Суббота, Январь 23, 2021
Басты > Жаңалықтар > ЦИФРЛАНДЫРУ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ

ЦИФРЛАНДЫРУ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ

Мемлекет пен қоғамның мемлекеттік басқару, экономика, денсаулық сақтау, білім беру және тағы да басқа салаларын цифрландыру бүкіләлемдік тенденция болып тұрғаны бәрімізге мәлім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап кеткендей, цифрландыру ұлттық бәсекелесттікке жетудегі негізгі құралымыз болып отыр.

Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қолданылатын Жұбанов университетіндегі жаңа технологиялар ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа таныстырылды. Өзінің екі күнге созылған жұмыс сапарын Алик Жатқамбайұлы Жұбанов университетінде аяқтады.

Ақтөбе өңірлік университетіне кезекті рет ат басын тіреген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы оқу орнындағы цифрландыру бағытында жасалынып жатқан жұмыстарға жоғары баға беріп, оқу орны жүзеге асырып отырған жобалар тек бір өңірде ғана емес, сондай-ақ, республика көлемінде барлық сала қызметкерлеріне үлгі болуы керек екендігін атап өтті. Сонымен қатар, бүгінгі кездесудің басты мақсаты сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау саясатын жан-жақты түсіндіру екеніне тоқталған Алик Шпекбаев, цифрлы университет жобасының бұл бағытта берері мол жоба екенін алға тартты.

Қазіргі таңда, Жұбанов университеті цифрлы университет жобасын сәтті жүзеге асырып отырған оқу орындарының бірі. «Темірқазық» студенттерге қызмет көрсету орталығы, Ситуациялық орталық, «Univer» бағдарламасы, автоматтандырылған кітапхана, IT кабинеттер және зертханалар, онлайн тренажерлар, виртуалды зертханалар, университеттің автономды білім беру порталы оқу үдерісімен біргелікте жұмыс жасауы, оқу үдерісін оңтайландырып, білім сапасын жоғарылатып қана қоймай, сыбайлас жемқорлықтың орын алу қауіпін төмендетуге ықпал етеді. Сондықтан заманауи цифрлық технологияларды қолдану сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Былтырғы жылы АӨУ SmartARSU мобильді қосымшасы іске қосылған болатын. 2020 жылдың қараша айына дейін аталмыш қосымша арқылы 13 мың пайдаланушы 60 мыңға жуық онлайн-қызметке жүгінсе, Студенттерге қызмет көрсету орталығындағы «бір терезе» қағидасымен жүзеге асқан қызмет саны 23 мыңға жетті.

Биылғы жаңа оқу жылында SmartARSU мобильді қосымшасы студенттерге арналған жаңа қызмет түрлерімен толықты. Енді білім алушылар онлайн түрде тек университетте оқып жатқандығы туралы анықтама, әскери бөлімге анықтама, ҚОТ бойынша білім алып жатқан студенттерге шақырту, студенттердің жеке мәліметтеріне өзгерістер енгізу, академиялық анықтама, транскрипт, есеп қағазын толтыру сияқты қызметтерден басқа, жатақханадан орын алу және студенттік ұйымдардың жұмысына қатысуға да онлайн түрде тіркеле алады. Мұндай мобильді қосымшаның студенттерге, әсіресе, қашықтықтан білім алуға мәжбүр болып тұрған кезде өте қолайлы екені анық.
Сыбайлас жемқорлық қауіпін төмендету үшін университетте қағаз құжат айналымы айтарлықтай қысқартылды. Соңғы үш жыл ішінде оқу үдерісінің негізгі кезеңдері «Univer» жүйесіне ауыстырылды. Студенттердің сабаққа жазылуы, әр сабақ бойынша емтихан және аралық бақылау тапсыру, студенттердің оқу үдерісіне қатысуы, білім берудегі жетістіктерін бағалау (ағымдық, межелік бақылау) электронды түрде жүзеге асырылуда. Студенттердің жеке оқу жоспары және транскрипті автоматты түрде жасалынады. 2017 жылдан бері сынақ кітабы, студенттік билеттер, тьютор журналы қолданылмайды.

Бұған қоса, 2020 жылы Жұбанов университетінің оқу үдерісін, студенттердің оқу үлгерімін автоматтандыратын жаңа, өзінің прокторинг жүйесі бар автономды білім беру порталы құрастырылды.

Оқу үдерісін автоматтандыру барлық факультетте қарқынды дамуда. Мысалы, болашақ металлургтер үшін жаңа оқу жылында мобильді қосымша арқылы қосылатын, практикалық сабақтарға арналған виртуалды тренажер және зерттеу құрылғылары, 3D Атлас виртуалды зертханасы, «Автомобильді жүйе» тренажер-имитаторы, «Болат өндірісінің теориясы және технологиясы» виртуалды зертханасы, ұңғыны жөндеу тренажер-имитаторы және тағы басқа да нысандар іске қосылды.

Университетте Тәртіптік-сыбайлас жемқорлыққа қарсы кеңес құрылып, жұмыс жасауда. Білім беру үдерісін ұйымдастыру тәртібін анықтайтын және білім беру сапасын тұрақты мониторингтеу үшін негіз болып табылатын ЖОО-ның Академиялық саясаты да жаңартылды, академиялық адалдық кодексі бекітілді.

Универ — жоғары оқу орнын басқарудың корпоративтік ақпараттық жүйесі сияқты электрондық сервистері, сонымен қатар, академиялық адалдық қағидаларын сақтауға арналған және студенттердің жазбаша жұмыстарын, дипломдық жобаларды, магистрлік диссертациялар мен ғылыми мақалаларды тексеру үшін қолданылады Турнитин — плагиатқа қарсы құжаттарды тексерудің бірыңғай жүйесі белсенді түрде пайдаланылады.

Салтанатты шара соңында студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиені қалыптастыруды көздейтін Zhubanov University Адалдық мектебінің спикері және жас оқытушы Райбек Сағадатов астаналық қонақты мектеп жұмысымен таныстырып, оған университет тарихынан сыр шертетін мерейтойлық кітапты сыйға тартты.