Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбеліктер Қажығали есімін ұлықтады

Ақтөбеліктер Қажығали есімін ұлықтады

Жұбанов университетінде Ақтөбенің киелі Байғанин топырағынан шыққан қаламгер, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қажығали Мұханбетқалиұлын еске алу кеші өтті.

Қазақ әдебиеті мен публицистикасында ерекше орын алған қаламгер көзі тірі болғанда  бүгін 78 жасқа толар еді.  Дегенмен, оның артында ұлағатты ұрпағы, өмір бойы көз майын тауысып жазған толымды еңбектері қалды. Жазушының қаламынан туған шығармалар бүгінгі қазақ прозасының құнды қазынасы іспетті.

Қажығали Мұханбетқалиұлы — қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар танымал жазушы. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарынан бастап қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен таныла бастаған Қажығали Мұханбетқалиұлының «Жұлдызды түндер», «Тоғай сыбдыры», «Жаңғырық», «Қайдасың, сен махаббат», «Жалғыз жиен» кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ, Қажығали Мұханбетқалиұлы Р.Акутагаева, С.Моэм, Ги де Мопассан, Д.Фонвизин, басқа да шетелдік қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне аударған. Оның әйгілі «Тар кезең» тарихи романын оқырман қауым жақсы біледі. Онда Сырым батыр бейнесі, сол кездегі күрделі кезең толығымен сипатталған. Суреткер осы туындысы арқылы 2014 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.

Бүгін Жастар сарайында өткен «Қаламгер, қайраткер Қажығали» тақырыбындағы еске алу кешіне Қажығали Мұханбетқалиұлының тума-туыс, дос-жарандары, зиялы қауым өкілдері, әдебиетсүйер қауым, студент жастар, журналистер қатысты.

Жиынды Жұбанов университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры,    тарих ғылымдарының докторы Рахым Бекназаров жүргізді.

Алдымен жиналғандарға «Қазақстан» телеарнасы әзірлеген «Қаламгер» атты фильм ұсынылды. Шараны кіріспе сөзімен ашқан Жұбанов университетінің ректоры,  профессор Бауыржан Ердембеков қабырғалы қаламгер, университеттің құрметті профессоры Қажығали Мұханбетқалиұлының кезінде оқу ордасында өткізілген айтулы шараларға қатысып, салмақты ойларымен,  зерделі естеліктерімен жас ұрпақ санасына руханият уызын сіңіре білгенін жеткізді.

Бауыржан Ердембековтің айтуынша, Ақтөбе ай­мағындағы  тарихи тұлғалардың есімдерін қайта жаң­ғырту мақсатында соңғы жылдары университетте «Ақтөбе ақтаңгерлері» ауқымды жобасы қолға алынған болатын. Соның бір қадамы ретінде Жұбанов университетінің 85 жылдық мерейтойы аясында филология факультетінде Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы кабинет ашылды. Кабинетте Қажығали Мұханбетқалиұлының  өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптар, оның зерттеулері, мақалалар мен жазушы жайлы ұлы тұлғалардың пікірлері, естеліктер қойылған.  Студенттер  мұнда жазушының шығармашылығымен танысып қана қоймай, туындыларын зерделейді.

Кеш барысында филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Мира Балтымова жазушы­ның өмірі мен әдеби мұрасы хақында әсерлі баян­дама жасады.  Бұдан соң тарихи тақырыптарға қалам тартып жүрген тағы бір жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әнес Сарай өзі дос тұтқан Қажығали Мұхамбетқалиұлының шығармашылығы туралы естеліктермен бөлісті.

Өз кезегінде сөз алған   Бауыржан Бабажанұлы, Амантай Үмбетайұлы, Еркін Құрманбековтер жазушының әдебиеттегі алатын орны туралы толымды ойларын айтып,  кемеңгер қаламгердің адами қасиеттері хақында толғана әңгімеледі.

Еске алу шарасына қатысқан қаламгердің  інісі Көбеген Ермұханбетұлы отбасылық ғұмыры мен жазушылық қыры туралы естеліктерімен бөлісіп, шараны ұйымдастырған университет ұжымына ризашылығын білдірді.

Шара аясында   қаламгер шығармаларынан үзінділер оқылды,  Нұртуған жыраудың термесі орындалды.  Сонымен бірге, Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы шәкіртақы алғашқы иегеріне тапсырылды. Оқумен қатар қоғамдық жұмыстардағы белсенділігімен көзге түскен «Дене шынықтыру және спорт» мамандығының 3 курс студенті Бауыржан Сәдіров Қажығали Мұханбетқалиұлы атындағы атаулы шәкіртақыға ие болды. Сондай-ақ, «Қазақстанның минералды суы» ЖШС директоры Бердібек Шәкірбекұлының атынан  «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3 курс студенті Ұлжан Айжарыққызына  шәкіртақы сертификаты   табысталды.

Бүгінгі жиында Қажығали Мұханбетқалиұлы өмірінен, өмірлік көзқарасы, шығармашылығы мен бұрын соңды біз білмеген қырлары жайлы талай әңгіме айтылды. Қайраткердің көзін көрген буынның әсерлі әңгімесі конференция залында отырған өскелең ұрпақтың түпкі санасына жетті деп анық айта аламыз. Тұлғаның туындылары, шынайы образдарға толы шығармалары барда қаламгердің  есімі ешқашан ұмытылмайды.