Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Т.Айбергенов пен Қ.Мұханбетқалиұлы есімдері ұлықталды

Т.Айбергенов пен Қ.Мұханбетқалиұлы есімдері ұлықталды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде талантты ақын Төлеген Айбергенов атындағы конференц-зал мен белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы кабинеттің ашылуы өтті.

Аталған шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова, Қажығали Мұханбетқалиұлының зайыбы Сұлуханым Ілиясова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шараға жиналған жұртшылық алдымен талантты ақын Төлеген Айбергенов атындағы конференц-залдың ашылуына қатысты. Конференц-залдың лентасын Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен ақын Ақұштап Бақтыгереева кесті.

Басқосуда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков Төлеген Айбергеновтің атажұрты Ақтөбе өңірі екендігін, ал конференц-залға ақын есімі берілуі оған деген зор құрметтің белгісі екендігін жеткізді.

Бұдан кейін шарада Ұлықбек Есдәулет ақын есімі берілген кең залдың заманға сай жабдықталғанына риза болып, жиналғандарға жылы лебізін білдірді.

— Төлеген ағамыз мәңгілік жастықтың, сағыныштың символындай ақын еді. Біз бала кезімізден оған еліктеп өстік. Біздің поэзиядағы ұлы ұстазымыз деп Төлеген ағамызды ауыз толтырып айта аламыз. Себебі біз, бізден кейінгі толқын да осы Төлеген ағамыздың өлеңін жаттап өсті. Былтыр облыс әкімі Оңдасын Оразалин бастаған ақтөбеліктер Қарақалпақстанға барып, ақын рухына тағзым етіп қайтты. Бүгін, міне, сол игілікті істі университет басшылығы жалғастырып, ақынға құрмет көрсетіп отыр. Сондықтан барлығыңызды осы залдың ашылуымен құттықтаймын, — деді ол.

Шарада сондай-ақ қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева ақтөбеліктерге жүрекжарды тілегін айтып, ақынды құрметтеген университет ұжымына алғысын білдірді.

— Бүгін қазақ поэзиясына Қасымнан кейін құбылыс болып келген Төлеген Айбергеновке Ақтөбе жерінде ерекше құрмет көрсетіліп жатыр. Бұл — қазақ поэзиясы және біз үшін үлкен қуаныш. Ұлыларын ұлықтаған, ардақтаған елдің қашан да абыройы арта береді. Бүгінгі бастама — ертеңгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сондықтан мен ұстаздар қауымына, осы білім ордасының басшылығына ерекше алғысымды айтамын, — деді А.Бақтыгереева.

Шара барысында Төлеген Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова жиналған жұртшылыққа және университет ұжымына ризашылығын жеткізіп, конференц-зал мұрағатына әкесінің көйлегі мен отбасылық альбомдарын сыйға тартты.

Бұдан соң жұртшылық Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы кабинеттің салтанатты ашылуына қатысты.

Кабинеттің лентасын қиған жазушының зайыбы Сұлуханым Ілиясова мен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет жиналғандарға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, қаламгер туралы естеліктерімен бөлісті.

Шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет пен «Қабақ баба» қоғамдық қорының төрағасы Амантай Үмбетай Сұлуханым Ілиясоваға камзол кигізіп, сый-құрмет көрсетті. Ал университет ректоры Бауыржан Ердембеков жазушының жарына «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне 85 жыл» мерекелік медалін табыстады.

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет жиналған жұртшылықты жаңа оқу кабинетінің ашылуымен құттықтап, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде үздіксіз еңбек етіп келе жатқан университет ұжымына сәттілік тіледі.

Айта кету керек, аталған оқу кабинетіне жазушының өмірбаяны мен суреттері, еңбектері қойылған.

                                                                                                                  Данагүл ҚАЗИХАН

aqtobegazeti.kz