Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Латын әліпбиі: тарихы мен мәселелері» халықаралық онлайн конференциясы ұйымдастырылды

«Латын әліпбиі: тарихы мен мәселелері» халықаралық онлайн конференциясы ұйымдастырылды

2017 жылдың 20 қазанында филология факультеті теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасы «Жұбановтану» зертханасының жоспарына сай «Латын әліпбиі: тарихы мен мәселелері» халықаралық онлайн конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияның ашылуында ғылым және инновациялар жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының докторы Р.А.Бекназаров латынға көшу мәселесінің өзектілігіне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Конференция жұмысының модераторлық қызметін факультет деканы, филология ғылымдарының докторы К.Садирова атқарды.

Конференцияға Түркияның Стамбул университетінен профессор Бинер Исмет, Азербайжаннан «Эге» университетінің докторанты Туркана Гусейнова, Түркменияның «Мармара» университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Марал Баратова, Өзбекстаннан Йылдыз техникалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Мамура Маметкулова, Қазақстанның іргелі оқу орындарынан – Сүлеймен Демирел атындағы университет профессоры Құралай Күдеринова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты Ақымбек Съезд қатысып, латын әліпбиіне көшу мәселелерін талқылады. Конференцияда теориялық және қолданбалы тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Н.Сәдуақас, филология ғылымдарының докторы К.Садирова баяндама жасады.  Филология факультетінің студенттері мен магистранттары, оқытушылары тарапынан сұрақтар қойылып, қызу талқыланды.

Конференцияның электронды нұсқада жинағы дайындалып, сайтқа орналастырылатын болады.