Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақ әдебиетінде жаңа есім – Әлихан Нұрбергенұлы

Қазақ әдебиетінде жаңа есім – Әлихан Нұрбергенұлы

Бүгін Zhubanov University жаңартылған кітапханасында Жоғары колледж ұйымдастыруымен жас қаламгер Әлихан Жақсылықтың тырнақалды шығармаларының бірі «Алты құрлық» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Әлихан Жақсылық Zhubanov University түлегі, Жоғары колледж маманы. Оның аты Республика көлемінде жақсы танымал, көптеген республикалық айтыс додаларының жүлдегері.  «Balapan» телеарнасының  тапсырысы бойынша түсірілген «Ырысты ыдыстар» мультхикаясы да Әлиханның қаламынан шыққан туынды.

Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан университет ректоры Бауыржан Ердембеков: «Әлихан бірінші курсқа оқуға түскен кезден бастап өзін жақсы қырынан көрсетіп келеді. Бірінші курсқа түскенде ол Жұбанов грантын ұтып алған болатын. Қазіргі таңда ол поэзиядан прозаға көшкен, эксперименттерге батыл баратын эксперименталды жазушы. Әлиханға айтарымыз қаламың қолыңнан түспесін. Әлі де көп жетістіктерге жетуді тілейміз» — деп, оның жетістіктеріне тоқталып өтті. Сондай-ақ университет басшысы жас қаламгердің республикалық арнадағы жұмыстарымен танысып, болашақта бірлескен жобалар жасауға ұсыныстар тастады.

Шараға жиналғандар арасында құрметті орынға ие болған Әлиханның ұстазы Бауыржан Бабажанұлы: «Бүгін шынымен де қазақ әдебиетінің тойы. «Қазақ әдебиеті» газетінде Әлиханның «Жан азасы» деген әңгімесі шығып, бүкіл жазушылардың назарын аударуы үлкен сенсация болды,» — дей келе, шәкіртінің алғашқы әңгімесінің республикалық газетке қалай шыққандығы туралы қызықты ақпаратпен бөлісті. «Облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының қолдауымен он жас жазушының кітаптары жарыққа шыққан болатын. Тоғыз ақынның ішіндегі, бір жазушы болған осы Әлихан еді. Мен қазақ әдебиетіне мықты жазушы келді деп батыл айта аламын. Кітабың құтты болсын Әлихан» — деп тілегін жаудырды Бауыржан Бабажанұлы.

Жас қаламгер бүгінгі жеткен жетістіктеріне себепші болған өзі білім алған қара шаңырақ ректоры Бауыржан Амангелдіұлына, ұстаздарына, ұжымдастарына алғысын жеткізіп: «Мен өз шығармаларымды жазғанда ешқандай дінге, моральға, қандай да бір адамгершілік қағидаларға қайшы келмейтін біздің салтымызды, ата-бабамыздан қалған құнды жәдігерлерімізді негізге алдым» — деді. Сонымен қатар, университеттің 85-жылдығын тойлау барысында бастау алған «85-жылдыққа 85 кітап» акциясын қолдаған жазушы университет кітапханасына өзінің су жаңа кітабының он данасын тарту етіп, дүйім жұрт алдында өзінің қатысуымен  түсірілген «Үкілі әуен» және «Ырысты ыдыстар» мультпликациялық хикаясынан үзінділерді көрсетті. Жиналған қауым жас автордың жуырда жарыққа шығатын жаңа жобаларымен де бүгінгі кеште танысты.