелер дұрыс қойылмайды. Кез келген қоғамның ішкі құрылымына қатысты дүниелер әлеуметтік мәселелермен тығыз байланысты келеді. Бұны Абай қоғам мүшелерінің деңгейімен, олардың бойларында ел болмысына жат әдеттердің күш алуымен түсіндіреді. Тағы да қайталап айтар болсақ, пайдакүнемдік, уақытша, өткінші, өзгермелі нәрселерге бой алдырудың салдарынан орын алатын қаскүнемдік қоғамының уақыттан ұтылып жүруіне әкеледі«Осы елдің үнемі қылып жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі – ұрлық, ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылып алып тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып беремін деп, даугерді жеп, құтқарамын деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал аламын деп, ұрыға атымды сатып пайдаланам деп, не өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең көп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр…»  дейді Абай [1.26-б.]. Мемлекеттің болмысы тарихи уақыт кеңістігінде өзіне дейінгі уақыт пен келер уақыт арасындағы ұлттық құндылықтарды жалғап тұратын көпір сияқты. Мемлекет болмысының оның құндылықтары негізінде уақыттың көпіріне айналып отыруы себебі, қоғамдық сананың деңгейіне тәуелді. Мәдениет, заң, саясат, білім неғұрлым өрісі кең, беделі жоғары болған сайын, оның деңгейі тереңдей түспек. Барлық нәрсе, барлық мәселенің санадан бастау алып, санаға келіп тіреліп отыратындығын Абай айтып отыр.

Мансапқорлық, жемқорлық, осыдан шығатын зұлымдық, жалқаулық, жағымпаздық қоғамның кемшілігі ғана емес, мемлекеттің өмірін жалғап отыратын ұлттың болмысын күйрететін нәрселер. Сондықтан, қоғамға тарихи сана, тарихи санадан шығатын өзіндік сана, ұлттық сана қажет. Бұлардың бірі дұрыс болмайынша қоғамдық болмыстың ішкі құрылымы сақталмайды.

Абай  қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге философиялық тұрғыда қараған адам. Ойшылдың қоғамдық мәселелердің орын алуы барысына философиялық негізде қарауы адам мен қоғам, ұлттық мүдде мәселесінің онтологиялық шешімдерінің нақты көрсетілуіне ықпал етті. Ендігі жерде елдің болашағына оның болмысының негізінде қарайтын болсақ, барлық мәселенің түйіні рухани негізге келіп тіреледі. Яғни, сана, тарихи тәжірибе, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиеленуі тиіс. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, насихаттайтын, өнегесі арқылы қоғамдық ортаға интеллектуалдық әсер қалдырып отыратын зиялылық. Қазақ қоғамындағы интеллигенттік сана мәселесіне қатысты Абай мынадай тұжырым жасаған: «Ұлықтар «пәлі-пәлі», бұл табылған ақыл деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, Құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр. Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді, шаруа да қылар еді. Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді» [1. 26-б.].

Адам өмірге, қоғам болашаққа биік санамен қарауы тиіс. Себебі уақыт адамнан ақыл сұрамайды, адам да, қоғам да уақыттан тәжірибе алған. Адамның уақыттан ақыл сұрауы бұл өнердің құндылығын түсініп, тәжірибені меңгеріп отыру ісімен тең. Абайдың айтып отырғаны мемлекет алдыменен уақыттан ұтылмауы тиіс. Мемлекет адамының бірлігі мықты болғанда ғана уақытқа ілесіп отырады. Қоғамдағы халықтың рухани болмысына жақсы әсер беретін деңгей, мемлекетшіл адамдардың мәдениеті қашанда елдің уақыт ағымына ілесуіне ұйытқы болған. Қоғамдық санадағы кемшілікті қоғамның өзі көтергенімен, уақыт көтермейді. Уақыт көтермеген соң ол кемшілік қоғамның негізгі проблемасына айналып, әлеуметтік проблемалардың туындауына себеп болмақ. Сондықтан, кез келген адам алдыменен қоғамды уақыт ағымына, яғни, мәдени дамуға байланыстырып отыратын әлеуметтік нормаларды меңгеруі тиіс. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса, айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – деп жазып кеткен ойшыл [1.32-б.]. Әр заманның қиыншылығы, жетістігі, өз кемшілігі бар. Кез келген адам өз болмысын парасаттылық деңгейіне көтеруде осы үш нәрсені ескеруі қажет. Өз болашағын елінің мүддесімен ұштастыратын, ел мүддесінің болашағына уақыттың заңдылығымен қараған адам, заманының жетістігі болып саналатын дүниелерді меңгеруге, сол арқылы қоғамын ілгерілетуге ұмтылады.

Елдің бірлігі зиялылардың қоғам алдында үлкен беделге ие болуынан шығады. Халықтың бойындағы қоғамға, мемлекетке деген сенім, халық пен биліктің арасын байланыстырып отыратын ұлттық идея мемлекеттің тұтастығын, тұрақтылықты сақтайды. Осы себептен Абай, «адамның адамшылығы істі бастағанынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес» деп айтып кеткен. Бұны ойшылдың қазақ зиялыларына, қоғамды басқаратын адамдарға арнаған үндеуі деп те айта аламыз. Себебі ойшыл айтқан бірліктің басы сенім, қоғамына адалдық, білім, адамгершілік. Адамгершілік тәрбие мен білім қатар өмір сүріп отырған ортадан бастау алады деген ой жатыр ойшыл мұраларында. Ұлттық мүдде құндылықтарын тарихтан келе жатқан аманат деп түсінетін елдің адамдары ендігі жерде жеке бастың қамынан әрі аса алмайтын болды. Бұл жағдай әрмен қарай бара берсе ел жойылмақ. Осы себептен Абай үшін ұлттың бірлігіне қызмет ету ұлттық сананы қайта қалпына келтіру ісімен тең. Қоғамның рухы әлсірей түскеннен кейін, қоғамның тарихи санасын қалыптастыратын құндылықтар зерттеліп жазылуы керек.

Ойшыл адамдардың өз қоғамынан оқшау тұрып, ел болашағын алыстан ақыл биігімен көрген деңгейінің өзі елдің басын біріктіріп отыратын дүние. Кез келген қоғамның қателігін түзеп отыратын уақыт. Уақыттың шындығы мен қоғамның кемшілігі бетпе-бет келген сәтте ұрпақ ойшыл адамдарының даналығына оралып отырады. Себебі зиялылар болмысы биік тұлғасымен ұлттық мүдденің рухани қазығына айналып отырған. Ұлтының келешегін ойлайтын ұрпақ алдыменен тарихтағы ұлт тұлғаларының өнегесін білуі тиіс. «Қай жұрттың болса да жаны әдебиет, –  деп жазады Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде жазған Абай туралы мақаласында, — жансыз тән жасымақ емес. Қайдан өрбігенін, қайда өскенін, ата-бабалары кім болғанын, не істегенін білмеген жұртқа бұл талас-тартыс тар заманда арнаулы орын жоқ. Сондықтан, Абайдың аты жоғалуы, мұнан кейін де шығатын Абайлар сондай ескерусіз ұмытылу ықтималы қазақтың жоғалуы, қазақ атты халықтың ұмытылуымен бірдей» [2. 104-б.].  Шынымен де ұлттық бірегейлік негізі, елдің бірлігі ортақ тарихи санадан, ұлттың руханияты мен мәдениетінен, ұлт тұлғаларының рухани тағылымынан келіп шығады. Ұлттың қалыпты өмір сүруі ұлттық мүдденің, оны қорғаудан шығып отырған тарихтың, ұрпақты тектілікке тәрбиелеп отырған ел дәстүрінен көрінеді.

Алаш зиялыларының ұғымында қазақтың руханияты құр әдебиет қана емес, оның бойында тарихи сана, тарих, тіл мен діл, дін мен дәстүр, өнер, білім, мәдениет бар.  Ұлт руханияты – ұлттық болмыстың тұлғасын сақтап отыратын құндылықтардың ұясы. Ұрпақтың ұлт тұлғасы деңгейіне жетуінің себебі ұлттық табиғатпен тәрбиеленіп, қоғам болмысының табиғатын сақтап отыратын ұлттың мәдениетіне үлесін қосып отыруында.

Абай даналығы – ұлттық рухтың негізі. Жаңа айтып өткеніміздей, ойшыл адамдар немесе нағыз зиялылар өз заманының шындығы мен шынайы дүниелерін толық біліп, мәдениетінің дамуына жаңаша серпіліс беретін адамдар. Осы жолда ойшыл адамдардың тұлғасына жүктеліп отыратын нәрсе, қоғамның санасы мен әлеуметтік танымын дұрыс бағытқа бұру болып табылады. Неміс философы И.Кант жазып кеткендей, «Адам даналығының кез келгенінің бастауы жүректің өлшеуге қиын тереңдеріне (тұңғиығына) үңілуге ұмтылатын өзін-өзі моралдық тану болып табылады. Шынында, тіршілік иесі ерігінің түпкі мақсатпен үйлесуінен тұратын даналық, ең алдымен адамның өз бойындағы ішкі кедергілерді жоюға ұмтыла түсуін, содан соң ізгі ықыластың ешқашан жоғалмайтын алғашқы нышандарын аялап жетілдіруін қажет етеді» [3.110-б.].

Абайдың ұлт ісіне араласып, қоғамдық ортадан даналығы, ұстанымы арқылы оқшау тұруының негізінде оның ұлттық рухының жатқандығын білеміз. Абай өзін ғана емес, ұлтының болмысын, адамзат мәдениетінің құндылықтарын, қоғамының жағдайын  алдыменен адамгершіліктің негізінен таныған адам. Ойшылды сол кездегі қоғамының жағдайымен кете беруді адамгершілігі жібермеді. Біздің ойымызша, адамгершілік, тәрбие заңына бағынған адамның мемлекетінің болашағына үлкен қауіп төндіріп тұрған нәрселермен келіспейтіндігі анық. Философ Кант айтқан кез келген ұлттың даналығының ойшылдың адамгершілік қасиеттерімен күш алатындығы осыдан-ақ белгілі. Бұны өлеңдерінде Абайдың өзі де айтып кеткен:

Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат, ғадауатпен майдандасқан

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?

 

Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?

Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?

Асау жүрек аяғын шалыс басқан

Жерін тауып, артқыға сөз болмай ма?

 

Сонда жауап бере алман мен бишара,

Сіздерге еркін тиер, байқап қара.

Екі күймек бір жанға әділет пе?

Қаны қара бір жанмын, жаны жара [4.199-б.]

Мемлекеттің болашағы ұлттың бірегейлігі мен бірлігінен, зиялы адамдардың бірігіп, қоғамға пайдалы іс атқаруынан шығады. Зиялылар ұлттың болашағына ортақ істерге біріге алмаса, қоғамда тұтастық, тұрақтылық сақтала бермейді. Үнемі ұрпақ алдында тұратын міндет, негізгі мәселе тарих өрісіндегі ойшылдарының рухани дүниелерін қоғамының игілігіне жарату, соның негізінде өз заманында орын алатын адам мен қоғам мәселесін ақыл мен білімнің таразысына салып отыру деп есептейміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Абай. Қара сөздері. – Алматы: Өнер. 2010. — 124 бет.
  2. «Қазақ» газеті / Бас редактор Ә.Нысанбаев. -Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. -560 бет.
  3. «Әлемдік философия». Жиырма томдық. «Кант және Гегель философиясы». 8-том.-Алматы:Жазушы, 2006. – 520 бет.

4 Абай. Қалың елім, қазағым…Өлеңдер – Алматы: Атамұра, 2002. – 224 бет.