Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Меценаттар марапатталды

Меценаттар марапатталды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне биыл — 85 жыл. Мерейтойға арналған шара аясында университет ардагерлері мен меценаттарын марапаттауға арналған шара ұйымдастырылды.

Алдымен аталған оқу орнының ректоры Бауыржан Ердембеков сөз алып, университет жетістіктері туралы айтты.

Ақтөбеде 1935 жылы  ең алғаш жоғары білім беретін екі жылдық Ақтөбе мұғалімдер институты ашылып, жоғары оқу орнының іргесі қаланды. Университет өзінің 85 жылдық жарқын тарихында Қазақстанның саяси-әлеуметтік және экономикалық  өмірінің қалыптасуы мен дамуына  зор үлес қосты.

Шара барысында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің дамуына үлес қосқан құрметті қонақтар мен бірқатар ғалымдарға  Алғыс хаттар мен «Құдайберген Жұбанов» төсбелгісі, «Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне — 85 жыл» мерекелік төсбелгісі табысталды. Аталған оқу ордасының мерейтойы аясында 85 студент «Құдайберген Жұбанов атындағы грант» иегері атанса, 1200-ге жуық 1-курс студенті мемлекеттік және жергілікті бюджет гранттары есебінен оқиды. Биыл 72 студент меценаттардың қолдауымен 33 миллионнан астам теңгеге тегін оқуға мүмкіндік алды. Мерекелік шара аясында  тағы 10 меценат университет студенттеріне 3 миллион теңге көлемінде стипендия табыс етті.

Айта кету керек, Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды насихаттау мақсатында университетте «Ақтөбе ақтаңгерлері» атты үлкен жоба іске асуда. Соның бір парасы — оқу ғимараттарына халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің, тарихшы-ғалым Бекежан Сүлейменовтің, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның есімдері берілді. Университет қаржысы, эндаумент қоры және меценаттардың көмегімен өңірге белгілі тарихи тұлға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне арналған арнайы оқу кабинеттері ашылды.  Сыйымдылығы 100 адамға дейін Құдайберген Жұбанов, Тахауи Ахтанов, Әбіш Кекілбаев, Өтежан Нұрғалиев атындағы конференц-залдар пайдалануға берілді. Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалының кабинеті, Дербісәлі Беркімбаев, Тілеу батыр, Қабақ батыр, Бақтыбай батыр атындағы зияткерлік ойындар орталығы, Әлім Алмат, Досжан хазірет, Бекежан Сүлейменов, Әлия Молдағұлова, Тобық Жармағамбетов, Сағи Жиенбаев, Елтоқ Ділмұхамбетов, Бәкір Тәжібаев, Рабиға Сыздық, Есет Жұбанов, Дәулет Үмбетжанов, Амантай Өтегенов, тағы басқа айтулы тұлғалар мен Ауған соғысы ардагерлері атындағы дәрісханалар танымдық-тәлімдік маңызы зор орталықтарға айналды. Жабдықталған дәрісханалардың бірсыпырасы Арынғазы Беркімбаев, Қанатбай Елеусізұлы, Роман Рахиев, Амантай Үмбетай, Марат Қойлыбаев, Бақтыгерей Адманов, Ақылбек Дадин, Олжас Баянов, Қуанышбай Байекешов, Жалғас Сағынов бастаған жиырмадан астам меценаттың қаржысына жабдықталды.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті 85 жыл ішінде батыс өңірінің кадрлар даярлайтын ұстаханасына айналды.

 

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

 

aqtobegazeti.kz