Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > Спорт саласының өзекті мәселелері талқыланды

Спорт саласының өзекті мәселелері талқыланды

Күні кеше Жұбанов университетінің «Дене тәрбиесі теориясы мен әдістемесі» кафедрасында «Қашықтан оқыту жағдайында спорт пәндерін оқыту әдістемесін іске асыру тәжірибесі» тақырыбында халықаралық онлайн-семинар өтті.

Семинарды  Быдгощ қаласы Экономика университеті Дене шынықтыру институтының директоры, профессор Александр Скалий «Қашықтан оқыту жағдайында жүзуді оқытудың теориясы мен әдістемесі бойынша сабақтарды іске асыру тәжірибесі» тақырыбындағы баяндамасымен конференция жұмысын ашып берді.

Одан кейін Барнаул қаласы Алтай мемлекеттік университет «Дене тәрбиесі» кафедрасының доценттері Галина Денисова мен Елена Романова «Алтай мемлекеттік университетінің арнайы бөлімінің студенттерін элективті пәндер бойынша қашықтан оқыту тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Тікелей видео байланыс форматында өткен семинарда танымал ғалымдар мен зерттеушілердің ғылыми баяндамалары тыңдалды.

Мұнда Орынбор мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Сергей Агеев және  Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Нуролла Мамбетовтің, Жұбанов университетінің профессоры Төлеген Ботағариевтің баяндамалары оқылып, өзара талқыға түсті.

Екі  сағатқа созылған семинар соңында ғалымдар ауқымды  ойларын ортаға салып, көкейкесті мәселелер төңірегінде сөз қозғалды.