Вторник, Октябрь 4, 2022
Басты > Жаңалықтар > Ақиық ақынның құрметіне арналды

Ақиық ақынның құрметіне арналды

Жұбанов университетінде Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды  насихаттау мақсатында «Ақтөбе ақтаңгерлері» деген жоба бастау алған болатын. Соның бір қадамы ретінде бүгін университет мерейтойы аясында  ақын Төлеген Айбергенов атындағы конференц-зал ашылды.

Салтанатты шараға Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары  Мейрамбек Шермағамбетов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Ақұштап Бақтыгерева, Байбота Қашым-Ноғай, Жанат Әскербекқызы  бастаған белгілі қаламгерлер,  мемлекет және қоғам қайраткерлері, ардагерлер, меценаттар, ғалымдар қатысты.

Тұсаукесер рәсімін кіріспе сөзімен ашқан ректор Бауыржан Ердембеков   ақынның құрметіне ашылған залдың  Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды насихаттау мақсатында «Ақтөбе ақтаңгерлері» ауқымды жобасының  нәтижелі жұмыстарының бірі екендігін тілге тиек етті.  Өз кезегінде университет басшысы ақиық ақынның қызы Салтанат Айбергеноваға «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Шарада қазақтың біртуар қаламгерлерінің бірі Төлеген Айбергеновке арнап ашылған конференц-залдың  лентасын көрнекті ақындар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері,  ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегерлері  Ұлықбек Есдәулет пен Ақұштап Бақтыгереева қиып,  ақтөбеліктерге  ақжарма тілегін айтты.

Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қазақтың руханиятын, әдебиеті мен қаламгерлерін қолдау мақсатында университетте  қолға алынған бастамаларға ризашылығын жеткізді.

Одан кейін ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері  Ақұштап Бақтыгереева Төлеген Айбергенов жайында ағынан жарыла сөз сөйлеп, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасын қалдырған замандасының сыр-сипатына ерекше тоқталды.

Төлеген Айбергенов 1967 жылы Қаскелеңге келгенде мен 22 жаста болатынмын. Қаскелеңде  филологиядан практика өтіп жатқан кез еді. Көп студент. Бәріміз мектепте араласып тұрамыз. Сабақ бітіп, үш қыз жалдаған пәтерге кетіп барамыз.  КазПИ-дің студент жігіттері: «Қыздар, келіңдер мұнда, ақын жігітпен танысасыңдар!» деп айқайлады. Ондай тәрбие жоқ бізде. Мойнымызды бұрдық та, кетіп қалдық. «Анау сары қыз, өлең жазады, Оралдың қызы» дейді біреуі. Содан Төлеген намыстанып, «Оралдан ұшқан көк қаршыға» өлеңін жазды:

«Сен маған душар болдың,

Батқанда бақтар сырға.

 Мен саған сусар болдым,

Қатқанда қақтар шыңға.

Деміме мынау алқынған,

Сен енді тоқтарсың ба,

 Оралып ұшқан алдымнан,

Оралдан ұшқан көк қаршыға!». Мен де ақын өлеңіне жауап бердім, — деді А.Бақтыгереева.

Сөз соңында А.Бақтыгереева Төлеген Айбергеновтің  қазақ поэзиясында алар орны ерекше екенін айтып, ақынның туған жерінде оның есімін ұлықтап жатқан азаматтар мен университет басшылығына  алғысын білдірді.

Айта кету керек, кабинетке ақынның еңбектері мен портреттері қойылып, ол туралы жазған қаламгерлердің ұлағатты сөздері ілінген.

Кеште ақынның перзенті әрі ақын шығармашылығын зерттеуші ретінде Салтанат Айбергенова әкесі туралы  естеліктермен бөлісті.

Талантты ақын – ұлттың болмысы. Бірақ бұл бақыт кез келгеннің қолына түсе бермейтіні баршамызға аян. Көбіне таланттар өнермен ғана өмір сүріп, ғұмырын соған қияды, оның да нәтижесі аян: шеккен шынайы азап, жан құлшынысы бекерге кетпейді – мұраң мәңгілік сөресіне қойылады.  Менің әкем Төлеген Айбергенов те  сондай мұрасы  келер ұрпаққа аманат болып қалған ақындардың бірі. Ақын өмірі уақытпен, замана екпінімен өлшенбейді. Олар әр ұрпақпен бірге жасайды. Мен мұны әкем болғандықтан емес, артында қалдырған шағын болса да салмағы зор шығармашылығы арқылы айтып отырмын, – деді Салтанат Төлегенқызы.

Салтанат Айбергенова әкесінен 7 жасын­да айырылған. Сондықтан барлық балаға әке қандай болса, ол да солай қабылдаған. Бала кезінде әкесінің ақын екенін, өлең жазатынын, тіпті өлеңнің не екенін түсінбеген шағы еді. Бүгінде Салтанат Төлегенқызы  филология ғылымдарының кандидаты, доцент, отыз жылға таяу Абай атындағы Қазақ ұлттық педгогикалық университетінде ұстаздық етіп келеді. Айтуынша, ақиық ақынның мерейтойы, шығарма­шылық кештері тек халықтың арқасында өтуде. Халықтың арасындағы азаматтардың еңбегінің арқасында  Төлеген Айбергеновтің есімі ұмытылмай келеді.

Тұсаукесер рәсімінде ақынның қызы Салтанат Айбергенова отбасында ұстап, тұтынған ыдыстарын, әкесінің жейдесін, отбасылық фотоальбомдарын, «Айбергенов әлемі» журналының топтамасын табыстады.

«Айбергенов әлемі» журналын ашудағы діттегенім де осы әкем жайында мен білмейтін дүниелерді іздеп табу, жарыққа шықпаған өлеңдері табылып қалады-ау деген ниетпен тың туындыларын толықтыру болды. Бұл басылымда әкем жайындағы сыни пікірлер, арнау өлеңдер, бүгінгі жас толқын ақындардың сатиралық, прозалық еңбектері жарық көреді. Меңзеп отырғанымдай, дәл осы “Айбергенов әлемі” арқылы қолдауға зәру жас таланттар жырлары жұртшылыққа кеңінен дәріптеліп, танылмақ, — дейді С.Айбергенова.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар бұл жиынның ұйымдастырылуын туған әдебиетімізге деген жанашырлық қадам ретінде, үлкен жақсылықтың нышаны ретінде қабылдайтындарын жеткізді.

Ата-бабасы киелі Ақтөбе жеріне қоныстанған, мәңгілік сағынышты жырлаған ақын Төлеген Айбергенов отыз жылдық қысқа ғұмырында өмірге құштар болып, сезімге толы туындыларын сыйлап үлгерді. Қара сөзге қанат бітірген ақын өлеңдерінің табиғаты тереңдеп барып, Мұқағали жырларымен үндеседі. Иісі бірдей аңқитын жырларға қарап-ақ қалың қазақты сүйгендерін анық аңғарасың. Туған күндерін тойлауды армандап өткен атпал азаматтар бұл тойды тойлауды ұрпақтарының еншісіне қалдырса керек. Жұртына қаншалықты қапа болса да, кінәні өздерінен іздеп, халқын қаралаудан аулақ болды. Былайша айтқанда, жалған дүниеде сағынышты серік еткен ол, жырларын жүрекпен ғана жеткізе алды. Сезімталдықтың сарсаңы жанына жармасып, күллі дүниені жанына жақын қабылдай отырып, түсіністікпен талдады. Бәлкім сондықтан да болар, оның ақындық қабілеті рухани дүниелерді толық қамтыса керек. Айбергенов әлемін бойлау тек сыршыл табиғат пен жанымен сезіне оқыған оқырманға ғана бұйырмақ.

«Сағынбай барсақ, таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақ тап.

Ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап»… Жырларына сағыныш пен табиғаттың тылсым сырларын арқау етіп, сұлулықпен сырласқан Төлеген туындылары қазақтың қара өлеңінің қайталанбас қазынасы болып қала бермек.