Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үй жағдайында бетперде дайындаудың әдісімен бөлісті

Үй жағдайында бетперде дайындаудың әдісімен бөлісті

Коронавирус бәсеңдейтін емес. COVID-2019 инфекциясының екінші толқыны бүгінде бірқатар елде белең алып барады.

Қазақстанның Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау өңірінде карантиндік шаралары күшейтілді. Қазірдің өзінде кәсіпорындардың жұмыс режимі қысқартылып, қала тұрғындарының бір-біріне қонаққа баруына тыйым салынды.

Қазірде CОVID-2019 пандемиясының сипатын ескере отырып, медициналық бетперде кию қажеттілігі жиі айтылып жүр.

Дәрігерлердің айтуынша, санитарлық талаптарды сақтау керек. Себебі, күн суытқан мезгілде коронавирус жұқпасы маусымдық тұмаумен бірге өршіп, пандемияның «екінші кезеңі» басталу қауіпі ықтимал.

Әлемдік індеттің дауасы әлі табылған жоқ. Бірақ сақтанудың жолдары бар. Ол – үйде оқшаулану. Сыртқа шыққан жағдайда бетперде киіп шығу маңызды. Сондықтан вирусты жеңбей, аталған өнімге сұраныс артпаса, төмендемейтіні белгілі. Десек те аурудан түгел қорғамаса да, вирусты сүзіп, әртүрлі инфекциядан минималды деңгейде қалқан болатын бетпердені мамандар үй жағдайында да дайындауға болатынын айтады.

Бұл ретте Жұбанов университетінің кәсіпкерлікті дамыту орталығының қатысушылары үй жағдайында бетперде тігуді үйретеді. Мұнда стартапшылар ең алдымен бетперде және медициналық қорғаныш құралдарын тігуде шеберлік сағаттарын өткізуді қолға алды.

Кәсіби-шығармашылық факультетінің білім алушылары мен университет жанындағы тігін шеберханасының шеберлері жұқпалы аурудан қорғайтын бетпердені қолдан тігудің қарапайым тәсілін көрсетті.

Бетперделерді тігу және оларды безендіру бойынша өткізілген шеберлік сағатын университеттің Startup академиясының әлеуметтік желілердегі парақшасының тікелей эфирінен көруге болады.