Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Республикалық байқаудың жеңімпаздары

Республикалық байқаудың жеңімпаздары

Жұбанов университетінің кәсіби-шығармашылық факультетінің студенттері «Музыкалық білім» бағыты бойынша өздерінің үздік екендіктерін бірнеше рет дәлелдеді.

Жас музыканттар қашықтан оқыту кезеңінде өнертану ғылымдарының кандидаты Абдрашид Раимбергеновтің жетекшілігімен бірнеше онлайн сайыстарға қатысып, үздік нәтижелер көрсетті.

— Менің басты ұстанымым — бірінші курстан бастап студенттердің дайындығын күшейту керек.  Сонда ғана екінші курста білім алушылар өз бетінше жұмыс істей алады, импровизация жасайды. Өз шеберліктерін шыңдай алады және әртүрлі деңгейдегі жарыстарда өзін көрсетіп, университетіміздің атын тек жақсы жағынан шығарады деп ойлаймын, — дейді А.Райымбергенов.

Айта кетейік, музыканттар  соңғы кездері Тараз және Алматы қалаларында өткен республикалық шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болды.  Байқауға қатысқан университет студенттері Дәурен Асу, Исламбек Әбдісамат және Өркен Қадыров Гран-приге ие болса, Нұрдәулет Бердібаев 1 орынды еншілеп қайтты.

Студенттердің айтуынша, музыка — олардың болашағы. «Біз университетті бітіргеннен кейін сабақ береміз. Білімді басқаларға беру үшін біз мықты маман болуымыз керек. Сондықтан, біз үздіктердің қатарында  болуға тиіспіз», — дейді олар.