Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Екі университет арасындағы ынтымақтастық нығаяды

Екі университет арасындағы ынтымақтастық нығаяды

Жұбанов университетінің Халықаралық ынтымақтастық орталығы Жібек жолы елдерінің университеттері мен консалтингттік компаниялары қауымдастығының бірлесе ұйымдастыруымен ҚХР Ляонин техникалық университетімен білім және ғылым саласы бойынша халықаралық онлайн кездесу өткізді.

Онлайн форматта өткізілген жиында Жұбанов университетінің стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры  Алтыншаш Бекбауова оқу ордасының қазіргі стратегиялық даму жайын баяндап,  білім беру, ғылыми және инновациялық қызметіне тоқталды.

Өз кезегінде Ляонин техникалық университетінің ректоры Лян Бин Ляонин университетінде білім алып жатқан шетел студенттерінің саны жылдан жылға артып келе жатқанын айтып, аталған оқу ордасындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы арнайы презентация жасады.

Басқосуға  Ляонин университетінің оқу ісі бөлімінің басшысы, халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры және тау-кен ісі, материалтану, жаратылыстану, құрылыс және траснпорт факультеттерінің декандары қатысты. Сондай-ақ,  онлайн кездесуге Жұбанов университетінің құрылым басшылары мен факультет декандары, кафедра меңгерушілері  қатысты.

Онлайн басқосуда студенттер мен магистранттарға арналған қосдипломды білім мен академиялық ұтқырлық бағдарламаларын насихаттау, оқытушыларға арналған халықаралық тағылымдамалар, ғылыми зертханалар ашу үшін шетелдік ғалымдармен байланыс орнату, бірлескен жобалар жасау және тағы да басқа өзекті мәселелер жөнінде талқылады.

Жиынға арнайы қатысқан Жібек жолы елдерінің университеттері мен консалтингттік компаниялары қауымдастығының президенті Нұржан Байтемиров  бірлесе жаңа жобалар дайындауда қос тараптың жұмысына сәттілік тілеп, қауымдастық тарапынан қолдау көрсететінін  жеткізді.

Одан кейін сөз алған  Халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Гүлжан Шоқым тау-кен ісі инженериясы, металлургия,  наноминерал шикізатын өндіру мамандықтары бойынша алдыңғы қатардағы Ляонин университетімен байланыс орнатуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашылатыны туралы өз ұсынысын білдіріп, болашақта бірлесіп жасалатын жобалар жөнінде баяндады.

Басқосу соңында қос тарап достық байланыстарды тереңдетуге ниетті екендерін жеткізді.