Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Тарихты зерделеу жалғаса береді

Тарихты зерделеу жалғаса береді

Жұбанов университетінде «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасын «аналитикалық зерттеу, өзектендіру және ақпараттық қолдау» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Ғылыми жоба аясында Ақтөбе қаласына арнайы іссапармен келген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты А.Т.Қайпбаева мен ғылыми қызметкер З.Б.Байжуманова тарих факультетінің профессор-оқытушылар құрамымен кездесті.

Басқосуда тарихшылар тарих саласын дамытудағы бүгінгі күннің өзекті міндеттерін ерекше атап өтті.

Қазақстандық қоғамды біріктірудегі интерактивті картаның рөлі туралы тарих ғылымдарының кандидаты А.Т.Қайпбаева айтып берді. Ол интерактивті картаны Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты География институтымен және ҚР БҒМ Ғылым комитетінің ақпараттық және есептеу технологиялары институтымен бірлесіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының 2017 жылғы 26 сәуірдегі ХХV сессиясында әзірлегенін атап өтті.

Сондай-ақ кездесуде Қазақстан халқы «интерактивті ғылыми тарихи картасының» өзектілігі, мақсаты мен міндеттері таныстырылды.  Картаның мақсаты — қазақ ұлтының ерекше мемлекет құраушы миссиясын ескере отырып, ежелгі қазақ жерінде барлық ұлттардың бірігу үдерісін егжей-тегжейлі көрсету.

Ғылыми картада Қазақстанның көп этностық халқының қалыптасуы, этностық топтардың тарихы мен мәдениеті, сирек кездесетін мұрағаттық және статистикалық деректер негізінде Астананың тарихы туралы ауқымды материалдар қамтылған.

Мұнда  тарихшылар ғана емес, басқа ғылым салаларының да білікті мамандары қатысып, өздерінің ойларын ортаға салды.

Кездесу барысында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Ғылыми кеңесінде баспаға ұсынылған «Цинская империя и казахское ханства. Вторая половина XVIII – первая треть ХІХ вв» жинағы факультет кітапханасы қорына табысталды.

Келелі кездесу Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ақтөбе облысының Ішкі саясат басқармасы ММ мен  «Қоғамдық келісім» КММ бірлесе ұйымдастырған интерактивті картаның таныстырылымымен өз жалғасын табатын болады.