Вторник, Апрель 16, 2024
Басты > Жаңалықтар > Кәсіпкерлік жоба: идеядан іске асыруға дейін

Кәсіпкерлік жоба: идеядан іске асыруға дейін

Жұбанов университеті Startup академиясының студенттері жоғары оқу орнының мерейтойы аясында 85 бизнес жобаны жүзеге асыруды мақсат етті. Бүгінгі таңда болашақ кәсіпкерлердің эко-сөмкелер тігу, қалалық компаниялар мен smm маркетинг курстары үшін тимбилдингтер ұйымдастыру сынды 30-дан астам идеясы жүзеге асырылды.

Өз ісін табысты жүзеге асырып жүргендер  қатарында кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттері Малика Қалиева мен Нұрсезім Кенжеғалиева да бар. Бүгінде олар  Startup академиясының жанындағы тігін шеберханасында  шығармашылықпен айналысады. Мұнда жоғары оқу орындары мен қалалық іс-шараларда өнер көрсету үшін әртістерге эскиздер әзірлеп, костюмдер тігеді және оқу корпустарына перделер тігумен айналысады. Сонымен қатар оқу ордасында мұндай студенттерге 30 пайыздық жеңілдікпен оқуға мүмкіндік беріліп отыр.

Пандемия кезінде Малика мен Нұрсезім университет  қызметкерлері үшін 1000-ға жуық қорғаныс маскаларын тігіп шығарды және қазіргі уақытта олар барлық қажетті қорғаныс құралдарын тігу, безендіру бойынша шеберлік сыныптарында сабақ беріп жүр.

Кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алған Жұбанов университетінің кәсіпкерлікті дамыту орталығының белсенді қатысушылары Малика Қалиева мен Нұрсезім Кенжеғалиева  түрлі республикалық байқаулардың жеңімпаздары.

Жұбанов университетінің кәсіпкерлікті дамыту орталығының жетекшісі Гүлназ Насамбаеваның айтуынша, орталыққа идеялармен және жобалармен келуші студенттер саны күннен-күнге артып келеді.

— Біздің міндетіміз — жастарға бағыт-бағдар беру, жобаны іске асырудың нақты жоспарын ұсыну. Ол үшін біз оқыту тренингтерін ұйымдастырамыз, кәсіпкерлерді тәжірибелерімен бөлісуге шақырамыз.

Сондай-ақ, университеттің барлық факультеттері арасында түрлі ойындар өткіземіз, онда білім алушылар үздік бизнес-идеяны қорғауда жарысады. Содан кейін олар қала көшелерінде, яғни  ақтөбеліктер арасында өз жобасының жарнамасын сынақтан өткізеді, — дейді орталық жетекшісі.

Айта кетейік, биылғы жылы Жұбанов университетінің Startup академиясында кәсіпкерлік негіздерін  Жоғары колледж бен Балалар университетінің білім алушылары «Бизнес» бағытын игеруде.