Жұбанов университеті мен М. Оспанов атындағы Батыс-Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлегі Рүстем Исаев Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалды.
Рүстем Исаев еңбек жолын 1993 жылы Хромтау аудандық орталық ауруханасының реанимация бөлімінің санитары қызметінен бастаған. Әр жылдары Ойыл аудандық орталық ауруханасында хирург-дәрігер, дәрігер-анестезиолог-реаниматолог, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, Хромтау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері болып еңбек етті. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне тағайындалар алдында Ақтөбе медициналық орталығын басқарды.
Сондай-ақ, университеттің «Қазақстан тарихы» мамандығының 2003 жылғы түлегі Рафхат Бисенов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұйрығымен Рафхат Бисенов Агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы лауазымына тағайындалды.
Еңбек жолын 2003 жылы Ақтөбе қаласындағы №51 гимназияда тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастаған. 2005 жылы мемлекеттік қызмет саласындағы алғашқы лауазымы – Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекші маманы қызметіне келген.
2006-2007 жылдары аталған бөлімде бас маман, 2007-2012 жылдары Ақтөбе қаласы әкімі аппаратында ұйымдастыру және кадрлармен жұмыс бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарған.
2012-2014 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бас маманы, консультант-инспекторы, одан кейінгі жылдары департаментте бөлім басшысы, басқарма басшысы болған. Меритократия қағидатына сәйкес департаменттегі барлық қызмет сатысынан өткен Рафхат Бисенов 2016 жылдан бастап осы кезге дейін аталған департамент басшысының орынбасары қызметін атқарды.