Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет ашылды

Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет ашылды

Жұбанов университетінде сатирик, жазушы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасы мен халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Үмбетбай Уайдин атындағы кабинет ашылды.

Үмбетбай Уәйдаұлы —  1935 жылы 10 қарашада Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты Темірастау ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген.

Ақтөбе облысының Шалқар, Ырғыз аудандарының құрметті азаматы, Қазақстан сатириктерінің «Найзагер» қауымдастығы президентінің орынбасары. Қазақ радиосы, «Ара-Шмель» журналы, Қазақфильм киностудиясы, «Өнер» баспасы, Қазақстан кітапқұмарлар қоғамы мен Жазушылар одағында әр түрлі қызметтер атқарған. Көп жылдан бойы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дың журналистика факультетінде және Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын дарынды балалар мектеп-интернатында ұстаздық еткен.

Жекелеген кітаптары орыс, украин, қырғыз, қарақалпақ, тува тілдеріне аударылған. «Қара көзілдірік», «Ендігісін айтпаймын», «Құрдым сиыр», «Ендігісін айтпаймын», «Ішің білсін», «Біз былай байығанбыз», «Оңашадағы ойлар»,  «Контейнермен келген кемпір», «Тілсіз қоңырау», «Быды-быды», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Пәлен-пәштуан», «Әумин!», «Атың кім, әй?», «Алло, бұл кім?» сынды өлеңдер және әзіл- сықақтар жинақтары жарық көрген.

Аталған шараға жазушының тума-туыстары мен зиялы қауым өкілдері, университеттің профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Ашылған кабинеттің лентасын ақын, публицист Мейірхан Ақдәулетұлы мен  жазушының аяулы жары Мариям Алданова қиып, ардагер ұстаздар шашу шашты.

Басқосуда университет ректоры Бауыржан Ердембеков жазушының әдебиеттегі орны ерекше екенін айтып, жаңа кабинетке  Үмбетбай Уайдин есімі берілуі оған деген зор құрметтің белгісі екендігін жеткізді.

— Белгілі тұлғалардың есімімен оқу кабинеттерін ашу — бұл университетімізде қалыптасқан жақсы бір дәстүр. Бұл үрдіс Ақтөбе өңірінен шыққан әйгілі тұлғаларды насихаттау мақсатында «Ақтөбе ақтаңгерлері» деген үлкен жоба аясында іске асып отыр. Өйткені, сол тұлғаларлың өмірі, шығармашылығы мен қайраткерлігінен бүгінгі жастар тәрбие алуы қажет. Бұл  жерде оқылатын дәрістер мен дөңгелек үстелдер ерекше бір сезімде өтуі тиіс. Бұл – ұрпақ жадында қазақтың біртуар тұлғаның есімін сақтауға бағытталған шара деп ойлаймын, — деді ректор.

Сөз соңында университет басшысы жазушының жарына арнайы «Қ.Жұбанов медалін» табыстады.

Өз кезегінде  жазушының жары Мариям Алданова жаңа кабинеттің заманға сай жабдықталғанына риза болып, университет басшылығына жылы лебізін білдірді.

Бұдан соң ақын Мейірхан Ақдәулетұлы жазушы  туралы естеліктерімен бөлісті.

— Үмбетбай аға екеуміз бір ауылданбыз. Ағаның тағдыры оңай болған жоқ. Ол тағдырдың қиын­дығын өзінің маңдай терімен, ерен еңбегімен жеңді. Оқыды, еңбек етті. Ауылдағы өзінен кейінгі жас буынға үлгі болды. Біздің ауылдан шыққан тұңғыш журналист еді.
Азаматтық деген ұғымды Үмбетбай ағамыздың болмысынан танитынбыз. Адамгершілік жолынан қия бас­пайтын, ешкімнің ала-жібін аттамайтын адамдардың тәрбиесін бойына сіңірді. Бала күнімізде үлкендер бізге «Өтірік айтсаң Жаныс атаңның әруағы атып кетеді», – деп қорқытатын. Үмбетбай аға – сол Жаныс атамыздың ұрпағы. Жаныс би – киелі, әулие адам болған.

Үмбетбай аға бір жақсылық болса «маған болсын» деген жоқ, елге, халыққа себім тисін деп еңбек етті. Оның сықақтары да адамның жанын қажамай, әлпештеп отырып күлдіретін. Адам кемшілікті көргісі келмегені үшін сатира жазады ғой, Үмбетбай ағаның сатирасы – шуа­ғы бар сатира еді. Қазақ қаламгерлерінің барлығы ол кісіні жақсы көрді, құрметтеді , — деді ол.

Жиында «Ақтөбе» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы мен   Қазақстан Журналистері одағының мүшесі Әділкерей Әуелбаев  сөз сөйлеп, өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде үздіксіз еңбек етіп келе жатқан университет ұжымына сәттілік тіледі.

Шара соңы университет студенттерінің  орындауындағы Үмбетбай Уайдиннің  сөзіне жазылған  Емберген Терековтің «Шалқар вальсі» атты әнімен түйінделді.

Айта кету керек, аталған оқу кабинетіне жазушының өмірбаяны мен суреттері, еңбектері қойылған.