Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Мектептен университетке

Мектептен университетке

Жұбанов университетінің кәсіби бағдар беру және қабылдау комиссиясы бөлімі  13 қазаннан бастап «Мектептен университетке» атты облыстағы және қаладағы мектеп түлектерімен бірқатар онлайн кездесулер өткізуді бастады.

Аталған кездесу мектеп түлектеріне бағыт-бағдар беру, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын одан әрі дамыту, ауылдық жердегі кадр тапшылығын жоюды бірлесе шешу мақсатында құрылған «Жұбанов керуені» жобасының жалғасы.

Еске салсақ, Жұбанов университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтің бастамасымен бірінші мәрте бастау алған «Жұбанов керуені» жобасы былтырғы жылдың қазан айынан бастап Ақтөбе облысының барлық ауыл-аймағын аралаған болатын.

Жоба аясында университет өкілдері Ақтөбе облысының Алға, Қобда, Темір, Байғанин, Мұғалжар, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау, Ырғыз, Әйтеке би, Шалқар, Ойыл аудандарындағы үш жүзден аса мектептерде, 3300-ге жуық мектеп  түлектерімен кездесті.

Жоба барысында пәндік негізде кеңестер беру және мектеп ұжымы мен факультет ұжымының тәжірибе алмасуын жүзеге асыру, теориялық білім мен практикалық дағдыны бірлесе қалыптастыру мақсатында аудан мектептерінде университеттің 16 кафедра филиалы ашылып, жергілікті атқарушы билік пен университет арасында тығыз байланыс орнату мақсатында бес ауданда меморандумдарға қол қойылды. Сонымен қатар «Жұбанов керуені» жобасының аясында 45 мектеп  бітірушіге білім грантының сертификаты табысталды. Онымен қоса жобаның «Мамандығыңды дұрыс таңда!» акциясына қатысушылар арасынан 36 мектеп бітірушіге  оқу ақысына жиырма бес пайыз жеңілдік беретін арнайы сертификаттар берілді.

Биылғы оқу жылында пандемияға байланысты мектеп оқушыларымен кездесулер онлайн форматта өтуде. Мұнда Жұбанов университетінің мамандары Хромтау, Мәртөк, Бестамақ, Қобда орта мектептерінің, сондай-ақ қаладағы №27 және №20 мектептердің оқушыларымен кездесті.

Кездесуде жоғары сынып оқушылары  академиялық ұтқырлық, қосдипломды білім беру, тілдік курстар, ҰБТ-ға қабылдау және тапсыру шарттары және өзге де өзекті сұрақтарға толық жауап алды.

Кездесулерге 9-11 сынып оқушыларынан басқа ұстаздары мен ата-аналары қатысуда.

Университеттің кәсіби бағдар беру және қабылдау комиссиясы бөлімінің ұйымдастырған  шарасы қала мен облыстың барлық мектептерінің инстаграм парақшаларында жалғасады.