Суббота, Октябрь 1, 2022
Басты > Ел жаңалықтары > Ғалымдардың әкімшілік жүктемесі

Ғалымдардың әкімшілік жүктемесі

Министрліктің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі ғалымдарға әкімшілік жүктемені төмендету, бюрократиялық процедураларды азайту және процесстерді автоматтандыру болып табылады. Ғалымдар артық рәсімдермен емес, тек ғылыммен айналысуы керек.
Бұл үшін ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті базалық, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру қағидаларына өзгерістер енгізілген.
Енгізілген өзгерістер ғалымдардың әкімшілік ауыртпалығын едәуір азайтып, әдістемені анықтауда және ғылыми жобаларды басқаруда тәуелсіздік береді.
ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІСТЕР ЕНГІЗІЛДІ?
Қаржыландыруға өтінім беру рәсімі жеңілдетілді. Енді өтінім беру кезеңінде әр позиция бойынша үш баға ұсынысын емес, тек біреуін ғана беруге болады. Пандемия кезінде көптеген жоба жетекшілерінде ғылыми жабдықтарды, реагенттерді және басқа да материалдарды жеткізушілерден, әсіресе шетелдік компаниялардан үш баға ұсынысын беруде қиындықтар болды. Алайда бұл жабдықтар мен материалдарды жеткізушілер енді бағаны көтере алады деген сөз емес. Әрбір өтінім экономикалық сараптамадан өтеді, егер жабдықтың немесе материалдардың бағасы жоғары болса, оларды сатып алуға келісім берілмейді. Сондай-ақ бюджеттік өтінімді жоба мақұлданғаннан кейін және шартқа қол қойғаннан кейін ғана үш баға ұсынысымен беру қажет. Егер жеткізуші табиғи монополия субъектісі болса немесе тауарға айрықша құқығы болған жағдайда, сондай-ақ зертханалық жабдықтарды немесе материалдарды сататын жалғыз тұлға болса, бір ғана баға ұсынысы талап етіледі.
Жоба мен бағдарламалар аясында ғылыми жетекшілер зерттеу топ мүшелерінің жалақысын өз бетінше жоспарлай алады. Еңбекақының төлену әдісі жеңілдетілді. Нәтижесінде өтінім беру кезінде қаражатты тиімді пайдалануды жоспарлауға мүмкіндік туды. Сондай-ақ зерттеу тобы мүшелерінің жоба барысында қандай жұмыспен айналысатынын ғылыми жетекші өзі айқындай алады.
Бюрократиялық рәсімдер едәуір қысқарды. Енді жобаларды жүзеге асыру кезінде зерттеу тобы өз бетімен жұмыс істейтін болады. Бағдарлама мен жобаларды орындау барысында қаржы үнемделсе, ғылыми жетекші шығындарға жұмсалатын қаражатты қайта бөлуге құқылы. Ол бір жылға бекітілген қаржыландыру көлемінің шеңберінде жүзеге асырылатын болады. Осыған дейін ол үшін жетекші Ұлттық ғылыми кеңеске жүгініп, келісімін ұзақ уақыт күтетін еді. Бұл жағдай жұмысты тиімді жүргізуге кедергі келтіретіні белгілі. Тек шет елдерге қызметтік іс-сапарларға және ғылыми-ұйымдастырушылық мәселелері бойынша сүйемелдеуге қаржыландыруды ұлғайтуға рұқсат берілмейді.
Ғалымдарға жобаларды жүзеге асыру кезінде еркіндік берілді. Енді ғылыми жетекшілер зерттеу әдіснамасына өз бетінше, қосымша келісімдерсіз, сондай-ақ мақсат, міндеттерін және күтілетін нәтижелерін өзгертпей-ақ түзетулер енгізуге құқылы. Бұрын ғылыми жетекші осындай әрбір мәселе бойынша Ұлттық ғылыми кеңеске жүгініп, келісімін күтуі керек болатын. Бұл зерттеу тиімділігін төмендетіп, көп уақытты алды.
Енді жобаларды бағалау оңайырақ болады. Өйткені оларға қажет ақпараттың көп бөлігі аңдатпада жазылған. Гранттық қаржыландыруға арналған өтінімдер аңдатпасының мазмұнында төмендегідей мәселелер көрсетілуі керек:
1. зерттеу нәтижелерінің ғылыми ұйымдар мен олардың ұжымдарының, сондай-ақ ғалымдардың ғылыми-техникалық әлеуеті мен бәсекеге қабілеттілігіне әсер ету дәрежесі;
2. нәтиженің практикалық маңыздылығы, яғни олардың елдің әлеуметтік-экономикалық және ғылыми-технологиялық даму міндеттерін шешу үшін коммерцияландыруға немесе қолдануға дайындығы.
Бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған өтінімдердің аңдатпаларында мынадай негіздеме болуы керек:
1. елдің әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттары үшін зерттеулер нәтижесінде шешілетін міндеттердің өзектілігі;
2. күтілетін нәтижелердің экономиканың және (немесе) ғылымның нақты салаларына әсер ету дәрежесі.
Біз ғалымдарға әкімшілік жүктемені төмендету және ғылымның көрсеткіштерін жақсарту бағытында жұмысты жалғастырамыз.