Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай елімізде көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Ұлы Абайға деген құрмет еш уақытта бәсеңдемек емес.
Күні кеше ғана С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы «Шын хакім — сөзің асыл, баға жетпес» атты республикалық әдеби онлайн-байқауын өткізді.
Онлайн-байқау ақын шығармаларын насихаттау, жастардың арасында туған жер, ұлттық мәдениет пен құндылықтарға деген сүйіспеншілікті арттыру, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылды.
Байқауға ұлы ақынның шығармаларын сүйіп оқитын жоғары сынып оқушылары, арнайы және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Байқауға қатысушылар «Абай — менің жүрегімде» Абай Құнанбайұлы туралы ең үздік шығармалар, «Туған өлке» тақырыбындағы ең үздік шығарма (эссе, повесть, әңгіме); «Туған ауыл» тақырыбындағы ең үздік поэтикалық шығарма (өлең) номинациялары бойынша өз жұмыстарын ұсынды.
Байқау қорытындысында Жұбанов университетінің филология факультетінің 3-курс студенті Ұлжан Айжарыққызы бас жүлдені жеңіп алды.
Ұйымдастырушы тараптан жеңімпаз-жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.
Айта кету керек, байқауға қатысушылардың өнерлерін өңірге танымал ақындар мен сөз өнерінің майталмандары бағалады.